Жамбыл облысы: Рамазан айына арналған онлайн брифинг өтті

Жамбыл облысы: Рамазан айына арналған онлайн брифинг өтті

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бүгін баспасөз орталығында ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы бас имамы, "Һибатулла Тарази" мешітінің бас имамы Бейбіт қажы Мырзагелдиевтың қатысуымен Рамазан айына байланысты онлайн брифинг өтті. 

Баспасөз мәслихатын «Ақ жол», «Жамбыл-Тараз», «Арай», «Ғұмыр дария», «Знамия Труда» газеттері мен «Қазақстан Тараз», «77» арналарының тілшілері онлайн тамашалады. Шарада Рамазан айының артықшылығы, мұсылман халқының аталған айды тойлауы, ондағы сауаптар мен ерекшеліктер сөз болып, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының халыққа үндеуі жеткізілді. 

Бас имам Бейбіт қажы Мырзагелдиев өз сөзінде: "Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Қасиетті айда адам баласы көбірек жақсылық жасап, ізгі амалдарды атқаруға тырысады. Ораза пендені тақуалыққа тәрбиелейді. Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі ай. Биыл исі мұсылман жұртшылық асыға күткен қасиетті ай сәуірдің 24 жұлдызында басталады, ал 23 сәуірде тарауық намазы оқылады және ораза 30 күнге толмақ. Ұлық ораза айт мерекесі 24 мамырда аталып өтіледі. Қадір түні мамырдың 19-нан 20-на қараған түні," - деп атап өтіп бүгінгі күллі әлемді аузына қаратып, уайым мен сарсаңға салған індет коронавирус пандемиясы салдарынан мешіттерде жамағатпен намаз оқуға уақытша тыйым салынғанын, тарауықтың мешіттерде оқылмайтынын еске салды. 

"Биыл пітір садақасы жан басына – 370 теңге болып бекітілді. Ал биылғы фидия мөлшері оразаның әр күні үшін 1700 теңге деп бекітілді. Карантинге байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мобильді қосымша арқылы пітір беру жолдарын қарастырды. Каспи банк пен діни басқарма бұл турасында келіссөз жүргізді. Нәтижесінде, KaspiGold қосымшасында пітір-садақа бөлімі қосылып, ақша аударуға мүмкіндік туып отыр," - дейді Бейбіт Әліпбекұлы.

Рамазан айында ауызашар берудің сауабын білмейтін адам кемде-кем шығар. Алайда бүгінгі оқиғаларға байланысты бұл сауапты амалды қалай жасаса болады? Бұл жайлы ҚМДБ-ның Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Жұқпалы індеттің таралуының алдын алу мақсатында мешіттерде, дәмханаларда, қоғамдық орындарда т.б. мекемелерде жиналып ауызашар беруді уақытша тоқтатуға шақырамыз».

Ақерке БЕКҚҰЛОВА,

"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: