Икрима ибн Аббастан риуаят етілген хадисте Алла елшісі (с.а.с): «Ережеп – Алланың айы, Шағбан – менің айым, ал Рамазан – үмметімнің айы», – деген. Міне, осы бір Алланың айы болған қасиетті айдың ерекшелігін бағамдап, сауабын үзіп алып жүрген жоқпыз ба? Бұл ай несімен ерекше? Қайтсек, қандай сауапқа кенелеміз, деген сауалдардың дәйекті жауабын берген жиын өтті.
Бүгін Жамбыл облысының рухани жүрегі болған "Һибатулла Тарази" мешітінде ақшам намазынан соң аталған тақырыпты жан-жақты талдаған уағыз айтылды. Үгітті "Һибатулла Тарази" медресесінің ұстазы, қалалық "Кеңесхан қажы" мешітінің наиб имамы Әлимұханбет Егізбаев жүргізді.
Мұса ибн Имран Әнас ибн Мәліктің естігенін былай деп баяндайды. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Жәннатта бір өзен бар. Ол өзеннің аты – Ережеп. Сүттен ақ, балдан тәтті. Кімде-кім ережеп айында бір күн ораза тұтса, Алла тағала ол кісіге сол өзеннен сусындауды нәсіп етеді», – деп ережеп айында ораза ұстауға үмметін ынталандырған.
Осынау ұлық айдың ерекшелігі турасында қойылған және басқа да шариғи сауалдарға дін маманы жауап беріп, мысалдар келтіріп өтті.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА,
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі.