Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде: «Кім де кім Алла разылығы үшін мешіт салса, Алла оған жәннаттан үй тұрғызып қояды» - деген.
Алланың қалауымен және Аллаға шынайы ықылас білдірген ағаларымыздың себепші болуымен көне шаһарымыздың Арай шағын ауданында тағы бір көрікті де зәулім мешіт тұрғызылып, мешітке Алланың 99 көркем есімдерінің бірі «Әл-Әділ» есімі берілді. Бүгін мешіттің салтанатты ашылуына арнайы құрметті дін қызметкерлері келіп, жергілікті жамағат қонақтарды қуанышпен қарсы алды.
Рәсім Жалғасбай Дүйсенбайұлының Құран оқуымен басталып, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті ректорының кеңесшісі Ержан қажы Малғажыұлы мешіт салу туралы сөз сөйледі. Ержан қажы Малғажыұлы өз сөзінде: «Мешіт салу Алла алдында ең ұнамды әрі сауабы мол амалдардан. Міне бүгін осындай қуанышты сәтте, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған кезеңде Алла үйі салынып, құлшылық етуге, барлық діни рәсімдерді атқаруға жағдай жасалып отыр. Ата-бабамыз аңсап кеткен игіліктерге, Аллаға шүкіршілік етеміз!»- деп, ең бастысы руханиятымызды, дініміз бен дәстүрімізді ардақтауға, имандылыққа шақырды.
Келесі кезекте көпшілікке Серікбай қажы Ораз Сатыбалдыұлы өркениеттің бастауы көне Тараз халқымен амандық сұрасқаннан соң, мешіт нығметтері туралы уағыз айтты. Алла тағала тура жолға бастау үшін мешіттің айналасын берекеге толтырып қояды екен. Мешіт адамдарды ақиқат пен ізгілікке бастап, тәрбие мектебі болады. Жер бетінде мешіт ашылғанына мұсылмандар қалай қуанса, аршыда Алланың әмірімен періштелер де солай қуанады екен. Сондай-ақ, ең алғаш қазақ даласына келген ислам баспалдағы киелі Тараз қаласынан басталып, Әулие ата жерінде алғашқы мешіт салынғанын айтып өтті.
Серікбай қажы Сатыбалдыұлы «Әл-Әділ» мешітінің имамы болып Сыбанбайұлы Расылхан, ал наиб имамы болып Дүйсенбайұлы Жалғасбай тағайындалған бұйрықты оқып, табыстады. Бұл қызметке дейін Сыбайбайұлы Расылхан Тараз қаласындағы «Кеңесхан қажы» мешітінің наиб имамы қызметінде болған.
Жаңа мешітке кірген жамағат Серікбай қажының жүргізуімен жұма уағызын тыңдаған соң, 300-ге жуық мұсылман жұма намазын оқыды. Дұға жасап болған көпшілік «Меруерт» мейрамханасында дастарханда бас қосты.
Жиын соңында шынайы пейілімен Алла үйінің салынуына себепкер болған Оразалы ағамызға, барлық ат салысқан бауырларымызға, ұйымдастырушыларға үлкендер алғысын айтып, дұға жасады.
«Кеңесхан қажы» мешітінің баспасөз қызметі