ҚМДБ-ның әйел-қыздар секторы, Тараз қалалық орталық «Кеңесхан қажы» мешітінде мешіт ұстаздарының ұйымдастыруымен «Бала тәрбиесі» және «Ата анаға құрмет» тақырыптарында уағыз айтылды. Жиынға ұстаздар мен жамағат шақырылып, қасиетті Құран оқылуымен басталды.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Әкесінің баласына жасаған ең үлкен сыйы- жақсы тәрбие»,- деген.
Мешіт ұстазы Жібек Қолағұлова көпшілікке іс-тәжірибеден өтуші, «Үшқоңыр» медресе колледжінен келген тәлімгер Ләйлә Абдурашидқызын таныстырып өтті. Ләйлә Абдурашидқызы ата-ананың бала алдындағы міндеттері, оның ішінде балаға жақсы ат қою, ақиқа жасау және дәстүрлі Ислам дінімен тәрбиелеудің маңыздылығы туралы айтты. Сондай-ақ, ата-ананың алдындағы баланың міндеттері жайлы қасиетті Құран аяттары мен әлем сардары Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбарымыздың хадистері баяндалды.
Жамбыл облысы бойынша әйел-қыздар секторының жетекшісі Гүлжан Серікқызы сөз сөйлеп, ұйымдастырушы «Кеңесхан қажы» мешітінің ұстаздарына және тәлімгерге алғысын білдірді.
Тыңдаушылар арасынан көпті көрген әжелеріміз жастарға өз ойларын, даналыққа толы ақылдарын айтып өтті. Жиын соңында көпшілік дастарханда бас қосып, апалар бата берді.
«Кеңесхан қажы» мешітінің баспасөз қызметі