Жамбыл облысының рухани жүрегі болған орталық "Һибатулла Тарази" мешітінің ауласында жаңа заманауи үлгіге сай үлкен дәретхана салынбақ.
Аталған құрылыс нысаны бүгін өз жұмысын бастап та кетті. Алдағы уақытта әдеттегіден көбірек адамды сыйғыза алатын тазалық орнының қабырғасы қалана бастады. Ғимарат 16х18 көлемді құрайды.
Бүгін ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы өкілі, осы мешіттің бас имамы Қанат Жұмағұлдың өзі ғимарат кірпішін "бисмилләмен" бастап қалады. Іс-шараға кәсіпкер, мешіт қызметкерлері мен құрылысшылар қатысты.
Дәретхана құрылысы сөзге кішігірім ғана жағдай болып көрінетін шығар, бәлки. Алайда облыстық мешітке ағылып жататын, жұма сынды айтулы күндері ұзын-сонар кезекке тұратын жамағат үшін бұл зор қуаныш. "Тазалық - иманнан" дейді шариғатымызда. Ендеше, ең алдымен намаздың кілті болған дәретімізді реттейтін орынның халыққа ыңғайлы, барлық жағдайы жасалған (жылы суы бар, таза) болмағы керек-ті.
Мұхаммед пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) «Дін – бұл тазалық», «Тазалық – иманның жартысы» деп келген мүбәрак хадистерінен діндегі тазалықтың маңыздылығын ұғына түсеміз.
Құрылыс аяқталып, тазалық үйінің қолданысқа берілген күнін алда хабарлайтын боламыз. Жаңалықтарды жіберіп алмаңыздар!
Ақерке БЕКҚҰЛОВА,
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі.