Шу ауданы тағы бір мешітпен толықты

Шу ауданы тағы бір мешітпен толықты

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бүгін Шу ауданындағы мешіттердің қатары толығып, Алға ауылдық округы Сауытбек салдың есімімен аталатын ауыл тұрғындарының игілігіне берілді.

Алла үйі мешіттің ашылуына қуанып келген ағайынның қарасы қалың болды. Мешіттің ашылу салтанатына ҚМДБ Жамбыл облысындағы өкілі, "Һибатулла Тарази" мешітінің бас имамы Қанат Әділханұлы Жұмағұлов келіп қатысты.

Қасиетті Құран оқылуымен басталған шарада бірқатар ел азаматтары сөз сөйлеп, мешітке есімі тағайындалған дін қайраткері Асайын кәлпенің өмірінен үздік сыр шертіп, көзін көрген кісілер естелік айтты. Сондай-ақ, Қанат Әділханұлы еліміздің бас мүфтиі, ҚМДБ төрағасы Серікбай қажы Ораздың бұйрығымен тағайындалған Шаттық Қамаубаевты ауыл жұртына таныстырды. Жуырда ғана жарық көрген Құран Кәрімнің аудармасын сыйлап, Алла үйінің ашылуымен құттықтады.

Мешіт құрылысын мойнына алып, демеушілік жасаған ауыл азаматы, ел ағасы Жақсығұл Әлдибайұлына ауыл жұртшылығы ат мінгізіп, иығына шапан жапты. Ақ жаулықты аналар шашу шашып, аудан халқы құтты болсын айтысты. Шу аудандық "Төле би" мешітінің бас имамы Аят қажы Дыбысұлы мешіттің ашылуына себепші болған ер-азаматтарымызға алғысын айтып, батасын жаудырды. Салтанатты жиынға келген жұртшылыққа құттықтау сөзін айтып, мешіттің көркі жамағат деп, ауыл тұрғындарын мешітке келіп тұруларына шақырды.

Келбеті көркем мешіттің лентасы қиылып, жамағат екі рәкәғат намаз оқыды. Аптаның ардақты күні жұмамен қатар келген мешіттің ашылуына орай арнайы ас беріліп, Құран оқылды. Жамбыл облысыстық Һибатулла Тарази мешітінің бас имамы Қанат Әділханұлы аталмыш мешітте «Тақуа құлдың сипатты» атты тақырыпта уағыз айтып, жұма намазын жүргізді.

Осы игі іске куә болған балуандардың тұлпарлары тыпыршып, көкпардың басталуын асыға күтті.

                                                          Талғат Кәрібайұлы

Шу аудандық Төле би мешітінің баспасөз қызметі

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: