Өз-өзіне қол жұмсаудың себептері

Өз-өзіне қол жұмсаудың себептері

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қазақ халқы тарихында қанша нәубетті, ашаршылықты, саяси қуғын-сүргінді, бопсалауды, кемсітуді көрсе де жасымаған халық. Елеуде есі ауысқан біреу болмаса, өз-өзіне қол жұмсапты дегенді естімегенбіз. Өмірінде келген әрбір қиыншылықты Алланың сынағы деп қасқайып қарсы алатын қайсар да қайратты ұлт едік. Өкінішке орай бүгінгі статистика масаттанып отырған көңілімізге су сепкендей.

Егеменділік алдық, енді дербес ел боламыз деп жүргенде, өз өмірінен түңілгендерді, болашағынан үміт үзіп, өз-өзіне қол жұмсағандарды күнде көріп жүрміз. Қайсар да қайратты ұлттың жасықталып бара жатқанына күйінбеске шара жоқ.

Бір ұлттың сағын сындыратындай осы қасіреттің түп себебі неде? Әсіресе, біз сеніп отырған жастарымыз неге өз-өзіне қол жұмсайды. Қоғамтанушылар оған әрқилы тұжырымдарды мысалға қояды. Қайсы біреулер – әлеуметтік жағдайдың төмендігінен дейді. Мәселен мектептегі оқушыны алайық. Баласы үшін аспандағы айдан басқасын әпере алар бақуатты отбасылар бар, ол үйдің балалары сыныбына айфонмен келеді. Оны көрген қатарластары қызығады, сөйтеді де, қыңқылдап, қинап жүріп үлкендерге әлгіндей затты қарызға болса да алғызады. Ал шамасы келмеген қайтеді? Ол қараптан қарап тұрып, құрбыларының алдында жағымсыз кейіпкерге айналады. Айналасындағылар мұны кекететін болады. Айфоны болмағаны үшін, дос етпейді. Ал шеттетілген бала не етеді? Өзін қор сезінеді. Университетте оқитын бозбаланың да суицидке баруына осындай жайттар себеп. Ойнап-күлуге ақшасы жетпейді. Содан бүйткен өмір бар болсын деп, ғұмырын өз қолымен тоқтатады. Бірақ, әлеуметтік жағдайдың төмендігінен дейтін нұсқаны қолдайтындарға неге бай балалары да өз-өзіне қол салуда, десең, жым болады. Расымен, не ішіп, не жеймін деп уайымдамайтын дәулетті әулетте неге суицидке көп баратындар бой көрсетіп жүр?

Енді біреулер суицидтің себебі – отбасындағы махаббаттың аздығынан, қоғамның тым қатігезденіп кеткенінен дейді. Бұл ұстанымды ұстанатындар, адамның өзін-өзі өлтіруіне оның әлеуметтік ахуалының ешбір қатысы жоқ, - дегенді айтады. Мысал етіп, Жапония мен Шведцарияны келтіреді. Бай–бақуатты дамыған мемлекеттер материалды құндылықтары болғанмен, дүние үшін таласқан жыртқыштық өмірден құлазыған жан дүниелері үнемі үрей, қорқыныш, құлазудан тынышталмайды. Өз ұрпағына сенбейтін қатал бір өмірде өмір сүреді. Сол үшін бе олардың жасөспірімі түгілі, ересек ақыл тоқтатқандарының өзі өмірінен түңіліп баз кешіп жатады.

Әлбетте бұл да бір ақиқатқа жақынырақ қоғамтанушылардың бір тұжырымы. Бірақ байқасаныңыз, барлық осы келтірген, келтірілмеген тұжырымдардың ортақ бірігетін жері бар. Ол туралы көп айтыла бермейді. Адам өмірінің құны мен бағамы, ол не үшін өмірге келді, не үшін өмір сүреді? Неге ол бұл өмірде мәңгі өмір сүрмей, өлуі тиіс? Бұл сұрақты әрбір адам өзіне жеке қалғанда қояр, бірақ жауабын тек оның діннен табады.

Адам, ол Алланың махаббатпен жаратқан бір жаратылысы. Өз махаббатының белгісі ретінде жер бетінің барлық тіршілігінің адамға бой ұсындырған. Бәрі адам үшін қызмет етеді. Ал адам кімге қызмет қылу керек. Осы нығметтерді үйіп-төгіп берген, Аллаға шүкірлік қылып, тек оны разы ететін амал үстінде өмір сүруі тиіс. Адам осы үшін өмір сүреді, осы үшін өмірден өтеді...
Дүниенің азын-аулақ қызығы үшін өмір сүрген адам, соған сыйынады, соған сүйенеді, соны өзіне пір тұтады. Сол үшінде барлық адами қасиеттерден аттап кетеді. Әлсізге көмек бермейді, аш адамды тойдырмайды. Ата-анасын қартайғанда сыйламайды. Ағайын-туыспен араласпайды, тек ақша үшін ғана туыс-жегжат болады. Дүние табам деп жүріп, ұрпақ тәрбиесіне де көңіл бөлмейді. Ұрпағымды ішкізсем-жегізсем, ел қатарынан қалдырмасам болды деп ойлайды. Өзінің күнде дүние бәсекесіне түсіп жүргенін көрген ұрпағы өмірдің мән мағынасы осы екен деп, ол да өмірін бос мақтанмен бәсеке таласқа айналдырады. Қатарынан қалғаны үшін опық жейді. Соны қайғылы жағдаймен аяқталады. Қазіргі ата-ана өз баласынан қорқады. Қарызданса да тіпті соңғы көйлегін шешіп берсе де, баласының қалауын орындайды. Құдай баласына сана бермесе ол осымен тоқтай ма?

Өз-өзіне қол жұмсаған жасөспірімдерді біз қоғамда өте көп көреміз. Бір қыз қарамай қойды. Бір жігіт ұнатпай қойды. Біреу қорқытты. Тестен құладым. Жұмыс таппадым. Қатарымнан кем қалдым. Әкем ұрысты. Тіпті суға жұмсап, бармай қойғаны үшін, әкем ұрды деп, өз-өзіне қол жұмсап жатқандардың естіп күніге шошынып жағамызды ұстап жатамыз. Осы аталғанның біреуі де адам өмірінің құнына татымайды ғой. Алланың өзі көңіл бөліп, маған ғана құлшылық қылар ма екенсің деп сынаған өмірінде түкке тұрғысыз нәрсе үшін баз кешу ақымақтықтың ең үлкені ғой. Осы үшін Алланың өзі сұрақтың астына алып, сыбағаңды беретіні де анық. Пайғамбарымыз С.Ғ.С ол туралы хадис шарифтерінде, өз-өзіне қол жұмсаған адам, қалай өлсе, қиямет күніне дейін солай азапталатындығы және түбі тозаққа кіретіндігін келтіреді. Болар-болмас нәрсе үшін алтын өмірін қию ол адамның біреуге емес, тек өзіне ғана жасаған опасыздығы болып есептеледі. Артынан қалған жанашырлары бір жылап, бір қояр, жесір де, жетім де жетілер. Мәңгілік қасіретті ол өзі ғана татады. Алланың аманатын сақтай алмағандығы, өмірінің мән мағынасын білмегендігі үшін.

Ата дәстүрде өз-өзіне қол жұмсағандарды адам қатарына қоспайтын. Жұрт жиылып, жаназасына қатыспайтын. Жүрегінде зәредей болса да иманы болғаны үшін, елеусіз бір кісі жаназасын шығарып, бір кесірі жұғар деп, бөлек мұсылман зияратынан аулақ жерлейтін. Өмірінің мәнісін білмеген жанды иманы бар қауым қалай құрметтесін.

Адам баласы жер бетінде жалғыз өмір сүріп жатқан жоқ. Онымен қатарлас жындар өмір сүреді. Олардың ішінде кәпірлері адамдарды азғырумен, бұзумен айналысады. Үрейлендіру, қорқыту, түңілдіру, шошыту, арам ойлау, ашуға түсу, сезіктендіру, азғыру т.б осы тәрізді әрекеттерді Алланың қалауымен олардың іске асыруға мүмкіншіліктері бар.Өз-өзіне қол жұмсайтындарға шайтандардың тікелей не жанама қарым-қатынасы бар. Жанама қатынасы іштей азғыру, түңілдіру, қорқыту болса, тікелей қатынасы сыбырлап не көзге көрініп, арғы дүние туралы тәтті ойларды ойға салып, буынып не секіріп өлуге шақыру. Сол арқылы адамзаттың қас дұшпаны болған шайтан әр адамды тозаққа сүйреудің жолын оңай жасайды. Оның түпкі себебі, әлбетте біз Алладан алыстағаннан болады. Алла да Құранда шайтан тек Алланы ұмытқандарға ғана үстемдігі жүреді, тек соларды ғана басыбайлы етіп, өз мақсатына пайдалана алады деген мағынада бірқатар аяттар келтіреді. Бір Аллаға сиынған, оны өзіне жау тұтып, әрі сүннетке сәйкес сақсынған ықыласты құлдарға тісі батпай, әлі жетпей құритынын да ашық аяттармен жария етеді.

Жын-шайтанды өзіне ата жауы ретінде қарап,көзге көрінбес бәледен Пайғамбар сүннетіне сәйкес сақтану үшін кешегі ата-бабамыз ұрпағын бірқатар тиым-ырымдармен тәрбиелеген. Үнемі «Бисмилланы» ауыздан тастама дейтін. Себебі «Бисмилласыз» үйге кіру, жын-жыбырдың бірге үйге кіруіне, Бисмилласыз тамақ ішу, бірге тамақ ішуіне себеп. Тіпті ерлі-зайыпты дұға қылмастан қосылса, ұрпақ пайда болса, жын-жыбырдың жетегінде кететіндігі де айтылған. Ол туралы Мөңке бидің, - Жаманнан жақсы туса, нұрдан пайда болғаны, жақсыдан жаман туса жыннан пайда болғаны деуі де бір дәлел.

Күлді баспа, (себебі күлде жын-жыбыр болатындығы) есікті жауып жат, жуылмаған ыдысты қалдырма, суды, тамақты ашық тастама (жын-жыбырға ас қалдырмас үшін Пайғамбар салған тиымдар), мойныңа арқан асылма, пышақ кезенбе, ұзарып кетеді (Осы арқылы шайтан өзін не біреуді өлтіруді бұйырады), ымырт уақытында далаға шықпа (Осы уақытта шайтандар жер бетіне таралатындықтан, Пайғамбар жас балалардың далада жүруінен қайтарған). Бейуақыт ұйықтама (Себебі,бейуақыт күн шығып, күн батып бара жатқанда жын ұйықтаған кісіні мең-зең етеді). Дәрет, ғұсылсыз жерді баспа, (тазалығы болмаған жан жын-жыбырдың оңай олжасына айналады). Осы сияқты ырымдардың бірқатары жадымызға қалған, бірақ не үшін айтқаны белгісіз, білмей жатамыз.

Қазіргі күні қоғамда жүйкесі тозған, шаршап шалдыққан кісілерді көп көреміз. Бір жылға жетерлік азығы болса да, ертеңгі күн үшін қорқынышпен үрейі басым. Өзіндегін көрмей, өзгеге біткен нәсібені көре алмай күндейтіндігі тағы бар. Қызғаныш, күншілдік, такаппарлық, мақтан құмарлық, менмендік сияқты барша жаман қасиеттер қоғамда көптеп табылып жатуы да таңғаларлық құбылыс. Мұның астарында үнемі кісіні азғыратын, қорқытатын, жаман ой, күдік тастайтын, қан тамырда еркін жүретін жын-жыбырдың бір қатысы бар ма деп қаласың.

Жас бала түгілі, үлкен ересек, ақыл тоқтатқан кісілердің өзі не дейсің асылып өліпті дегенді жиі еститін болдық. Ел қатары жаназасы шығып, жылап еңіреп, шығарып салып жатырмыз. Құлақ естіп, көз үйренген, тіпті кейде бір ауылдан бір емес, бірнешеуі қатарынан кетіп жатса да, сұмдық-ай демейтін кезге де келдік.

Тар заманда тауы шағылмаған халықтың тоқ заманда өз-өзіне қол жұмсап, қор қылатындай не басына күн туды. Өмір сүруі қиындадыма десең біздің қоғамда қол аяғы қимылдағанның да қимылдамағанның да ешбірі аштан өліп жатқан жоқ. Африка елдері сияқты, бір үзім нан үшін ертелі кеш бейнет кешіп жатқан кісіні көрмейсің. Мүмкін Алланы ұмытқан себебінен шығар, жын-жыбырдың жемтігіне айналып, жетегінде кеттік пе деп қорқасың. Жүйкенің тозуы, өмірдің мәнінің жоғалуы, шаршап-шалдығу, соңы түңілу себебінен өз-өзіне қол жұмсау, жын-жыбырдың азғыруының көпе-көрнеу белгісі. Сол үшін де жын-жыбырдың жетегінде кетпес үшін ата-баба дініне толықтай оралуға тиістіміз. Аллаға есігімізді айқара ашып, жатсақ та, тұрсақ та оны жадымыздан шығармай, намаз, ораза, зекет, садақа сияқты талаптарын бұлтартпай орындап, Оны разы етсек, жын-шайтан әмірін жүргізе алмай, мысы құритыныны да анық.

Бар болсақ тасымай, жоқ болсақ жасымай, өмірдің барша қиыншылығын қасқайып қарсы алуға Алланың өзі күш қуат дем беріп, жәрдем де етеді.

Алла иманымызды қуатты, ділімізді мығым етсін!

Алмас Кенжемолдаев,
Жуалы ауданының бас имамы.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: