(Бас мүфти Е.Малғажыұлының «Көзқарас» бағдарламасына берген сұхбатына пікір)
Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы еліміздің имам-молдалары мен дінтанушы-ғалымдары үшін 2014 жыл – «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялағаны белгілі, соның аясында біршама іс-шаралар жүргізіліп жүргені де рас.
Мүфти-хазреттің мешіт имамдарына жолдаған Үндеуінде дініміз бен дәстүрімізді жаңғырту жолында бірқатар мәселелерге баса назар аударылған.
Жақында ғана Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы «Хабар» телеарнасының «Көзқарас» бағдарламасының қонағы болып, «Дін және діл» тақырыбында сұхбат берді.
Осы сұхбат барысында еліміздегі дін аясындағы өте өткір мәселелер талқыланды. Расында, кез-келген адам өзінің діні мен дәстүрін жітік білуге міндетті. Дін мен дәстүр ылғи да бір болуы қажет. Оның біреуі сетіней бастаса, екіншісі де сетінейді. Кешегі кеңестік кезеңде бізді жетпіс жыл бойы дінімізден айырмақ болды. Соның салдарынан дәстүріміздің де шаңырағы шайқала бастады. Шаңырағы шайқалған ел діні мен дәстүріне бекем болмайды.
Өткен жылы Ержан қажының жарық көрген «Дін мен дәстүр» кітабында: «Әлхамдулилла, ата-бабамыз сан ғасырлардан бері аңсап өткен тәуелсіздікке қол жеткізудің арқасында халқымыз дәстүрлі мәдениетіне, тілі мен дініне толыққанды ие болып, оларды заманға сай дамытуға мүмкіндік алды. Мақсатымыз – ұлттық табиғатымызбен сабақтас шариғаттағы мәзһабымыз бен танымдық мектебімізді тұғырлап, асыл дүниелерімізді, жауһарларымызды жарыққа шығару, үзілгенімізді жалғап, жоғалтқанымызды түгендеу, сан ғасырлық тарихы бар діни дәстүрлерімізді қалпына келтіру. Қолыңыздағы кітап сондай игі бастаманың жемісі», – деп жазылған.
Діннің не екені жалпы халыққа белгілі. Ал, дәстүр дегенді біз қалай түсінеміз? Сұхбатта осы жайлы мынадай анықтама беріледі: «Сірә, қазақ даласында Ислам шариғаты мен дала заңдарының қосындысынан шыққан заңнамалық жүйе дәстүр деп аталса керек. Содан соң ата-баба дәстүрі, салт-дәстүр деген ұғымдар пайда болған. Жоғарыда аталған шариғат терминдерінің тілімізге ежелден еніп, кейіннен ауыспалы мағыналарда қолданылуы осындай пікірге жетелейді». Дәстүр деген сөздің этимологиясы, бүгінгі тілмен айтқанда, Конституция деген мағынаны білдіреді екен.
Жалпы, Бас мүфтидің сол еңбегін оқи отырып, еңбекте дәстүр туралы түсінік, дәстүрдің діндегі орны, қазақ халқының имани дәстүрлері, имани қарым-қатынас, тілдегі айғақтар, тағы да басқа Ислам мен дәстүріміздің қабысатын тұстары жайлы жан-жақты мағлұматтар өте тамаша сипатталғанын атап өтпеске болмас. Сонымен қатар, қазақ мақал-мәтелдерінің Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерімен сәйкес келетіндігіне дәлелді айғақтар жазылған. Қазақ халқының салт-санасы, таным-түсінігі, ой-тұжырымдары Ислам қағидаттарынан бастау алатыны паш етілген. Дін мен дәстүрдің бір ұғым екенін жақсы таныстырған.
Ұлт болашағы үшін бәріміз де күресуге тиістіміз. Ол күресті балабақша, мектептерден бастап жасағанымыз дұрыс. Сонда ғана біз ұрпағымызға ие бола аламыз. Ұрпағымызға ие болсақ, ұлт болашағына да ие боламыз. «Дін мен дәстүр» кітабы ұлт болашағына арналған кітап деп білемін. Сондықтан да бұл кітап әрбір қазақ отбасының төрінде тұрып, мұны оқыған әрбір адам дін мен дәстүрдің бітеқайнасқан бөлінбес дүние екенін білгені дұрыс.
Жоғарыда аталған бағдарламада Бас мүфтидің сөйлеген сөздері менің осы пікірді жазуыма түрткі болды.
Дініміздің басшысы, жанашыры Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлына, елімізге, жерімізге Алла тыныштық пен береке бірсін!
Арғынбай Бекбосынұлы