Тараз қалалық орталық «Кеңесхан қажы» мешітінде дәстүрлі айлық уағыз дастарханы жайылды. Жиналған жамағатқа «Әбу Бәкір әс-Сыддық» мешітінің бас имамы Бағзат Ақжолов «отбасы» тақырыбында уағыз айтты.
Исламда отбасын құру хикметі – бір-біріне пана болу. Құранда: «Сендер олар үшін киім, олар сендер үшін киімсіңдер», деп жазылған. Яғни, киім денеге сән береді, абыройды жабады және жарақаттардан қорғайды.
Неке – Алланың нығметі. Жанұялы болудың тағы бір хикметі - бір-біріне пана болғаннан кейін ғана ұрпақ сүю. Жылуы мол, берік жанұяда салихалы ұрпақтар дүниеге келеді.
Талақ – Жаратқан Жаппар Иенің адал еткен істің ішіндегі ең жағымсызы. Сол себепті Құранда Алла тағала мейлінше әйеліңмен тату болуға шақырып: «(Уа, иман келтіргендер!) Жарларыңмен жақсы қарым-қатынаста болыңдар. Егер оларды ұнатпай қалсаңдар (сабырлылық танытыңдар), Алла сендер ұнатпаған нәрсеге көп жақсылық жазған болуы да мүмкін», – дейді («Ниса» сүресі, 19-аят). Сонымен қатар: «Егер ол әйелдер сендерге мойынсұнып жатса, (ажырасуға) сылтау іздемеңдер. Күмәнсіз Алла Жоғары мәртебелі әрі Ұлы», – деп («Ниса» сүресі, 34-аят) адамдарға асығыс шешім қабылдамай, ажырасудың алдын алу керектігін ескерткен.
«Кеңесхан қажы» мешітінің баспасөз қызметі