Отбасымен оқитын мақала...

Отбасымен оқитын мақала...

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

«Асыңа тойғызбасаң да ақ ниетіңе тойғыз»

Жексенбі. Қыстың ызғарлы күндері. Сыртқа шықпаған Әділдің іші пысқанын түсінген әкесі: 

– Кәне, балам, компьютеріңді қос, сенімен бірге мач жасайық, – деді де өзін көрсетіп:

– Ойынның нағыз қаһарманы қазірден белгілі болса да... – деді.

Әділ таңданып:

– Рас айтасыз ба, әке.

– Иә, кәне қос, келе жатырмын.

Әділ қуана-қуана бөлмесіне кіріп, ойынды қосты. Әке-бала бірге компьютер алдында тамаша уақыт өткізіп жатты. Анасы Әмина да безендіру жұмысын жасап жатқан. Күтпеген жерден есік қоңырауы соғылды. Әмина есікті ашты. Нұргүл әпке мен Әли ағай болатын. Әке мен бала ойындарын тоқтатып, қонақтарын қарсы алды. Әділ ас үйге анасының жанына келіп:

– Неге бүгін келді екен, әттең! Әкеммен тамаша ойын ойнап жатыр едік қой, – деп бұлтиды. 

Анасы:

– Ұлым, пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Қонақ өз ризығымен келеді», – деген. Атаңның: «Қонақ келсе – құт. Қонақ ақысы –  Құдай ақысы. Асыңа тойғызбасаң да ақ ниетіңе тойғыз. Құтты қонақ келсе, қой егіз табады», – деп айтқан сөздерін ұмытып қалдың ба? Олар кеткен бойда ойындарыңызды жалғастырарсыздар, – деді.
 
Көркімізге емес, көңілімізге қарайды

Бүгін Әділдің әжесі мен атасының Астанаға бірінші рет келуі еді. Ол ата-әжесінің келгенін көріп, қуанып кетті. Біраздан соң тағы да олардың мойындарына асылып: «Қош келдіңіздер!» – деді. Әділ атасының қолынан ұстап:

– Жүріңіз, ата, сізге бөлмемді көрсетейін, – деді.

Қуаныштан толқып, қолынан жетектеп, кереуетін, кітаптарын, компьютерін, бөлмесіндегі барлық заттарын көрсетті. Ибраһим ақсақал немересінің шашынан сипап:

– Керемет! Анаң мен әкең саған қажетті барлық заттарыңды алып беріпті. Сен де олардың бұл жақсылықтарына жауап ретінде олармен жақсы қарым-қатынас жаса. Сен білесің ғой, Алла біздің дүниемізге, көркімізге қарамайды. Ол тек жүрегімізге, жақсы амалымызға, жақсы көңілімізге қарайды.

Атасын қатты жақсы көретін Әділ осы сөздерден кейін оны тағы да құшақтап алды.
 
«Жомарттың дастарханы – дауа...»

Қыстың ұзақ түндері. Әділ ақшам болмастан, үй тапсырмаларын орындап қойды. Ұйықтауға әлі екі сағат бар еді. Әр кеште сағат 10-да төсекке жатуды өзіне әдет етіп алған Әділ бір кезде:

– Шіркін, нағашыларым келсе ғой, Нұрдарынды құшақтап сүйер едім, – деді.

Әкесі:

– Телефон соғайық, ертең бос болса, кешкі тамаққа келсін, дұрыс қой, анасы? – деді.

– Жарайды, келсін, – деді анасы Әмина.

Әділ бірден нағашысына телефон шалды. Біраз сөйлескен соң, тұтқаны әкесіне берді. Құдайберді:

– Ертең сіздерді кешкі аста күтеміз.

Асылбек аздап сырқаттанып қалғанын айтып еді, Құдайберді:

– Міндетті түрде келіңдер, күтеміз, әпкеңнің дайындаған тағамдарын жеген соң, ауруыңнан құлан таза айығып кетерсің, – деді.

Ол:

– Алла қаласа, ертең көріскенше, – деді де тұтқаны қойды.

Ертең кешке нағашыларының келетініне қатты қуанған Әділ  әкесіне:

– Әке, бүгін бір хадис үйретесіз бе? – деді.

Құдайберді сәл кідіріп: «Жомарттың дастарханы – дауа, сараңның дастарханы ауру әкелер», – деген хадис-шәріпті ұлына айтып берді.
 
«Мені кешіресің бе?»

Үзіліске шығатын қоңырау соғылды. Әділ мектеп ауласына шыққысы келмеді. Мұғалімнің түсіндірген тапсырмасын қайтадан орындамақ болды. Дәптерін парақтап отырғанда, досы Жомарт оның қолындағы қаламды өзінің жоғалтып алған қаламына ұқсатып, Әділге:

Бер маған, ана қаламды, ол менікі, кеше жоғалтып алғанмын. Сен тауып алғансың ғой, – деді.

Әділ Жомарттың бұл айтқандарынан сасып қалды. Қаламның өзінікі екеніне өз есіміндей сенімді болатын. Алайда Жомартты қалай десе де, сендіре алмады. Досының қателік жасағанын өзі түсінетін кез келетінін сезіп, қаламды оған берді. Айша мұғалім келді, сосын сабақ басталды. Бұл сабақ та аяқталған. Әркім өз заттарын жинап, мектептен шықты. Әділ мектеп есігінен шыға бергенде, артынан біреу «Әділ» деп дауыстады. Бұрылып қараса, Жомарт екен. Жақындап келіп Әділге:

– Айыпқа бұйырма, Әділ, бұл қалам сенікі екен. Өзімдікі сөмкемнің ең түбінде жатыр екен, – деді де қаламды Әділге ұсынды. Жомарт:

– «Мені кешіресің бе?» – дей бергенде, Әділ Жомартқа жақында атасынан үйренген ізгілерден қалған өсиетті сөзді айтып берді: «Әр адам қателік жасайды. Қателік жасағандардың ең қайырлысы – тәубесіне келгені».  

Қатеңді түсінетініңді білген едім. Бірақ келесі жолы затыңа мұқият бол, Жомарт.

Мұндайда қазақтың: «Өзіңе мұқият бол, көршіңді ұры тұтпа», – деген тәмсілі ойға оралады.
 
Сарқылмайтын қазына

Әділ үй тапсырмаларын орындап болғаннан кейін әкесінің жанына барып:

– Әке, кеше досым айтты, соңғы  технологиялық жетістіктерді қамтыған өте керемет компьютерлер жасалыпты. Біз де компьютерімізді жаңартсақ, болмай ма?

Құдайберді баласын тыңдап болғаннан соң:

– Жарайды алмастырайық, олай болса қазынаны алып кел, ішінен керегін алайық, – деді.

Әділ әкесінің бұл сөздеріне таңырқап:

– Менің қазынам жоқ қой, – деді.

Құдайберді күлімдеп:

– Енді сенің бір қазынаң болады. Бұл қазынаның ішіндегілер сенің тұтас өміріңе жетеді және қиналған кездеріңде үмітің болады, – деді.

Әділ толқыныспен және қызығушылықпен әкесін тыңдап отырды. Құдайберді өнегелі сөзін жалғастырып:

 «Қанағат – сарқылмайтын қазына». Қанағат дегеніміз – қолында барды жеткізіп, басқасын қаламау, тағдырына разы болу. Адам қолындағы бар қажеттіліктерін көрсе және бұл үшін де Аллаға шүкір етсе, Алла ол құлына бұл шүкірінің және қанағатының нәтижесінде одан да жақсысын нәсіп етеді», – деді. 

Әділ әкесінің не айтқысы келгенін түсініп, қалауын тежеп, сөзін қоштай кетті. Есіне: «Ер азығы – қанағат», – деген нақылды түсірді.  
 

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,

ҚМДБ Баспасөз бөлімінің меңгерушісі

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: