1 маусым балаларды қорғау күні балғын бүлдіршіндеріміз үшін ең қуанышты сәт, және жыл сайынғы асыға күтетін мейрамы. Қайырымдылық жиі жасалған жерде жақсылық бар деген қағида бұл күндері қамқор азаматтардың ұранына айналғандай. Қасиетті Рамазан айында көптеген жаны жомарт ер азаматтар мұқтаж жандарға қолдарынан келгенше қол ұшын созып келді. Көптеген демеушілік көмектер көрсетіп жатады.
Осы орайда, мереке күні Шу аудандық "Төле би" мешітінің бас имамы Аят қажы Дыбысұлының және шу ауданы әкімдігінің білім бөлімі психологиялық педогогикалық түзету кабинетінің ұжымы бірлесе отырып, кішкентай балаларды құттықтап қуанту мақсатында Қазақстан мейрамханасында, аудан бойынша мүмкіндігі шектеулі 60 бүлдіршіндеріміздің қатысуымен игі іс-шара өткізілді.
Балалардың қуанышы базарлық демекші, бүлдіршіндерімізге тәтті су, бәліш, балмұздақ және ойыншықтар таратылды. Сондай ақ, балалардың қатысуымен концерттік бағдарлама өткізілді. Жиын барысында ауданның бас имамы Аят Алмаханов балаларын алып келген ата-аналар мен жиылған жұртшылыққа Алланың сынағына сабыр қылу және өмірімізге шүкір ету жайында әсерлі уағыз-насихат айтты.
Өз кезегінде мекеме басшылары мен аудан тұрғындары да осындай игі іс-шараны ұйымдастырған ер азаматтарға өз алғыстарын жаудырып, мешіт қызметкерлеріне өздерінің ризашылықтарын айтып, ізгі тілектерін білдірді. Шара соңында балалар мен ата аналарға дастархан жайылып ас берілді. Аудан имамы осындай игі іс-шара алдағы уақытта өз жалғасын табатынын жеткізді.
Шу аудандық "Төле би" мешітінің баспасөз қызметі