Жан тапсыру кезіндегі мүміннің бес қуанышы...

Жан тапсыру кезіндегі мүміннің бес қуанышы...

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ғиса пайғамбар (ғ.с.) Алланың қалауымен өлілерді тірілтетін болған. Кейбір иман келтірмегендер Ғисаға (ғ.с.): «Расында, сен өлілерді тірілтесің, бірақ сен жуырда ғана өлген адамды тірілттің, мүмкін ол әлі өлмеген шығар. Бұл өмірден бұрында озған адамды тірілт», - деген екен. Ғиса пайғамбар (ғ.с.) оларға: «Кез-келген өлген адамды таңдаңдар», - дейді.

Олар болса: «Бізге Сам бин Нухты тірілтіп бер», - дейді. Ғиса (ғ.с.) Сам бин Нухтың қабіріне келіп, екі ракағат намаз оқып, Аллаға дұға жасайды. Сонда Алла Тағала Сам бин Нухты тірілтеді,  тірілген Сам бин Нухтың сақалы мен шашы ағарып кеткен болады.  «Саған не болған? Сен бұл өмірден жас кезіңде кетпеп пе едің?», - деп сұрайды одан иман келтірмегендер. Сонда Сам былай жауап берген екен: «Қатты гүрсілді естігенде, Қиямет күні болды ма деп ойлап қалдым. Үрейден шашым мен сақалым ағарып кетті». «Сенің өлгеніңнен бері қанша уақыт өтті?» - деп сұрайды жиылғандар. Сам: «Төрт мың жыл өтсе де өлім алдындағы жанталастан арылмадым», - деп жауап берген екен.

Ибраһим бин Адхам  (р.а.) былай келтірген: Ибраһим (ғ.с.) былай айтқан: «Мен төрт іспен айналысудамын. Егер солардан қолым босаса, онда сендердің қастарыңа отыра аламын». Адамдар: «Ол қандай іс?» - деп сұрайды. Ибраһим (ғ.с.): «Біріншісі, мен Қиямет туралы ойланудамын. Алла Тағала: «Міне, осы топ Жұмақта болады, ал мына топ Тозақта болады», - деп айтқан. Қай топта болатынымды мен білмеймін. Екіншісі, шындығында, Алла Тағаланың қалауымен әйел адамның аяғы ауыр болып, көктен сәбидің жаны түскенде, нәресте сеніп тапсырылған періште былай сұрайды: «Уа, Алла, бұл бала тақуалардың немесе нашарлардың қатарынан бола ма?» Сол кездегі Алланың мен туралы айтқан жауабын мен білмеймін. Үшіншісі, менің жанымды алуға ажал періштесі келгенде, ол менен сұрайды: «Сен мұсылмандарменсің бе әлде иман келтірмегендерменсің бе?» Менің жауабымның қандай болатынын мен білмеймін. Төртіншісі, Алла Тағаланың күнәһарларға: «Бүгін күнәһарлар тақуалардан бөлініңдер», - деп айтатын сөзі туралы ойланудамын. Қай топқа жататынымды мен білмеймін».

Егер Ұлы Алла бір адамды бейқам ұйқыдан оятса, ол үшін не деген бақыт! Біз соңғы сәтімізде Жаратушы бізді қуантуы үшін, Алладан игі амалдар жасауды сұраймыз, өйткені мүміндерге Алланың қуанышы өлім кезінде келеді әрі біздің Жаратушымыз  Алла дегендер, хақ жолда, яғни, Аллаға және Оның Елшісіне (ﷺ) иман келтіргендер, парыздарын, яғни міндетті амалдарын өтеп, өздерін харамнан тыйғандар. Яхья бин Муғаз осы сөздерді түсіндіре отырып, былай деген: «Бұл адамдар сөздерінде де, істерінде де адал болғандар». «Аллаға иман келтіріп, хақ жолды ұстанғандарға қорқынышты да қайғылы болмас үшін, оларды қуандырып әрі былай айтатын періштелер түседі: «Сендерге уәде етілген Жұмаққа қуаныңдар». Сондай-ақ, тағы да былай айтылған:  «Мүміндердің өлімі кезінде оларды бес қуаныш күтеді. Бірінші — барлық мүміндерге былай айтылады: «Мәңгілік азаптан қорықпаңдар, яғни, сендерге пайғамбарлар мен әулиелер шапағатшы болады. Сендердің соңғы орындарың Жұмақ болады». Екінші — амалдарын рия үшін жасамаған шынайы иман келтіргендерге былай айтылатын болады: «Қорықпаңдар, сендердің амалдарың қабыл болды, ал сауаптарың екі еселенеді». Үшінші — тәубе келтіргендерге былай айтылады: «Жасаған күнәларыңнан қорықпаңдар, расында, сендердің күнәларың кешірілді». Төртінші — тақуаларға былай айтылады: «Қайта тірілуден, есеп беруден қорықпаңдар да қамықпаңдар, сендерге Жұмақ сыйланады». Бесінші — адамдарды жақсылыққа үйретіп, өз білімдеріне сай амалдар жасаған ғалымдарға былай айтылады: «Қиямет күнгі қорқыныштан қорықпаңдар да қамықпаңдар, өйткені Алла сендердің амалдарыңа сай сый береді. Сендерге және сендерге ілесушілерге Жұмақтық сый беріледі». Бұл адамдар үшін неткен қуаныш! Мұндай бақытқа шынайы әрі лайықты түрде амалдар жасаған мүміндер ғана лайық. Осындай мүміндерге періштелер түсіп, былай айтады: «Сендер кімсіңдер? Сендердің жүздеріңдей көркем жүзді көрмедік, сендердің иістеріңдей жағымды иісті сезбедік». Содан кейін бұл періштелер: «Біз сендердің қорғаушыларымыз әрі Ақиретте сендердің достарың боламыз».

Ақыл иесіне бейқам ұйқыдан ояну қажет.  Бейқам ұйқыдан ояна салған адам асыға Ақирет үшін амалдар жасап, білім және ыждаһатпен діннің бұйырғандарын орындайды, ал адамдарға қатысты жақсы қарым-қатынаста болады.  

"Танбихул ғафилин" кітабынан.

Аударған: Ақерке Сыдықова

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: