ІІ Дүниежүзілік соғыс және мұсылмандар

ІІ Дүниежүзілік соғыс және мұсылмандар

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ол кезде Қазақстан КСРО-ны құраған 15 тәуелсіз республиканың бірі болғандықтан, ескі сарындағы тарихшылар «Сол шақта Кеңес үкіметі Қазақ халқы үшін Отан болып саналатын. Сол себепті 1941-1945 жылғы шайқасты «Ұлы Отан соғысы» деп атаған әбестік емес» дейді. Ал, ұлттық тұрғыда пайымдайтын тарихшылар 1917 жылы құрылған ұлттық Алаш Орда автономиясын Қызыл империяның күшпен жаншуын, КСРО-ның 1921 жылы және 1932-1933 жылдары Қазақ халқына жасаған геноцидті, сондай-ақ, 1937-1938 жылдары ұлт зиялыларын қынадай қырып салған репрессияны негізге алып:

«Өз билігін күшпен орнатқан коммунистік Қызыл империя Қазақ халқына Отан бола алмайды, сол себепті бұл соғысты әлем тарихында айтылғандай «ІІ Дүниежүзілік соғыс» деп атауымыз керек» деп біледі.

Өскелең ұрпаққа тарихтан тағылым беру үшін бәлкім ескі көзқарастан арылып, сол алапатты «ІІ Дүниежүзілік соғыс» деп өзгерткен дұрыс шығар. Бірақ, менің айтайын дегенім ол емес. Адамзат баласына сөзбен айтып жеткізе алмайтын осы зобалаңда ерен ерлік көрсеткен һәм мырышқа түйреліп, қаза тапқан бабаларымыздың тарихтағы орны мен рухани күйін қалай бағалаған жөн? Отан үшін күресіп, шахид кешті дейміз бе? Жоқ әлде КСРО-ны қорғап қаза тапты дейміз бе?

Германия империясы 1914-1920 жылдары болған І Дүниежүзілік соғыста жеңіліс тауып, сол кездегі өзге империяларға жіберген есесін қайтару үшін Гитлер бастаған фащистік билік 1939 жылы ІІ Дүниежүзілік соғыстың өртін тұтандырды. Иә, сол кездегі алып державалардың әлемді қайта бөліске салу үшін ІІ Дүниежүзілік соғыстың дабылын қаққаны ешкімге таңсық емес. Алапаттың басты дерті – имериалистік мүддеден туындағаны хақ. Дегенмен, осы алапатта мұсылмандар басты ойыншы болмаса да, қосақ арасында қалып, лаулаған өрттің жалынына шарпылды. Әсіресе, КСРО құрамындағы Еділ бойы, Кавказ, Орталық Азия мұсылмандары қолына қару алып, фащистік Германияның окуппациясына қарсы «Отанды сүю иманнан» деп ұран көтеріп, қан майданға аттанды.

Кеңес үкіметін орнықтырған 1920-1930 жылдар аралағында коммунистік билік дін адамдарын аясуз қырғаны баршаға мәлім. Әйткенмен, коммунистік билік ІІ Дүниежүзілік соғыста дінді өз пайдасына жаратуды көздей бастады. Оған себеп – сол кездегі рейхстагтың жүргізген саясаты еді. Нақтырақ айтар болсақ, Гитлерлік Германия ІІ Дүниежүзілік соғыста мерейі үстем болуы үшін жан-жақты әзірлік жүргізді. Рейхстаг билігі Кеңес үкіметінен қысым көріп отырған мұсылмандарды өз қатарына қосып алу үшін Гитлерді құтқарушы «Махди» деп атады. Ол үшін Палестина муфтиімен астыртын келісімдер жүргізді. Гитлерді мұсылмандықтың жанашыры етіп көрсету үшін көптеген мақалалар жарық көрді. Мысалы, «Идель-Урал», «Азербайджан», «Яни Туркестан», «Азат Крым» және т.б. газеттерде осы сарындағы ақпараттар берілді.

Бұл рухани шабуылдың алдын алу үшін Кремль шұғыл дін қайраткерлерін Мәскеуде басын қосып, оларды ІІ Дүниежүзілік соғыста жеңіп шығу үшін атсалысуға шақырды. Көп ұзамай Кавказ, Татарстан, Башқұртстан, Орта Азия және Қазақстанның дін қайраткелері «Отанды сүю иманнан» деп пәтуа жариялап, мұсылман жұртшылғын фащистерге қарсы ғазауат жасауға үндеді. Орта Азия және Қазақстанда Германияның окуппациясын терістейтін уағыздар жүргізіліп, мешіттерде Сталиннің денсаулығы мен жеңісі үшін арнайы хұтба оқылды. Осыдан соң мұсылмандар соғысқа өздері сұранып, қан майданға аттана бастады. Олардың соғыста көрсеткен ерліктеріне сүйсінген Кеңес үкіметі дінге қолдау көрсетуді үдете түсті. Мысалы, 1943 жылы Сталиннің тікелей тапсырмасымен Орталық Азия және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (САДУМ) құрылған еді.

САДУМ алғашқы отырысында:
«Құрылтайға қатысушы Өзбекстан, Тәжікстан, Түркменстан, Қырғызстан және Қазақстан делегаттары барша мұсылман бауырлардың мына жайтқа назар аударуыларын сұрайды. Барлық халықтар бірауыздан тізе қоса отырып, арыстанша айбаттанып, ұлтшыл империалистерге қарсы ерлікпен соғысып, жер бетіндегі фащистерді жоюмыз керек. Біз темірдей тәртіп орната отырып, жерімізді ерлікпен қорғауға тиістіміз. Осы жолда жаумен соғысып жатқан сарбаздарымыз тезірек жеңіске жетуі үшін Аллаға жалбарынамыз!» деген үндеу қабылдады.

ІІ Дүниежүзілік соғысқа Орталық Азиядан бір миллионнан астам адам қатысыпты. Оның басым көпшілігі соғысқа өз еріктерімен аттанған сарбаздар болатын. Олар «Отанды сүю иманнан» деп соғысқа аттанды.

Жаумен болған сұрапыл шайқастарда ерлік көрсетіп, көбісі қаза тапты.

Төлеген Тоқтаров, Сабыр Рахимов, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Маметова, Қарсыбай Сыпатаев, Нүркен Әбдіров және т.б. аға-апаларымыз Отан үшін соғысып шахид болды.

Ал, Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Хиуаз Доспанова, Қасым Қайсенов және т.б. аға-апаларымыз соғыстан аман-есен елге оралып «қазы» сауабын алды. Өйткені, олар басқыншылардан халықтың ар-ұжданы мен иманын қорғады. Бұл – біздің ІІ Дүниежүзілік соғысқа қатысқан қаһарман мұсылман ата-әжелерімізге берген бағамыз. Лайым, солай болғай деп тілейміз!

Мұхан Исахан

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: