Күндердің күнінде Мұса Евенди деген кісі болыпты. Ол жақында ғана ислам дінін қабылдап, дінге кіруіне не түрткі болғанын былай баяндайды:
— Менің жақсы, көркем мінезді Мулла Раби есімді көршім бар. Ол айналасындағы барлық адаммен жақсы қатынаста болатын. Содан бір күні кешкі уақытта ол маған келіп есікті қақты. Есікті ашсам қолында ыдысы тола сүті бар Мулла Раби:
— Мына сүтті алыңыз, — деп ұсынды. Мен:
— Бұл не үшін? Мен сүтке тапсырыс берген жоқ едім ғой? — дедім. Сонда Мулла Раби:
— Бүгін таңертең менің сиырым сіздің бақшаңызға кіріп біршама уақыт жайылып қойған еді. Енді оның бойынан сол шөп толық шығып кеткенше мен сізге сүт алып келіп тұрамын. Бұл сізге тиесілі, — деді.
— Жоқ, ештеңе етпес көршім. Ол жай ғана шөп қой, дедім мен ризалығымды білдіріп. Ол дегенінен қайтпай бірнеше күн бойы маған ақысыз сүт тасып тұрды. Содан бір күні мен Мулла Рабидің іс әрекетіне ой жүгіртіп, оның бойындағы діни сенімі соншалықты өзгеге жақсылық жасап, көркем мінез иесі етіп, біреудің ақысын жемеуге әрі барлық адаммен бірдей тату болуға итермелеп отқандығын түсіндім. Содан оның ұстанған ислам дінін оқып, ізденіп мен де дінді қабылдадым. Сосын расымен де ислам бойынша таза жүру адамды кемелдікке жетелейтінін ұқтым, деген екен.
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы