Біз қаншалықты өз Жаратушымызды жақсы көретін болсақ, Ол да соншалықты бізді жақсы көреді. Асылында, Алла Тағаланың сүйіспеншілігіне ие болуға себеп болар барлық амалдарды сипаттап беру мүмкін емес. Сондықтан аталмыш сұраққа қатысты ортақ бір қағиданы айта кетуді жөн көрдік. Алла Тағаланың бізге деген сүйіспеншілік дәрежесі, біздің қаншалықты Оның бұйырғандарын орындап, тыйғандарынан тыйылатынымызға байлансты анықталады, яғни, біздің жасайтын әрбір құлшылығымыз, атап айтқанда, намаз, ораза, зекет, ата-ананы тыңдау, туған-туыстарға, мұқтаж жандарға және өзгелерге қамқор болу әрі көмек көрсету және өзге де жақы амалдар Алла Тағаланың сүйіспеншілігіне ие болу құралы болып табылады. Сондай-ақ, зина, өтірік, маскүнемдік, ата-ананы тыңдамау, ғайбат, ұрлық, парақорлық және өзге де барлық тыйым салғаннан бас тарту Жаратушы Иеміздің разылығына бөлену болып табылады.
Хадистердің бірінде былай айтылған: «Алла Тағала айтқан: «Кімде-кім Маған жақын жанға жауласар болса, Мен оған соғыс жариялаймын! Маған жақындауға тырысуда Менің құлымның Мен үшін жасайтын ең ұнамдысы — Менің оған жүктеген міндеттерімді орындауы. Сонда Менің құлым Мен оны жақсы көрмейінше. көп мөлшерде тиісті дүниелерді жасау арқылы Маған жақындауға тырысатын болады, ал Мен оны сүйер болсам, онда оның есту, көру қабілеттеріне айналамын, бір нәрсені ұстайтын қолы және жер басып жүретін аяғы боламын. Және де егер ол Менен бір нәрсе сұраса, Мен міндетті түрде оған сұрағанын нәсіп етемін, ал егер өзін қорғауын сұраса, Мен міндетті түрде оны қорғаймын»» (Бұхари, Рикак, 38).
Екінші жағынан алып қарайтын болсақ, егер Алла Тағаланың бізді қаншалықты жақсы көретінін білгіміз келсе, онда өз жүрегімізге үңіліп, Жаратушымызды қаншалықты жақсы көретінімізге қарайық. Біз қаншалықты Алла Тағаланы жақсы көретін болсақ, ол соншалықты бізді де жақсы көреді. Ендеше, ең алдымен, Алла Тағалаға тәуекел етіп, сенім артуға, Оған құлшылық ету арқылы өз иманымызды нығайтуға, Оны барлық жан-тәнімізбен сүюге, бізге берген барлық нығметтері үшін разы болуға әрі өмір бойы шүкіршілік етіп өтуге міндеттіміз.
asyldin.kz