Стресс туралы ілімнің негізін салушы канадалық физиолог Ганс Сельенің айтуынша, ол барлық адам бойынан көрініс табатын табиғи ахуал. Стресс - депрессияның алдында болатын қиындықтың алғашқы соққысына дененің реакция танытуы. Ол белең алған кезде адам әлсіреп, жүйкесі жұқарады және ол өрши келе депрессия деп аталатын қатерлі деңгейге көтеріледі. Ондай сәтте өмірден түңілген пенде өзіне қол жұмсауға дейін баруы ықтимал. Бұған еш себепсіз жас өмірін қыршыннан қиып жатқан бүгінгі жасөспірімдердің өлімі дәлел. Тіпті үлкен кісілерді сеңдей соқтыратын бұл стресстен бүгінде сәбилеріміз де жапа шегеді. Өз мінезі мен сезімін басқара алмайтын 1 мен 5 жас аралығындағы бүлдіршіннің тез ашулануы, өз дегенін орындату үшін орынсыз жылауы, қалағанын тез бермесең шыдамсыздық танытуы, кейде тілі келмесе де өзіңе сөз қайтаруға тырысуы соның кіші белгілерінен. Оған әсер етуші факторлармен дер кезінде жұмыс жасамаса бала мінезіне кері әсер етіп, шыдамсыздық, күйгелектік, қорқақтық, тілазарлық сынды т.б теріс қылықтар қанына сіңіп кетуі мүмкін. Әр ата-ана баласының ашуға бой алдырып, асығыс әрекетке ұрынбайтын, сынаққа сабыр етіп, қиындыққа қасқайып қарсы тұра алатын адам болғанын қалайтыны айтпаса да белгілі. Осы орайда сізді: "Бүлдіршін стресске қалай түседі? Оған не әсер етеді? Жас сәбиді стресстен қалай қорғаймыз? Қандай белгілері бар? Оны қалай жеңеміз?" - деген сұрақтар мазалап отырған болар?! Ендеше бірге жауап іздеп көрелік!
"Күніне кемі төрт рет микро инсульт алады"
Үлкен адам күйзеліп жүрсе: "Басында уақытша сынақтар болып жатқан шығар",- деп тұжырым жасауымыз мүмкін. Ал қамкөңіл, қарны тоқ баланың мазасы қашып, үнемі бір нәрсеге алаңдап жүруінің қандай себебі болуы мүмкін? Ойланып көрдіңіз бе?
Бірде бір кісі жасқа толған баласын алып, данышпан кісінің алдына келеді де: «Баламды, қалай тәрбиелесем болады?» деп сұрайды. Сонда әлгі кісі: «Сен бір жыл, тоғыз айға кешіктің» деген екен. Біздің сұрағымыздың жауабы да осы жерде. Яғни, тәрбиенің басы бала ішке біткен сәттен-ақ басталады. Құрсақтағы бала мен ананың өмірін бір-бірінен бөліп қарауға әсте болмайды. Аяғы ауыр әйелдің бойындағы күш-қуаты, сезімі (жылауы, күлуі, алаңдауы, ашулануы, шошуы, қорқуы т.б) болашақ сәбиіне тікелей әсер етеді. Тіпті біз ескере бермейтін сериял, кино, қорқынышты видео т.б дүниелер жай адамнан қарағанда жүкті әйелдерге екі есе әсер етеді. Егер ішінде баласы бар адам күніне төрт кинодан көретін болса, кемі төрт не бес рет микро инсульт алады екен. Іштегі баланың күйзеліске бейім болып туылуына бірден бір басты себеп те осы. Оның іштен түрлі ауру болып туылып жатқан балаларға да әсері бар. Сондықтан жүктілік кезінде әрдайым жүйкені тыныштандырып, дәрігердің кеңесімен түрлі дәрумендерді ішіп, таза жүріп, Құранды ашып оқып немесе тыңдап, намаз оқып, пайдалы әңгімелер айтып, біреуге көмек беріп жақсы істерді жиі жасаған абзал. Сонда іштегі бала да рухани жағынан байып жетілетін болады. Мұны көбі біле бермейді. Осы білмегендіктен бармақ тістейтін жағдайлар орын алуда.
"Еркелетудің де ережесі бар"
Бізде баланы: "Тұңғыш немереміз", "Жалғыз баламыз ғой", "Кенжетай", "Атасы мен апасының баласы",- деп шектен тыс еркелетіп жіберу жиі кездесетін жайт. Бірақ еркелетудің де өз ебі бар. Балаңызды өбектегенмен, өмір өз бағасын береді. Қалағанын алып беріп, айтқанын екі етпесеңіз ешнәрсенің нарқын да, парқын да бағамдамайтын, талапшыл болады. Ол аз десеңіз, менің талабым қай кезде де орындала береді екен деген идея қалыптасып, ессіз еркелікті әдетке айналдырады және бүлдіршін үнемі қыңырлыққа салынып, тәттіні дәметеді. Шектен тыс ерке балалар өмірдің қиындықтарына төтеп бере алмайтын стресшіл, депрессияға түскіш келеді.
Естеріңізде болса, ұлт тәрбиесінде еркелетудің де ережесі жазылған. Оны қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлы былай әңгімелейді:
– Бұрын қазақтар ер баланы еркелеткенде басынан сипамаған. Арқасынан қаққан. «Басынан сипау ұл баланы аяп, мүсіркеу сезімдерін туғызады, төмен қарап жүретін жасық болып қалады», – деп түсінген. Ата-ана ел-жұртына қорған болатын, шаңыраққа ие болатын ұлдың көзін жерден алмайтын жігерсіз, есіркеуді тілеп тұратын ынжық болғанын қаламаған. Ал, арқасынан қаққанда ер бала батылданады, жігерленеді, еңсесін тік ұстап, тура қарауға дағдыланады. Неге болса да тайсалмай қарайтын қайратты, батыл болып ержетсін деп ұлды арқадан қағыпты.
Ал қыздарды, керісінше, басынан сипаған. Қыз – жатжұрттық, қыздың бағы үйде емес, түзде. Қыз басқа босағаны аттап, өзге үйдің отын жағады, ұрпағын өсіреді. Қызды «кететін бала ғой» деп еркелетеді. «Алдында не күтіп тұр екен, тағдыр-талайы қалай болады?» деп басынан сипап аялаған. Қыз баланы басынан сипағанда басы еріксіз еңіс тартады, көз жанары төмен түсіп, жасырынады. Кісі бетіне бажырайып қарамайтын әдетке үйреніп, қызға лайық биязы мінез қалыптасады. Міне, жәй ғана арқадан қағу мен бастан сипаудың осындай талғамды астары, тәрбиелік мәні бар. Осыны тәптіштеп жеткізген батырдың айтқанын біріміз білсек, көбіміз естімеген де шығармыз. Расымен де еркелету мен еркеліктің де шегі бар. Кезінде әкелеріміз ойын баласы деп қарамай, сотқарлық жасағанды сабасына түсіріп, қалыпқа келтіретін. Бұзақылығын бетіне басып, екінші мәрте қайталамауды қадағалайтын.
Бала шектен тыс қатты еркелеп кетсе, ештеңе болмағандай бейқам тұра беру керек. Ал сабасына түсіп, өз-өзіне келгенде оны құшақтап, көңіл аударған жөн. Жалпы бала өзіне көңіл аудару қажет болғанда міндетті түрде сұранып, жылап, еркелеп, сіздің назарыңызды аударуға тырысады. Тып-тыныш отырғанда сізден ешқандай алғыс ала алмаған бала сәлден соң іші пысып сіздің ашуыңызды келтіретін қыңыр әрекеттерді жасай бастайды. Оған да мән бермей қойсаңыз, біраздан кейін өзі-ақ қояды. Мәселен, тамды сызып отыр делік. Ол үшін шу шығарып, қолпаштап не ұрсудың орнына түк болмағандай отыра берсеңіз, біраздан кейін өзі-ақ қояды.
3-5 жастағы балалар ойыншыққа, қасыққа, т.б кез-келген затқа таласқыш, қызғаншақ болып келеді. Осы жастағы балалар бір-бірімен жиі жанжалдасады. Егер балаңыз «апа, Аслан менің қаламымды тартып алды» деп шағым айтып келсе, ешқашан «ештеңе етпейді, басқасын әперем» демеңіз. Дұрысы, балаңыз не айтып тұрса, дәл соны қайталау керек: «Аа, Аслан сенің қаламыңды тартып алды ма?» Ол сізге қарап тұрып: «Иә!» деп жауап береді. Міне, оған керегі де – сол. Оның ойынша, сіз оны түсіндіңіз!
"Ой, ол бала ғой не біледі?"
"Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетінін" ескерсек, ата-ананың мінезі, жасаған әрекеттері, ықылас-ниеті, тіпті қылықтарына дейін баласына даритынын оның бойынан бақылау қиын емес. Ата-ана - бала үшін тәрбие эталоны. Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Әкенiң баласы үшiн жақсы тәрбие беруден артық сыйы жоқ!», - деген өсиетін еске алсақ, балаңыздың алдында өзіңізді дұрыс ұстаудың, дұрыс еркелете білудің, мән-мағынасы бар жақсы сөз сөйлеудің нәтижесі бар екендігіне уақыт өте келе көз жеткізесіз (Имам Мүслим). Бала бір сорғыш (губка) іспетті. Көргенінің барлығын бойына сіңіріп алады. Сорғышты қысқанда суы шығатыны секілді, бала бойындағы қасиеттер де түрлі әрекеттер жасап, сынаққа алынғанда көріне бастайды. "Ой, ол бала ғой не біледі?" - деп, оның алдында қысылып-қымтырылмастан жанжал, ұрыс-керіс шығару аппақ парақтай бала санасын улап, жүрегін жаралай береді. Ал жағымсыз дүниені көп естіп, көрген бала тез ашулануға бейім болып тұрады. Бұның үлкен өмірінде де кедергісі бар.
- "Бұл менің балам ба?"
- Иә, иә... Әрине бұл сіздің балаңыз! Есіңізде болса, сізді мазалап, жұмысыңызға кедергі келтірмесі үшін тәрбиесін телефонға, көгілдір экранға, жалпы әлеуметтік желіге сеніп тапсырған балаңыз.
Кімге өкпелей аламыз?! Енді, балаңыз сізді баласындай жұсаса, таңқалмай-ақ айтқанын істеп жүре беруден басқа амал да қалмай бара жатыр. Батырып айтты деп әсте сөге көрмеңіз, шындық қашанда ауыр тиеді. Жаппай жаҺандану келіп еді, баламыздың тәрбиесін лезде жапан түзге тастап қойдық. "Осы жыламасын", "Өзі мен өзі ұйқтап қалсын", "Тірлігімді тындырып алайын" деп жүргенде балаңыз жат біреудің тәрбиесіне телміріп, сізді көрмес, білмес, тыңдамас жанға айналды. Мінезі ауырлап, ашуға тез берілгіштігінің себебін алыстан іздемей-ақ қойыңыз.
"Сен тимесең, мен тиме" деп, оның әлеуметтік желіде не көріп, не үйреніп жатқанынан бейхабар күйде жүре береміз. Жарайды, тәрбиесін жөнге келтірген күннің өзінде, Алла Тағаланың балаңызға аманат етіп берген денсаулығын қалай қалпына келтірмексіз?
Құрметті ата-ана, балаңыздың болашағына қатты алаңдайтыныңызды бәріміз білеміз. Сол үшін еңбектеген сәбиіңізді еріккен экранға емес, адамзатты жаратып, кемел кісі қалыптастырудың пастолаттарын ұсынған Алланың тәрбиесіне әрі имандықпен өрілген дәстүрімізге тапсырыңыз!
"Көңіл бөлмеу"
Балаңыз назардан тыс қалған кезде жылап, мазасыздыққа ұшырай бастайды. Өзіне көңіл аударту үшін түрлі мінез-құлық шығарады. Егер оның қимылын бақылап, жасаған әр ісіне лайықты бағасын беріп отырмасаңыз, ол балаңыздың стресске ұрынуына апарып соғады екен. Сол үшін балаңызды:
- Тамақ ішетін уақыттарына мұқият болу;
- Демалатын уақытына мән беру;
- Қызығушылығын анықтау;
- Ойыншықтарына мән беру (Ұлға - машина, қызға - қуыршақ);
- Үнемі төрт қабырғада ұстамай, сыртқа шығарып тұру өте маңызды болмақ. . Сонда ғана бүлдіршініңіздің мінезі сабырлы, жайдары болып қалыптасады.
Бала – ұлт болашағы, бақыттың бастауы, Алла Тағаланың адам баласына сыйлаған ең үлкен нығметтерінің бірі. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) баланы «жүректің жемісіне», «көздің нұрына» балаған. Ендеше, тізгін ұстар тұлымды ұлдарымыз бен кесте тігер бұрымды қыздарымыз мейлінше тәлімді, ұлт мерейін асқақтатар тәрбиелі болсын деп тілейміз.
asylarna.kz