ЕРТЕ СОЛҒАН ГҮЛ...

ЕРТЕ СОЛҒАН ГҮЛ...

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

 «Ерке апай! Ерке апай, сіз мені түсінесіз ғой» - көзімді ашып қалсам, таң рауандап атып келе жатыр екен. Осы бір нәзік те іші-бауырыңды баурап алар дауысты өңімде естімегеніме 4 жылдың жүзі болып та қалыпты. Өзі үріп ауызға салғандай сүп-сүйкімді, адамды өзіне тартып тұратын күлімдеген көздері бар, осынау нәзік жанды «марқұм» деп  айтуға әлі күнге тілім де бармайды, бірақ Алла Тағаланың жазуынан асып, демі таусылғанда бір сәтке болса да тіршілік кешкен ешбір жан болған емес бұл баянсыз ғұмырда. Бұл жан да Жаратушының оған бөліп берген уақытының біткен сәтінде, шыбын жаны тәнін тастап, бақилық өмірге жас жанын ұрып жүре берген мұсылман сіңілімнің бірі...

...Есіктің қоңырауы басылған соң, істеп жатқан жұмысымды ысырып қойып, есікті ашуға ауыз үйге қарай жүрдім. Есікті ашпай тұрып, әдеттегідей «Бұл кім екен?» деген сұрақты қойдым. Есіктің ар жағынан, «Кешіріңіз, менің атым Жазира. Ерке деген апайға келіп едім», - деп шыққан нәзік дауысты естіп, есігімді айқара аштым. Көз алдымда, орта бойлыдан сәл төмендеу, аққұба жүзді, өзі сондай нәзік, сүп-сүйкімді қыз бала тұрған еді. Езуінде күлімдеп күлкі тұрғанымен, бір байқағаным, қоңырқай қой көздері сондай мұңлы еді. Алайда менің қуанышым басқада болатын, жап-жас болса да басында орамал, үстіне ақшыл түсті ұзын көйлек киіп алған. Сыртқы бет-әлпетінен Алла Тағланың бұйырғандарын орындап, тыйғандарынан тыйылып жүрген жанды көрдім. Бірінші көрген адамым тұрмақ, бұрыннан танитын адамдарымның өзіне суық қарайтын мен, осы бір нәзік жанды құшағыма қалай қысып, маңдайынан сүйгенімді байқамай да қалдым.  Міне, менен қанша жас кіші болса да  менің өмірімнен ерекше орын алған Жазира есімді сұлу жанмен таныстығым осылай басталған еді. Сол кезде ол бар жоғы он жеті жаста ғана болатын...

Зуылдап өтіп жатқан уақыт қандай десеңізші, таң атса – түн батады, түн батса – таң атады. Жазирамен таныс болғанымызға да бес жылдың жүзі болған. Уақыт өте келе, жақын араласа жүріп, Жазира менің туған сіңілімдей болып кетті. Жастығына қарамастан, сондай ақылды, сондай сабырлы, шыдамды жан еді. Алғаш көргендегі әдемі қой көздерінде тұнып тұрған мұңның да себебін білдім. Алла Тағала сүйген құлдарына ғана сынақ береді дегендей, бұл жас жанның да жанын жегідей жеп жүрген үлкен де ауыр сынағы бар болатын басында. Сол пешенесіне жазылған сынақты Жазира сіңілім мойымай-ақ көтере білді. Қандай қиналып жүрсе де сабырлық танытып, мұның бәрі өткінші нәрсе ғой деп айтатын еді марқұм. Тіпті жан тәсілім етерінің алдында да сол бір сабырлы қалпынан айнымады. «Йасин» сүресін тыңдап жатып-ақ жүре берді. Алла Тағаланың жазуы солай ғой – жазылмас дертке ұшыраған Жазира 22 жасқа толғанына  22 күн болғанда бұл дүниемен қоштасып кете барды. Алла Тағаланың бұйрығына мойынсұнудан басқа біздің қолымыздан келер шара жоқ. Жаратушының тағдырына разы бола білу де бақыт деп айтқанымызбен де, бір «әттеген-ай» деген ащы өкініш кейде өзегімді өртеп кетеді...

Отбасының сүйеніші, анасы мен туған сіңілісінің ақылшысы, көмекшісі, туған-туыстарының сыйлы да сүйкімді жиені, дос-жарандарының арасында беделді де ақылды, көркем сырласы болған Жазираны о дүниелік болды дегеніне әлі де сене алар емеспін, бірақ Алла Тағаланың жазуына қарсы келе алмаймын, сондықтан да өмірінің соңғы сәттеріне дейін, қиналып жүрсе де, Аллаға деген сенімін жоғалтпай, құлшылық етіп, бес уақыт намазын тастамаған Жазира сіңілім үшін Қасиетті Құран сүрелерінің сауабын бағыштап отырамын. «Арманым – бір күн болсын ораза ұстау», - деп айтушы еді марқұм. Алайда ағзасын күнделікті қамтамасыз етіп отыратын дәрілік препараттарды қабылдауы себепті, ораза ұстай алмайтын еді, ораза ұстай алмай-ақ кетті. Рамазан айында ораза ұстамауға Алла Тағаланың Өзі рұқсат берген адамдар санатына жататынын Жазира марқұм сол кезде білмей-ақ кетті... Ал он екі мүшесі сау, денсаулығы мықты бола тұра ораза ұстамайтын, намаз оқымайтын жандар қаншама десеңізші?..

Иә, мұсылман бауырлар, күндердің күнінде, қызығы мен шыжығы мол бұл пендешілік өмірді артқа қалдырып, Алла Тағаланың қалаған сәтінде бізге дейін бақилық болғандардың соңынан еріп біз де кетерміз. Сол кезде біздің де соңымыздан,  қол жайып Алладан біздің жанымызға сауға тілеп Құран бағыштайтын мұсылман баласы табылар деп үміттенемін. Денсаулығы жоқ болса да бес уақыт намазын қаза етпей оқып жүрген жандарға қарап, дені сау адамдар  неге құлшылық етпейді екен деген ойға қалатыным өтірік емес. Қамшының сабындай осынау қысқа ғана өмірімізді Алла Тағалаға құлшылық етумен өткізіп, екі дүниеде де Оның разылығына кенелуге тырысайық, ағайын. Ақирет өмірімізге ала кетер жақсы амалдарымыз көп болғай деп тілеймін.

Ал Жазира сіңілімді ойлаған кезімде, мына бір өлең шумақтары тілімнің ұшына орала кетеді:

...Бастау алдың таза кәусәр бұлақтан,

Өттің барлық өмірдегі сынақтан.

Бір Аллаға өзіңді, жаным, тапсырдым

Қош бол, күнім, орның болсын Жұмақтан!

...Көзіме үйірілген жастан бұлдырап оқылмайтын бұл шумақтар «ЕРТЕ СОЛҒАН ГҮЛ» деп жылаған жүрегімнің дүрсілімен бірге айтылып тұратындай болып көрінеді маған...

Ақерке СЫДЫҚОВА

 Арнайы asyldin.kz үшін

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: