Рамазанға дайындық: ағзамызды оразаға дайындау

Рамазанға дайындық: ағзамызды оразаға дайындау

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қасиетті Рамазан айына 12 күн қалды.

Көптен зарыға күткен оразаға да санаулы ғана күндер қалды. Біз өзіміздің оқырмандарымызбен бірге Қасиетті Рамазан айына дайындалу үстіндеміз. Бүгін біз оразаға медициналық тұрғыдан көз салып көрейік: 30-күндік оразаның ағзамызға қалай әсер ететінін, ауызашар мен сәресіге қандай тағам дайындауға болатынын, қандай қарсы көрсетімдердің болатынын және осы күндері ағзамыздағы күш-қуатымызды қалай демеп отыруға болатыны жайында әңгімелесеміз.

Сырқат адам және ораза

Алдымен ораза ұстаушының уәжділігін анықтап алуымыз маңызды: біреулер оразаны Алла разылығы үшін ұстаса, ал енді біреулер денсаулығын түзеп алу үшін ұстайды. Бұл жерде адамның рухани құраушысы маңызды болмақ. Рамазан айында денсаулықтарының нашарлығына қарамастан ораза ұстай жүріп, физикалық жағдайларын жақсартып алған адамдар аз емес.

Денсаулығымызды дәл оразаның алдында жылына бір рет қана есімізге түсірмей, алдын-ала дәрігерге қаралып, емдеп алғанымыз дұрыс.

Науқас адам диета ұстап, үнемі тамақ пен су ішіп, күні бойы қажетті дәрі-дәрмектерін қабылдап, минут сайын ағзасының тірлігін қамтамасыз етіп отыруға мәжбүр болатын сырқаттың түрлері бар. Мұндай дертке шалдыққан жандарға ораза ұстауға тыйым салынған.

Мысалы, қант диабетіне шалдыққан жан ағзасындағы глюкозаның құрамын бақылап отыруы тиіс және уақытлы ас-суын ішіп, қантын жеп әрі инсулин инъекциясын салып отырады. Бұл ойық жара ауруларына да қатысты, бірақ, сөзсіз, дәрігердің кеңесі маңызды және мұны тура оразаның алдында жасамай, алдын-ала жасап отыру қажет.

Алайда нақты бір уақытта ішілетін дәрі-дәрмек жөнінде не айтуға болады? Дәрігермен кеңесіп, бұл дәріні тәуліктік әсері бар дәріге алмастыруға болатындығын білу керек. Онда дәріні ауызашарда ішіп, оразаны ұстай беруге болады.

Сондай-ақ, адам қобалжып, абыржитын болса, оның дерті асқына беретінінде естен шығармау керек. Ең дұрысы денсаулыққа қатысты мәселені тез арада дәрігермен кеңесіп отырған абзал.

Былай айтқанда, әлдебір себептермен ораза ұстамауға тырысатын адамдар бар, ал енді бір адам бар ораза ұстағысы келеді, алайда денсаулығына байланысты оған ораза ұстауға мүлде болмайды. Осы екі адамның арасындағы нәзік қырды көре білген жөн. Екінші жағдайда тәжірибелі, білікті имам Рамазан айында нақты бір адамдар санатына ораза ұстамауға құқы бар әрі мұның Алла Тағаланың әлгі адамға берген сыйы екенін және бұл сыйдан бас тартуға болмайтынын дұрыстап түсіндіріп беруі қажет.

Рамазанда дұрыс тамақтану

Рамазан айында тек қана дұрыс тамақтану ғана емес, сонымен қатар, ағзамыздағы су деңгейін үнемі сақтап отыруымыз қажет. Сәресі мен ауызашарда жейтін тамағымыз күнделікті жейтін тағамымыздан айтарлықтай өзгеше болмағаны жөн. Бастысы, асымыз – қарапайым да тойымды болғаны абзал.

Ал ауызашардағы тағамға келер болсақ, аузымызды бірнеше құрма және бір стақан сумен ашып, асқорыту жүйесінің жұмысын іске қосқан жөн. Ал ақшам намазымызды оқып алып, содан кейін ғана мол дастарханға отырсақ нұр үстіне нұр болады.

Біздің сүйікті Пайғамбарымыздың (ﷺ) мына бір сөздерін есімізде ұстау маңызды: «Адамның өмір сүруіне аз ғана тағамның өзі жеткілікті. Асқазанның үштен бірін – тағаммен, екінші бөлігін – сумен, ал үшінші бөлігін – ауамен толтырыңдар».

Дүние жүзіндегі диетологтар өздерінің діни ұстанымдарына қарамастан тағамдардың гликемиялық индексіне көңіл аударуды ұсынады, бұл көмірқышқылдың тез арада глюкозаға айналып қанға түсетінін көрсетеді. Индeĸc төмен болған сайын тағам қантқа баяу айналатын болады, бұл біздің ағзамызға тіптен жақсы – қанның құрамындағы қанттың деңгейін қалыпты жағдайда ұстап қана қоймай, сонымен қатар, аштық сезімін жойып, тәбетті төмендетуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, қанның құрамындағы қант деңгейін бақылауға болады.

Қуырылған тамақтан бас тартуға кеңес берер едік, өйткені ол күш-қуат бермейді, тек адамды тез шаршатып тастайтын болады. Одан да балық, ірімшік пен жаңғақтар жеген дұрыс. Мұндай тағамдар ағзаны ұзақ уақыт бойы тойымды сезімінен айырмайтын болады.

Тұзды жаңғақтарды жеуден аулақ болыңыздар, өйткені олар адамды қатты шөлдетеді. Жеткілікті түрде сұйықтық ішіңіздер. Құрамында кофеині бар сусындарды ішуден шектеліңіз. Шай мен ĸoфe, сондай-ақ, суық сусындар несеп шығаратын құрал болып табылады әрі судың тез жұмсалуына себепші болады, бұл өз кезегінде ағзаның сусыздануына әкеліп соғуы мүмкін.

Әр адамның өз энергиялық қоры бар, ағзадағы судың азаюы зат алмасудың әлсіреуіне әкеліп соғады. Судың негізгі ішілетін уақыты ауызашарда тамақ ішердің алдында болуы қажет, атап айтқанда, шамамен 2 стақан су ішілуі тиіс.

Енді, жоғарыда айтылғандарды түйіндеп өтейік:

1. Егер адам сырқат болса әрі ораза ұстау оның денсаулығына айтарлықтай зиян тигізер болса, онда оған міндетті түрде дәрігермен ораза ұстау жөнінде кеңесуі керек.

2. Жүрек-тамыр ауруларына шалдыққан адамдарға да ораза ұстау ұсынылмайды, өйткені тер арқылы ағзаның көп су жоғалтуы себепті қанның қоюлануы әрі оттегі жетіспеушілігі орын алады. 16 сағат бойы су жүйесінің қалпына келтірілмеуі  зарарлы салдарға әкеліп соғуы мүмкін.

3. Медицина қызметкерлерінің кеңесі бойынша, ауызашарда құрмамен, жеміс-жидектермен бастау абзал. Ет пен балық, ашытқан сүт өнімдерін жеп, су жетіспеушілігінің орнын толтырған дұрыс.

4. Тұздалған тағамдардан бас тартып, оның орнына баяу сіңетін тағамдарды жеу керек.

5. Егер дәрігер тағайындаған дәрі-дәрмектер болса, оның уақытын үзбей қабылдап отыру қажет.

6. Ыстық күндері физикалық жүктемелерден бойыңызды аулақ ұстаңыз – спорт залдарына, монша-саунаға бармаңыз, бау-бақшада жұмыс істеуді азайтыңыз. Спортпен айналысуды кешке қалдырыңыз.

7. Ыстық күндері табиғи матадан тігілген ашық түсті киімдер киіңіздер, күннің астында жалаңбас жүрмеңіздер.

Демек, осы кезден бастап Рамазан айында сәресі мен ауызашарда ішіп-жейтін тағамдардың мәзірін дайындай беруіңізге болады. Сондай-ақ, бұл кеңестер осы кезде нәпіл ораза ұстап жүргендерге де көп көмегін тигізер деп сенеміз.

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: