ҚМДБ-ның тапсырмасымен, Жамбыл облысының өкіл имамы Қанат Әділханұлының бастамасымен, Тараз қаласының бас имамы Ахметов Ғазиз Нұртайұлының ұйымдастыруымен, мешіт қызметкерлерінің ат салысуымен қалалық орталық «Кеңесхан қажы» мешітінде «Қош келдің, Әз-Наурыз» атты ұлттық мерекеміз аталып өтті. Қала имамдары мен жамағатына киіз үй тігіліп, балаларға арнайы батуттар мен балалар пойыздары қойылып, ұлттық тағамдардан дастархан жайылды. ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкілі Қанат Әділханұлы көпшілікті Наурыз мерекесімен құттықтап, елімізге бірлік пен береке болсын деп тілегін арнады.
Дін мен дәстүрді бағалай білген жұртшылық ұлыстың ұлы мерекесі Наурызбен бір-бірін қол алысып құттықтап, көрісті.
Қонақтар дастархан басында Наурыз көжеден дәм татып, ақсақалдар бата берді.
Сондай-ақ, ер азаматтар гір тасын көтеру, қол күресі, арқан тарту ұлттық ойындарынан күш сынасып, жеңімпаздар сыйлықтармен марапатталды. Арқан тартудан I орынды «Ақсарай», II орынды «Арлан», III орынды «Әзірет Әли» командасы иеленді.
Асыр салып ойнаған бүлдіршіндер ата-аналарын қуантып, көпшілік мерекелік көңіл-күймен алғыстарын білдірді.
Көп балалы 5 отбасына азық-түлік түрінде қайырымдылық жасалып, 15 теңге жұмсалды.
«Кеңесхан қажы» мешітінің баспасөз қызметі