Бүгінде діни экстремизм дүниежүзі бойынша күрмеуі қиын әрі өткір мәселеге айналып отыр. Діннің атын жамылып, ұлттар мен діндер арасына от салудың нәтижесі үлкен қақтығыстарға алып келетіні анық. Әсіресе, ислам дінінің негізін дұрыс түсінбеген жастар жат ағымдардың жетегіне еріп, теріс жолға түсіп жатады. Осындай мәселелердің алдын алу, жастарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында бүгін «Салихалы ұрпақ» қайрымдылық қорының ұйымдастыруымен Т.Рысқұлов ауданы Өрнек ауылында «Діни экстремизмнің алдын алып, дәстүрлі ислам құндылықтар мен бабалар мұрасын өнеге тұту» атты кездесу өтті.
Шараға облыстың өкіл иамы Қанат Жұмағұл, Алматы орталық мешітінің наиб имамы Ермек Көкрекбаев, ауданың бас имамы Сұлтаншәріп Джадраев пен «Салихалы ұрпақ» қайрымдылық қорының басшысы Қасабеков Қасым қатысты.
Экстремизм мемлекет тұтастығы мен ұлт қауіпсіздігіне және азаматтардың құқығы мен бостандығына үлкен қауіп төндіретіні белгілі. Діни экстремизм ескерткіш парақшалар, экстремистік әдебиеттер, белсенді миссионерлік қызмет арқылы мәліметтерді тарату және мұсылман мемлекеттерінің жоғары оқу орындарында білім алып жатқан жастарды құрамына тарту арқылы көрініс тауып отыр.
Өкіл имам Қанат Жұмағұл өз сөзінде: Экстремизмге карсы мемлекетіміз үлкен қаржылық, әкімшілік және ақпарат ресурстарын тез әрі жедел түрде жұмылдыра білді. Діни теріс ағымдар өзінің құрамын көбейту мақсатында нысанаға жастарды көздейтіні мәлім. Оған бірқатар әлеуметтік себептер де бар: жастар арасындағы діни сауатсыздық, білімсіздік, жұмыссыздық. Сондай-ақ жастардың негізгі ақпарат көзі болып табылатын ғаламтор мен әлеуметтік желілердегі экстремистік бағыттағы ақпараттардың кең таралуы. Жастар арасындағы шешімін таппаған өзекті мәселелер экстремистердің басты қаруына айналып отырғандығына тоқталды. Бүгінгі радикалды ағымдардың негізгі мақсаты – дін мен дәстүрдің сабақтастығымен осының нәтижесінде қалыптасқан дәстүрлі рухани құндылықтарды жоюды нысанаға алатындығына назар аударылды. Діни экстремизмге қарсы құрал – ғасырлар қойнауынан келе жатқан халықтың өзінің төл рухани құндылықтары мен дәстүрлі исламның негізгі қағидалары. Дәстүрлі исламның барлық мақсаты тура жол бағытындағы қағидалар. Тәрбиенің түп қазығы салт-дәстүр екендігін жастардың санасына сіңіріп, түсіндіру қажеттігі.
Әбілда Мейірханов