Ысырапшылдыққа жол жоқ

Ысырапшылдыққа жол жоқ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкілдігі мен облыс әкімдігі Дін істері басқармасының бірлесе ұйымдастыруымен «Қаралы үйдегі ас мәзірі және жаназа рәсімдері» атты дөңгелек үстел өткен болатын. Осыған орай, наурыз айының 18 күні орталық мешіттің бас имамы Аят қажы Дыбысұлының ұйымдастыруымен Шу аудандық "Төле би" орталық мешітінде аталмыш жиынның аудандық форматы өтті. Оған аудандық ардагерлер ұйымының мүшелері, ауылдардағы ақсақалдар алқасының төрағалары, ауылдық мешіттің имам-молдалары және БАҚ өкілдері қатысты.

Алғаш болып сөз сөйлеген Аят қажы Дыбысұлы қазіргі таңда жаназа дастарханы тойға жайылған дастарханнан кем түспейтінін айта келе, осы олқылықтың орнын толтырып, ауыл ақсақалдары мен имамдарды ысырапшылдықтан аулақ болуға шақырды.

Расында осы күні қаралы үйде қазан көтеріліп, жақынын жоқтаудың орнына қазалы шаңырақ көңіл айтып келген келімді-кетімді кісіні күтумен әлек болып жүр. Және жаназаға жайылған дастархан тойдікінен кем соқпайды. Сондықтан, жақынынан айрылған адамдар оны ақтық сапарға шығарып саларда «қалтасының тесігі» көрініп, қарызға белшесінен батып қалуда. Біздің асыл дініміз исламда бұндай ысырапшылдыққа қатаң тиым салынған. Сондай-ақ, ата-бабаларымыз да қаралы үйден қазан көтермей, жаназадағы құдайы тамақты қарапайым дастарханмен өткізген. Неге? Себебі, жаназға келгендер жайылған дастарханға емес, марқұм болған адамның жақындарына көңіл айту үшін келеді. Бірақ, соңғы кездері қалталы адамдар жақынынан айрылса, алыстағы ағайыны бар, жақындағы көршісі бар бәрін тойға келгендей күтіп алатын болды. Бірте-бірте ысрыпшылдықты жойып, қазалы үйде қазан көтеруді тоқтатсақ деді,- Аят Дыбысұлы.

Имамның бұл пірімен жиынға жиналғандардың барлығы дерлік келісіп, өз ойларын ортаға салды. Мәселен, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қазақбай Байжұманов бұл мәселе аудан аумағында 2-3 жылдан бері көтеріліп келе жатқанын және кей ауылдарда оң шешімін тауып жатқанын тілге тиек етті. Жиынға жиналғандардың айтуынша, жаназаны ысрыпшыл өткізуде Ақтөбе және Балуан Шолақ ауылдары өзгелерге үлгі көрсетіп тұр екен. Қалған ауылдар осы үрдісті жалғастырса, жақын күндері жаназадағы құдайы тамақ дастарханының ас мәзірі бірізділікке түсіп, ысырапшылдық азаяды деген ойдамыз.

                            Шу аудандық "Төле би" мешітінің баспасөз қызметі

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: