Құран алдындағы уәжіптер.

Құран алдындағы уәжіптер.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Аллаһ  Тағала  Ислам үмметіне жаңа тарих берді.  Яғни, ол -  Ислам тарихы. Ислам тарихы алдыңғы үмметттің тарихын қайталамайды. Сонымен қатар, жаңа тарих беріп, тура жолды бір қалыпты жүріп, адасудан сақтайтын,  әрдайым тура бағыт көрсетіп, ескертіп отыратын Құран Кәрімді үлкен нығмет етіп берді. Сонымен, жаңа тарих дегеніміз - жаңа үкімдер. Яғни, Құран үкімдері. Бұл үкімдер Ислам үмметін зұлымдықтан, қараңғылықтан жарыққа шығару үшін берілді.


Құранда «Ибрахим» сүресінің  10-аятында былай делінген: «Алиф, ләм, ра. Біз саған адамдарды олардың Раббысының рұқсатымен (қалауымен) оларды тұңғиықтан (қараңғылықтан) жарыққа және Құдіретті, Мақтауға лайық болған Аллаһтың жолына шығаруың үшін кітап түсірдік».
Құран  - ол бүкіл бүлік атаулыдан, жамандықтан құтқарушы. Ол бүкіл жақсылықтың басы (түбірі), әрі қиындықтан амандықпен шығарушы. Қашан үмметтен Құран көтерілсе, сонда шекарасы тартылады, әріптері, аяттары ұмытылып, үкімдеріне амал істеу тасталады. Сондықтан Құран Кәрімдегі уәжіптерімізді үйреніп, дұрыс амал істеуіміз қажет.
Уәжіптер:


1. Құранға күмәнсіз, толықтай иман келтіру. Құранда «Бақара» сүресінің 1-2 аяттарында: «Алиф, ләм, мим. Ол кітап - онда ешқандай күмән жоқ, әрі ол тақуалар үшін тура жол», - делінген.

 

2. Тилауатпен хақын беріп дұрыс оқу. Құрандағы «Анкабут» сүресінің 45-аятында: «Саған (Құран) кітаптан уахи етіп берілгенді тилауатпен оқы және намазға тұр», - делінген.

 


3. Құранды көкіректе жаттау. Яғни, Құран үкімдерінің ешбірін қысқартпай, толық көкірек көзбен ұмытпастай жаттау. Құранда: «Керісінше,  ол (Құран) анық айқын аяттар білім сый етіп берілгендердің (білім иелерінің) көкірегінде (жүрегінде)». («Анкабут» сүресі, 49-аят).

 

 

4. Құранды оқығанда мағынасына мән беріп, ой елегінен өткізу. Құранда: «Ол қасиетті кітапты олар оның аяттарына ой жүгірту, ойлану үшін және ақыл иелеріне зікір ету үшін Біз саған  түсірдік», - делінген. («Сад» сүресі, 29-аят).

 

5. Бұйырған бұйрықтарын орындап, қайтарғанынан тыйылу. Құранның «Хашр» сүресінің 7-аятында: «Пайғамбар алып келген нәрсені алыңдар (орындаңдар), ал ол қайтарған нәрселерден тыйылыңдар (тастаңдар)», - делінген.

 

6. Мухкам аяттарға амал істеп, муташабих аяттарға иман келтіру. Құранда: «Білім негізін білуші ілім иелері. Біз оған иман келтірдік, мұның бәрі біздің Раббымызда»,- дейді. Әрі оны ақыл иелері ғана зікір етеді», - делінген. («Әли-Имран» сүресі, 7-аят).

 

Осы дәлелдерге сүйене отырып, Ислам ғұламалары Құранды құрмет қылу, ұлықтау, қорғау әрбір мұсылманға уәжіп екендігіне бір ауыздан келісті. Сондықтан, бәрімізге Аллаһ Тағала Құран алдындағы  уәжіптерімізді нәсіп етті, жеңілдік берсін.

 


Зәуре Шадиева,
«Һибатулла Тарази» мешіті жанынан ашылған
қыздар сауат ашу курсының ұстазы.

 

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: