Жерлеу рәсімі мен ас беру тәртібі енгізілді

Жерлеу рәсімі мен ас беру тәртібі енгізілді

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Торқалы той болып, топырақты өлім шыққан отбасына тайлы-таяғы қалмай жиналып, шаруасына көмектесіп, көңіл жәрдем, қол жәрдемін аямайтын қазақтың ауызбіршілігі таймады. Алайда қаралы үйде қара қазан жабулы емес, керсінше, қазаға қайғырып жүргендер көңіл айтып келгендерге дастархан жайып, әлек болуда. Осы бір мәселені шешуді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қолға алған болатын.

Осыған орай, орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің және Жамбыл облысы әкімдігі Дін істері басқармасының ұйымдастыруымен «Қаралы үйдегі ас мәзірі және жаназа рәсімдері» атты дөңгелек үстел өтті.

Жиынға Жамбыл облысы әкімдігі Дін істері басқармасының басшысы, Қоғамдық кеңес өкілдері, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері, Облыстық Ішкі саясат басқармасы, «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық  филиалы, облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы, Этно-мәдени орталықтардың өкілдері, ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы өкілдігі, Тараз қаласы мен аудан бас имамдары, ҮЕҰ өкілдері, БАҚ өкілдері, тойхана мен мейрамхана басшылары қатысты.

ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы өкілі, «Һибатулла Тарази мешітінің бас имамы Қанат Жұмағұл: «Бүгінгі таңда қоғамда ысырапшылдықтың түрлері көбейіп кеткен. Халқымыздың «Өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деген сөзі қазіргі кезде шындыққа айналып бара жатқаны қынжылтады. Қаралы үйдің жағдайына қарамастан, қонақасы мен жетісі, қырқы, жылдық асына жайылған дастарханның ас мәзірі тойдан кем болмай тұр» - дейді.

Қайғылы күндегі ысырапшылдық ас мәзірінде ғана емес, жаназа төңірегінде де көрініс беріп жатқаны күн тәртібіне қойылып, талқылануға ұсынылды. Қоғамдағы басты мәселенің түйінін тарқатқан мәжілісте қатысушылар өз пікірлерін білдіріп жатты:

– Негізінде осындай қаралы күндерде бәріміз бірігіп, бірлесе отырып, мақалла құруымыз керек. Мынау өзбек ағайындарда мақалла мақалла болып, қайтыс болған отбасыларға көмек қолын созып жатады. Бүгіннен бастап біз мақаллаға көңіл бөліп, әрбір мақаллада осындай рәсімдерді бірге атқарып, кезек кезегімен өткізсек, - деп Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Шәріп Дәулетбаев ой қосса, "Ахыска" түрік ЭМБ төрағасының орынбасары Ибрагим Зуфаров: «Бізде түрік халқында қайтыс болған марқұмға сонау Түркиядан да көңіл айтып келіп жатады. Сонда кейде біздегі болып жатқан дарақылықты, ысырыапшылдықты көріп жағаларын ұстап жатады. Мынау сіздердің көтеріп жатқан бастамаларыңызды бір ауыздан қолдаймын» - деді.

Дөңгелек үстелге жиналған көпшілік бір ауыздан кеңесе отырып: Жаназа рәсіміне арналған ас мәзіріне кіретін тағамдар: бауырсақ, тандыр нан, тәтті нан, қант, кәмпит, жент  немесе талқан және салат болса, сондай-ақ ыстық тамаққа ет асу немесе палау (екеуінің біреуі) кіреді; тамақтандыру орындарында бір кісілік ас мәзірі – 2000 тг мөлшерінде болса; қаза – жарыса сөз сөйлейтін той емес, сондықтан қаралы үйде, жиын астарда көңіл айту үрдісін сақтап, жұбату сөздерімен ғана шектелсе; мәйіт үйде бірнеше күн сақталмай, шариғат заңымен ертерек жерленсе, мысалы, таңертең қайтқан марқұм келесі күні таңертең, ал түс қайта дүние салған марқұм келесі күні түстен кейін жаназасы оқылып,  жерленсе; қабір басында ата-атаға таратылатын  ақша, шапан және жыртыс беру тоқтатылса; қала, аудан және ауылдық зираттарда мұсылмандық қабір әдептері мен тыйымдары жазылған тақтайшалар орнатылса; шариғат талабына сай қайғы жамылып отырған отбасыға қамқорлық, қолдау мақсатында көршілері, туысқандары ас-ауқат пен жаназа шығындарын өз мойнына алса; мәйіт шыққан үйден қырқына дейін ірі қара (жылқы, сиыр) шалу тоқтатылса; мәйіт жерленбей тұрып, ас беру тоқтатылса сынды ұсыныстар ортаға тасталып, мәжіліс төрағасы Жамбыл облысы әкімдігі Дін істері басқармасының басшысы Жанкелді Омаров қатысушылармен бірге шешім шығарып, қаулы қабылданды.

«Біреудің кісісі өлсе қаралы - ол, Қаза көрген жүрегі жаралы - ол» дейді Абай атамыз. Ендеше, ұлт болып, халық болып, дәстүрге жаңадан еніп кеткен ысырапшылдықты тоқтатуға, оны реттеу жолын қарастырған жиындағы шешімге сізде қосылып атсалыса жүріңіз оқырман.

Ақерке БЕКҚҰЛОВА,

«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (6)

Оқи отырыңыз: