Белгілі бір адамға қажылық ғибадатының парыз болуы үшін төмендегі шарттар орындалуы керек.
1. Мұсылман болу.
Мұсылман еместерге қажылық парыз емес. Сондықтан мұсылман емес адам қажылық ғибадатын орындап болғаннан кейін Ислам дініне кірсе, шамасы жеткен жағдайда қайтадан баруы керек.
2. Ақыл – есі дұрыс және балиғат жасына жету.
Балиғат жасына жетпеген балалар мен ақыл-есі дұрыс еместерге қажылық парыз емес. Бұл екеуі қажылықты атқарса, сосын бала балиғат жасына жетсе, ақыл есі кем адам жазылса, қажылықты шамалары жеткен жағдайда қайта орындаулары парыз. Жас баланың балиғат жасына дейінгі жасаған қажылығы – нәпіл қажылық саналады.
3. Азат болу.
Қажылық ұзақ уақыт атқарылып, ұзақ сапарды талап ететіндіктен тұтқындарға, түрмедегілерге, құлдарға қажылық ғибадаты парыз емес. Өйткені, тұтқындарда ондай мүмкіншілік жоқ.
4. Уақыт.
Арафат тауында арнайы белгіленген тұру уақыты мен зиярат тауабы уақытына өмірі жетпеген адам үшін қажылық парыз емес.
5. Қажылық ғибадатын орындауға шамасының жетуі
а) Денсаулығы болуы
Денсаулығы нашар, алып жүретін адамы жоқ соқыр, ақсақ, сал сияқты ауруларға ұшырағандарға және көлікке өздігінен міне алмайтын қарт кісілерге қажылық парыз емес.
ә) Қажетті қаражаты болуы
Қажыға барып-келу қаржысын, жолда, қажылықта жейтін азығына және әйел бала-шағасының, жалпы қарауына міндетті адамдардың қажылықтан қайтып оралғанға дейінгі қаражатын көтере алатын адамға қажылық парыз. 394 Ислам ғылымхалы
б) Баратын жолдың сенімді болуы
Қажылыққа барудың парыз болуы үшін жол сенімді болуы керек. Баратын жолда соғыс немесе басқа да қатерлі жағдайлар туындаса, қажылыққа бару парыз емес.