Адам рухы әу баста уәдеге берік болып, уақыт өткен сайын әр түрлі кедергілердің кесірінен Жаратушысын ұмыта бастайтыны қалай?
Неге адам өз мүмкіндігін пайдалана алмай, өмірге не үшін келгендігін бір сәт санасынан шығарып алады... Аллаға иман бүкіл құдайлық діндердің негізін құрайды. Көктен келген діндердің бәрінің де алғашқы негізі Алланың барлығы мен бірлігіне иман келтіруден тұрады.
Алдымен осыны қабыл етпей басқа негіздерге өту, иман ету болып саналмайды. Өйткені, Алланың періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына, ақырет күніне және тағдырға сену, осы бір Ұлы Жаратушыны қабыл етуіне байланысты.
Аллаға иман – діннің негізі. Сондықтан Ислам кәмелетке жетіп ақылы толысқан адам баласына, бүкіл ғаламды жоқтан жаратқан, бастауы мен соңы болмаған Ұлы Жаратушыны қабыл етіп мойынсұнуды парыз еткен. Неге қабыл етіп мойынсұнбасқа.
Ұлы Жаратушы жеті қабат ғаламды өзінің ұлылығын паш етіп, қарағанды таң қалдырып тамсандырып, бас айналдыратын аса алып сарай етіп жаратты. Осы бір алып сарайдың бірінші қабатының өзі, әлі осы уақытқа дейін ғалымдардың есебіне жете алмаған сансыз галактикалардан тұратын еді. Ал, жерді адамзатқа бесік етіп жаратты. Әрі оны адам баласына алып дастархан етіп, оның асты-үстін бетін миллион түрлі тағамдармен толтырды.
Айды нұр, күнді шырақ етіп жаратты. Жер бетіндегі өсімдіктер, жан-жануарлар сонымен қоса барлық тіршілік атаулыға жеке-жеке іс істеуді әмір етті. Барлығы да өз істерін істеп, келетін қонаққа даяр күйде еді. Міне осының бәрі дайын болғаннан кейін Ұлы Жаратушы Алла өзінің құрметті қонағы болатын адамзатты жаратты. Алла адамзатқа жер менен көктерді бағындырды.
Осынау Ұлы Жаратушының жер бетіндегі халифасы болған қонағына көктегі Күн қол қусырып, қызмет етіп, нұрын төкті. Ай жер-бесіктің тербетілуінің тепе-теңдігін сақтап тұр. Жер де бауырындағы қонағын кеңістікке ұшып кетпеуін қадағалап, жылы жаққа ұшқан аққудай Күннің айналасында Алланың әмірімен жүзіп жүр. Иә, адам Ұлы Жаратшының жер бетіндегі құрметті қонағы еді. Сондықтан да адам баласы Оны тануға, білуге тиіс. Осыған мәжбүр де. Өйткені, адам баласы бұл ғұмырға келген соң, ұяда қанат қаққан балапандай сон-ау бала жастан өмірді танып білуге тырысады. Сол өмірде бақытқа қол жеткізіп, мақсат-мұратының шыңына шықсам, деп, арман етеді. Ал, өмірді танып білу деген не? Бақыт деген не? Мақсат- мұрат деген не?
Біреулер бақыт менің балалығым дер, біреулер бақыт менің даналығым, дер, ал, енді біреулер менің ашқан жаңалығым, дер. Ал, мақсат-мұрат деген де адамның мінезіне қарай өзгермек. Біреулер ана шыңға шықсам, дер, біреулер мына биікке шықсам дер, біреулер жете алмас, біреулер жетсе де, одан биік шыңды байқап тауы шағылмақ. Сол кезде соны арман етіп сарғаяр. Демек, бұған салсақ, бақыт пен арман адамның жан-дүниесі мен ой-санасындағы қиялының ұшқырлығына байланысты өзгеріп тұрмақ. Бірақ, мен өткінші жауындай тез өтетін, тез сөнетін бақыт пен арман жайлы айтып отырған жоқпын. Мен нағыз бақыт пен арман жайлы айтып отырмын.
Адам баласы өз ойына, өз жан-дүниесіне сай бақыт пен арманға қол жеткіздім десе де, бұл нағыз бақыт пен арманның өзі емес, оның өткінші елесі. Адам жан-дүниесінің жеті қат теріңіндегі ар-ұжданы мен ой- санасының ұшқыр қиялы қанағат тапқанда ғана нағыз бақыт пен арманның шыңына қол жеткізе алады. Ол да шексіздік.
Адамның болмысы мәңгілікті, мәңгілік бір бақыттылықты қалайды. Ол фәни бақыттылыққа көңілі жұбанғанмен, тола қоймайды. Оны тек «мәңгілік бақытты өмір», ғана толықтыра алмақ. Мысырдағы перғауындардың денесін мумиялап кейінгі ұрпаққа қалдырулары, кейбір жандардың ұрпаққа аңыз болып қалатындай іске ұмтылулары, осы мәңгілік өмірге деген сезімнің белгісі. Мен өлермін, бірақ, ісім өлмейді, атым өшпейді, ұрпақ мен жайлы айтып жүрсе онда менің өмір сүргенім емес пе? деген өз-өзін жұбатудың көрінісі. Міне, осылар Алланың барлығының дәлелі. Өйткені, мұндай мәңгі бір бақытты ғұмырды, бастауы мен соңы болмаған мәңгі бар болған біреу ғана бере алады. Ол да болса осы әлемді жоқтан жаратқан Ұлы Жаратушы.
Адам баласы Ұлы бір Жаратушыны тауып, Оған мойынсұнғанда ғана нағыз бақытқа қолы жетпек. Ұлы Жаратушы бар болса, бұл да бар болмақ. Ол мәңгі деген сөз, бұдан кейін мен де мәңгі боламын демек. Өйткені, әркім шамасына қарай қонақ шақырады. Ал, Алланың құдіреті шексіз. Әлем Оның құдіретінің шексіздігне дәлел. Ұлы Жаратушы жер бетіне құрметі қонағы етіп жаратқан адамзатты қайта құрдымға, жоқтыққа тастамайды. Егер қайта жоқ, етіп қайта жаратпайтын болса, онда адам бойына мәңгілікке деген сезім-сүйіншісін бермес еді. Ал, сүйінші хабарын беріп қойып, оны іске асырмау Аса Ұлының ұлығына жараспайтын іс. Сондықтан да бұл ғұмырда өзін танып, өзіне ғибадат еткендерге рахым етіп мәңгілік бір сый тарту етеді.
Демек бақыт деген – Оның барлығы мен бірлігін танып Оған мойынсұну, арман Оның сыйына қол жеткізу. Сол себепті, Оны тапқан бақытсыз болса да бақытты, ал оны тани алмағандар бақытты болса да, бақытсыз. Оны тану екі түрлі болады. Бірі ғалам деген Ұлы Жаратушының алып кітабын оқи отырып, дәлелдер арқылы ақылмен тану. Келесісі жүрекпен тану. Сондықтан да алғашқы аят, «Жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол, адам баласын ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Ол Раббың аса ардақты. Қаламмен үйреткен. Ол, адамзатқа білмеген нәрсесін үйреткен», деп түскен. Бұл жерде нені оқы дейді? Әлбетте, Ұлы Жаратушының әлем деген кітабын «Раббыңның атымен оқы» деп отыр. Адамзат та Оның бір кітабы.
Адам өзін оқи отырып, ұйыған қаннан жаратылғанын табады. Осы ғасырда тапты да. Яғни, өзінің әлсіз екенін, Алланың ұлы екенін, білімі Алладан келгенін біледі. Сонымен қоса «қаламмен үйреткен». Алдымен оқу десе кейін қалам жайлы айтады. Ал, қалам, жазу деген сөз. Яғни, адамзат Алланың кітабын, таратып айтқанда, галактикаларды, жан-жануарларды зерттейсің, оқисың, одан кейін оны қағазға түсіресің. Әр ғасырда жазғаныңды жазғаныңа қосасың. Осылайша Аллаһтың кітабының қыр-сырын терең үйрене аласың, дейтін мағыналар бар бұл аятта.
Жүрекке келсек, Ұлы Жаратушыны іштей сезінген бастау көзі. Кітаптар, ой-өріс пен ақыл-ойлар, философиялық тұжырымдар, сонымен қатар аспан мен көк тіпті барлық жаратылыс атаулы Алланы дәл жүрек секілді таныта алмайды. Ұлы Жаратушыны жүрекпен тану, батыс философтарында да көптеп кездеседі. Мысалы, Паскал жұлдыздарға қарап отырып Ұлы Жаратушының ұлылығына қайран қалып еңіреп жылайды екен. Кант та: мен Жаратушыны кітаптарды бір шетке ысырып, жүрегіме құлақ салғаннан кейін барып таптым - дейді. Кейбір әулие адамдар да «мен Оны таудан, тастан, көктен іздеп жүрсем, ол менің жүрегімде екен ғой», деген екен. Иә, жүректің кеңдігінің қасында мына ғаламзат төбе болып қалады. Бірақ, жүрек арқылы тану екінің қолынан келе беретін нәрсе емес. Себебі, бұл мағрифат. Ол жүректің ар-ожданында сақтаулы. Ал, оның Ұлы Жаратушыны тануы, «әлмисақ» тереңінде жатыр. Біз бұл дүниеге келмей тұрып, рухымыз жаратылған кезде, Алла «Мен, сендердің раббыларың емеспін бе»?, - (дегенде) олар: «Әлбетте, (Раббымызсың)» деген. Қиямет күні: «Бұдан хабарымыз жоқ» демеңдер» , деп сөз алған. Бірақ, бұл дүние емтихан алаңы болған соң бұл уәдені адам баласы ұмытып кетеді.
Анығырақ етіп айтсақ, Алла бұл диалогты ар-ожданға қойып, оның сыртын да құмарлық пен нәпсі деген сейфпен қаптап, оны перде еткен. Адам баласы сол сейфтің шифрларын таппайынша, ол құпияны біле алмайды. Сондықтан Хазреті Әли «адам баласы ұйқыда, өлгенде ғана оянады», деп кеткен. Яғни, адам баласы сол құпияны аша алмай құлдилап бұл өмірден өтеді. Бұл өмірден қабір деген төртінші әлемге өткенде кенеттен мастықтан айыққандай өзіне келіп есін жияды. Өйткені, ол жерде құмарлық пен нәпсінің үстемдігі жүрмейді. Ол сонда барып бұрынғы берген уәдесін есіне түсіреді. Бірақ, бәрі де кеш еді.
«Ештен кеш жақсы», деген мақал да бұл жерде үнсіз қалады. Ал, бұл ғұмырда нәпсісін жеңе білгендер сол құпияны аша алады. Өйткені, үстемдігінен айрылып тұтқын болған құмарлық, қол қусырып қызмет етіп ар-ожданның есігін айқара ашады. Міне, мұндай бақытты жандар, Ұлы Жаратушының Құран кітабының тілімен әлем деген кітабын оқып, таныса өмірі сәт сайын күрт өзгеріп, ақиқатын айдай танып, бастауы мен соңы болмаған мәңгі бақи бар болған Хаққа қарай сәуле жетпес жылдамдықпен зулай жөнеледі.