Кей кездері материалдық тұрғыдан қиналған сәттерімізде жақындарымыздан, достарымыздан қарыз алып жататын кездеріміз болады. Кейде өзіміз де қарыз береміз. Дінімізде қарыз алу мен беру – жауапкершілікті талап ететін дүние болып есептеледі. Қарызды алудың да, берудің де өзіндік ережелері мен әдептері бар. Ендеше, біле жүріңіз.
Қарыз беруші:
- Ол ақшаның (немесе заттың) жаман істерге (ішімдік, құмар ойындары және т.б.) жұмсалатынын біле тұра беруге болмайды.
- Ақшаңыз бар болса біреу сізден отбасын асырау үшін, қиын жағдайға тап болғанда сұрап келсе міндетті түрде беріңіз.
- Ақшаны пайызға беруге тыйым салынады.
- Кейін қиындық тумау үшін куәгерлер болғаны дұрыс. Егер сома қомақты болса, нотариуске жүгінген де артықтық етпейді.
- Қарыз берудегі бір ғана мақсат – шын ниетпен сол адамға көмектесу болуы керек.
- Қарызды кәмелетке толмағанға, балаларға және ақыл-есі кем адамдарға беруге болмайды.
Қарыз алушы:
- Қарызды тек аса мұқтаж кезде ғана сұраған және ол ақша пайдалы істерге ғана жұмсалуы тиіс.
- Қарызды қайтаратын күнді білмей тұрып «пәлен күні беремін» деп уәде бермеу керек.
- Қарызды алғанда оны қайтара алатындай жұмысыңыз немес басқалай кіріс көзіңіз болуы тиіс.
- Қарызды келісілген уақытта, дәл сол соманы (бір тиын да кем қылмай) қайтару керек.
- Қарыз алушы көмектескен адамға рахметі ретінде қарызынан бөлек сыйлық жасай алады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қарыздарыңды әдемі қайтаруға тырысыңдар» деген.
- Қарызды алып, оны қайтармай қою – күнәға жатады. Оның жауабы өте ауыр болмақ. Кешіктіру – зұлымдық жасаған болып есептеледі.