Құрбандық шалу және Құрбан айт

Құрбандық шалу және Құрбан айт

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Құрбан мерекесі хижра жыл санауы бойынша Зул-хиджа айының оныншы жұлдызынан бастап қатарынан төрт күн аталып өтіледі. Осы күндерде құрбан шалынады. Соған байланысты бұл мереке құрбан мерекесі деп аталған. Құрбан сөзі «Аллаһқа жақындау, Аллаһтың разылығын табу» деген мағынаны білдіреді. Негізінде бұл мерекенің тарихы Ибарһим аләйһис-сәләм мен ұлы Исмайл пайғамбардан бастау алады. Аллаһқа деген бағыныштылығымен сыналған Ибраһим пайғамбар Жартушысын разы ету үшін ұлы Исмайлды құрбандыққа шалмақшы болады. Аллаһ Тағала оған Исмайлдың орнына көктен түсірген қошқарды құрбан етуін бұйырады. Осындай үлкен сынақты бастарынан өткерген әкелі-балалы қос пайғамбардың тағылымы бүгінде мұсылман қауым үшін ғибрат өнегесі болса керек-ті.

Құрбандық шалу мал-мүлік арқылы атқарылатын ғибадат түріне жатады. Бұл күндері Аллаһ разылығы үшін құрбандық шалған кісілерге көптеген сауап уәде етілген. Расулуллаһ (с.а.у.) былай деп бұйырған: «Ешбір құл құрбан күні Аллаһтың құзырында құрбандық қанын ағызғаннан артық жақсы амал жасай алмайды. Өйткені, шалынған мал қиямет күні мүйіздерімен, қылдарымен және тұяқтарымен келеді. Шалынған құрбандықтың қаны жерге ақпастан бұрын Аллаһтың құзырында жоғары мәртебеге жетеді. Олай болса, шын көңілмен құрбан шалыңыз».
Құрбандық шалудың сауабын сұраған сахабаға Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Құрбанның әрбір қылы үшін бір сауап бар» деп жауап берген. Сахаба тағы да: «Уа, Аллаһтың елшісі, шалынған құрбандық мал жүнді (қой, қозы сияқты) болса, сауабы қандай болады?» деп сұрағанда Пайғамбарымыз: «Жүннің әрбір тал қылы үшін де бір сауап бар» деп жауап қайырған екен.

Аллаһ ризалығы үшін шалынған құрбандық ақыретте өтуі өте қиын «Сырат» көпірінде иесі үшін мініс құралы ретінде көмекке келеді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл жайында былай деген: «Малдың жақсысы мен тәуірін құрбандық ретінде таңдаңыз. Өйткені, ол «Сырат» көпірінде сізге көлік болады».

Құрбан шалудың әлеуметтік тұрғыдан да бірқатар пайдалары бар. Атап айтсақ, құрбандық шалу – қоғамда бауырластық, өзгеге көмек беру, жанқиярлық және ынтымақтастық сынды жақсы қасиеттердің пайда болуына және одан ары нығая түсуіне ықпал етеді. Сондай-ақ, қоғамда әділеттіліктің күшеюіне өзіндік септігін тигізеді. Әлеуметтік топтар арасындағы белгілі бір алшақтықтың жойылуына және әр түрлі деңгейдегі адамдардың бір-бірінің жағдайын білісіп, тұрмыс-тіршілігін жақыннан тануға және етене араласуына едәуір ықпал етеді.
Кедей, ет сатып ала алмайтын немесе қаражаты жетіңкіремей аз ғана мөлшерде ет алып жүрген адамдардың өмірінде құрбандықтың қаншалықты берекетті екендігіне көз жеткізу аса қиын емес. Құрбандық дәулетті кісіні мал-мүлкін Аллаһтың разылығына бөлену үшін беруге үйретеді. Қол ұшын созып, көмектесуге ынталандырады және өзгеге жәрдем беруден алған рахат сезімін ар-ұжданымен сезіндіреді. Осылайша, оны сараңдық дертінен, дүниелік мал-мүлікке деген тәуелділіктен құтқарады.

Құрбан шалу кедей-кепшіктердің бай кісілер арқылы Аллаһ Тағалаға шүкіршілік етуіне себепші болады. Кедей кісі құрбандық арқылы дүние нығметтерінің жер бетіндегі таралымы жайындағы орынсыз ойдан және өшпенділіктен өзін құтқарады. Сонымен қатар, өмір сүріп жатқан қоғам тарапынан өзінің еленіп-ескерілгендігін сезінеді.
Мұнымен қатар құрбанның бізге беймәлім көптеген пайдалары бар. Дегенмен ғибадаттар пайдасынан бұрын, әуелі тек жаратқан Аллаһтың разылығы үшін ғана жасалуы қажет. Сондықтан, құрбандық шалу – түрлі өзіндік және қоғамдық пайдаларын бір шетке қойғанда, бірінші кезекте Аллаһтың разылығы көзделіп жасалатын ғибадат. Құран Кәрімде Аллаһ Тағала бұл жайында: «Олардың (шалынған малдардың) еттері мен қандары Аллаһқа әсте ұласпайды. Бірақ, Оған (Аллаһқа) сендердің тек тақуалықтарың ғана жетеді» (Хаж сүресі, 37-аят) деп бұйырады. Яғни, құрбандық шалудағы көзделген мақсат пен ниет Аллаһ разылығы үшін бе әлде басқа мүдде ме? Міне, сондықтан шалынған құрбандықтың Аллаһ құзырында қабыл болуының ең басты шарты – Аллаһ разылығы үшін шалыну қажет.

Құрбан шалу кімдерге уәжіп?
Құрбан шалу белгілі бір адамға уәжіп болу үшін төмендегі шарттар керек:
1. Мұсылман болу;
2. Ақылды және балиғат жасына толған болу;
3. Құрбан айт уақытында жолаушы болмау;
4. Негізгі қажеттіліктен тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын яки құнына тең келетін ақша.

Зекет ғибадаты сияқты құрбанның уәжіп болуы үшін нисап мөлшеріне жеткен малға бір жыл толу шарт емес. Басқа мәзхабтарда құрбан шалу уәжіп емес сүннет болғандықтан, оларда нисап мөлшеріндегі байлыққа ие болу шарт емес. Жағдайы бар әркім-ақ құрбан шала алады. Біздің мәзхабта да нисап мөлшеріндегі байлығы жоқ адамдар да құрбандық шалуына рұқсат.
Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Өйткені, малды ғибадат үшін соятыны сияқты, тек қана етін пайдалану үшін де союға болады.
Құрбан шалудың уақыты
Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Үзір себептерге байланысты құрбан айт намазына бара алмай қалған адамның, намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбанын шала беруіне болады. Пайғамбарымыздың (с.а.у) құрбан шалудың уақытына байланысты бірнеше хадис риуаят етілген. Бәрә ибну А’зибтің риуаяты бойынша:
«Аллаһтың Елшісі (с.а.у): «Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын ісіміз – намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбанымызды шалу. Кім осылай істесе біздің сүннетімізге ергені. Ал кімде-кім бұдан бұрын құрбанын шалатын болса, бұл құрбанның отбасына берілген еттен айырмашылығы жоқ. Бұның құрбан болуы мүмкін емес».
Басқа бір хадисте: «Кімді-кім намаздан бұрын құрбанын шалса, қайтадан шалсын», - деп, намаздан бұрын шалынған малдың құрбандыққа есептелмейтінін ескертеді.
Құрбандыққа шалуға болатын малдар
тек қой, ешкі, сиыр немесе түйе малдарын ғана құрбандыққа шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық кепе қозы бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалу абзал.

Сойылатын мал құрбан ниетімен бауыздалу керек. Малдың жаны шыққаннан кейін барып қана терісі сыпырылады. Жаны шықпай жатып басын кесіп алып тастау немесе терісін сыпыру – мәкруһ. Ескерту: құрбан малы сойылатын жердің тазалығына көңіл бөліп, айналысын былғап, шашып кетпеуді қадағалаған жөн. Экологиялық тазалыққа көңіл бөлудің де мұсылмандық әдептілікке жататынын анық. Құрбандыққа шалынған малдың еті мен терісі бай болсын, кедей болсын, Құрбан айтта шалған құрбандығының етін жеуіне болады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахап. Бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, білім жолындағыларға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына беріледі. Бірақ шалынған малды түгелдей кедей және мұқтаждарға таратуға болатыны сияқты, түгелдей өзінің отбасына да қалдыра алады.

Аллаһ Тағала Құран Кәрімде құрбанның еті турасында былай дейді: «Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер», (Хаж сүресі, 22/28.).
Пайғамбарымыздың (с.а.у) шалған құрбанының етін қалай таратқандығы турасында Ибну Аббас былай деп риуаят етті: «Пайғамбарымыз (с.а.у) шалған құрбандығының үштен бірін – отбасына, үштен бірін – кедей көршілеріне, қалған үштен бірін садақа ретінде тарататын». Уәжіп болсын, нәпіл болсын құрбандыққа шалынған малдың етін, терісін, сирақ-басын және сүтін сату – мәкрүһ. Құрбан малының аталмыш бөлшектері сатылған жағдайда құны кедейлерге садақа ретінде беріледі. Құрбанға шалынған малдың ешқандай бөлшегінен қасаптың ақысы ретінде төлеуге болмайды.


Хазірет Әлидің былай дегені риуаят етіледі: «Аллаһтың Елшісі (с.а.у) түйелер құрбандыққа шалынған уақытта басында тұруымды және терілері мен жүндерін таратуымды әмір етті. Олардың ешбір нәрсесін қасап ақысы ретінде беруге маған тыйым салды. «Қасап ақысын біз өзіміз береміз», - деді.
Құрбандыққа шалынған малдың терісін кедейлерге, қайырымдылық қорларына беруге болады.

Тәшриқ тәкбірі. Құрбан айттың алдындағы күн «Арафа күні» деп аталады. Бұл – Зилхижжаның тоғызыншы күні. Арафа күнінің таң намазынан бастап құрбан айттың төртінші күнінің намаздыгер уақытына дейін әр парыз намаздың сәлемін бергеннен кейін «Тәшриқ тәкбірін» айту намаз оқуға міндетті әрбір жанға уәжіп. Жеке намаз оқыған адам да, жолаушы да, ер кісі де, әйел кісі де бұл тәкбірді айтуға міндетті.
«Тәшриқ тәкбірі» былай айтылады:
«Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, лә иләһә иллаллаһу уаллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил-хамд».
Мағынасы: «Аллаһ Тағала ұлық (2 рет), Аллаһ Тағаладан басқа тәңір жоқ. Аллаһ Тағала ұлық (2 рет), Барлық мадақтар мен мақтаулар тек Аллаһ тағалаға тән».

Құрбандыққа арнайы мал алып соймай, орнына сол құрбанның құнын ақшалай садақа ретінде кедейлерге беруге бола ма?
Құрбандықта қан ағызу негіз болғандықтан мал сойып, қан ағызбаса, құрбандық міндеті мойнынан түспейді.
Көз жұмған кісі үшін құрбан шалуға бола ма?
Қайтыс болған кісі өзінің атына құрбан шалуды тапсырып кетпесе де, сауабын қайтыс болғанға бағыштау ниетімен құрбан айт күндерінде, яки басқа кез келген уақытта Аллаһ Тағала ризалығы үшін құрбандық шалуға болады. Шалған құрбандығының етінен жеуіне рұқсат. Бірақ қайтыс болған кісінің тапсырып кеткен өсиетін орындау ниетімен шалған құрбандықтың етінен жеуге болмайды. Етін толық садақа ретінде тарату керек.

Құрбан мерекесінің бірінші күні дүние жүзінің әр тарапынан қажылық ғибадаты үшін қасиетті Меккеге қарай ағылған қалың мұсылман жұрты қажылық парыздарын өтеп, Жаратқанға мінәжат етіп, дұға-тілектерін арнайды.
Дінімізде екі айт мерекесі де намаз оқумен басталады. Бұл жөнінде Пайғамбарымыздан (с.а.у.) жеткен бір хадисте былай делінеді: «Бұл күндерде (яғни айт күндерінде) ең бірінші атқаратын ісіміз – намаз оқу». Осыған орай ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған әрбір мұсылман үшін айт намаздарын оқу – уәжіп болып табылады.
Айт күндері жақындағанда, алдын ала дайындық жүргізіледі, дәмді тағамдар әзірленеді. Мұсылман қауым мереке күні жуынып-тазаланып, таза және әдемі киімдерін киіп, хош иіс сеуіп, айт намазына жөнеледі. Намаз оқылған соң мұсылмандар бірін-бірі құттықтап, жақсы тілектер айтады. Жағдайы төмен кісілерге көмек ретінде садақа беріледі. Айт күндері жеңіл-желпі ойын-сауыққа тыйым салынбайды, бірақ шариғат шеңберінен шыққан дарақылыққа да жол берілмейді.

Ораза айт пен құрбан айт арасында кейбір өзгешеліктер бар. Мысалы, ораза айтында таңертеңгісін айт намазына құрма секілді жеңіл тағамдардан дәм татып шығу дұрыс боп есептелсе, құрбан айтта нәр татпай шыққан абзалырақ. Өйткені, Пайғамбарымыз сол күнгі оразасын жаңа сойылған құрбан етімен ашқанды құп санаған. Сондай-ақ, ораза айтта пітір садақасы берілсе, құрбан айтта жай садақа беріледі. Арапа – құрбан айтқа байланысты күн. Өйткені, қажылар сол күні қажылықтың ең басты шарты болып есептелетін «арафат уақфасын» орындау үшін Арафат тауында белгілі бір уақыт тұрады. Арапа күні таңғы намаздан бастап, құрбан айттың төртінші күнінің асыр намазына дейін әрбір парыз намазынан кейін «ташриқ тәкбірлері» айтылады.
Ұзақ тарихи дәуірлер өте келе ораза айт пен құрбан айт ұлттық мейрам санатына қосылып, адалдық, мейірімділік, қайырымдылық, ынтымақ көріністеріне айналды. Мың жарым жылға жуық уақыттан бері қазақ елі де бұл мейрамдарды аса зор қуанышты ықыласпен мерекелеп келеді. Мерекелеріңіз құтты болсын қадірілі жамағат!

2014 жыл 03 қазан – арафа күні

2014 жыл 04 қазан – Құрбан айттың бірінші күні

Айт намазы Тараз қаласында 04 қазан күні  сағат 07:45-те оқылады.

 

Данияр қажы Әлимұхаммедұлы Жұмабаев,

ҚМДБ-ның ЖО бойынша өкіл имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: