Алла үшін жақсы көру және Алла үшін жек көру.

Алла үшін жақсы көру және Алла үшін жек көру.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

 «Иман тірегінің негіздері - Алла үшін жақсы көру және Алла үшін жаман көру». Егер адам Алла үшін біреуді жақсы не жаман көрмесе, иман ләззатын білмей өткені.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) алғашқы мұсылман қоғамының іргетасын Алла үшін жақсы көру, Алла үшін жаман көру принциптері негізінде қалады.

Алла үшін жақсы көру - ақида (сенім) негізінде бірлесу деген сөз. Қоғам мүшелері Алла үшін бірін-бірі жақсы көріп, құрметтесе, олардың арасында ауызбіршілік болады, оларға Алланың рахметі жауады. Ал мұндай түсініктен аулақ болған қоғамда «орман заңы» билік жүргізеді, яғни әлсіздер күштілерге жем болады.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) Алла үшін жақсы көруді мінез емес иман мәселесі деп қарады.

 «Иман келтірмейінше жаннатқа кірмейсіздер. Араларыңда махаббат (сүйіспеншілік) пайда болмағанша иман келтірген болып саналмайсыңдар. Махаббаттың орнығуына әсер ететін күш - сәлемді жаю».

Сәлемді жаю бұл жай амандасу ғана емес. Екі мұсылман кездескенде бірі екіншісіне Алланың тыныштығы, мейрімділігі мен рахметі және берекесі болуын тілеуі, ал оған жауап беру арадағы дұшпандықты жоғалтып, достық қарым-қатынасты нығайтып, жаннатқа апарады.

Алла тарапынан берілген сүйіспеншіліктей нығметті ақидаға негіздегенде ғана нығмет бола алады.

 

لَوْ أَنفَقْتَ مَا فِي الأَرْضِ جَمِيعاً مَّا أَلَّفَتْ بَيْنَ قُلُوبِهِمْ وَلَـكِنَّ اللّهَ أَلَّفَ بَيْنَهُمْ إِنَّهُ عَزِيزٌ حَكِيمٌ  

 

 «Егер сен, жер жүзіндегі нәрселерді тұтас сарып қылсаң да  олардың жүректерін қоса алмас едің. Бірақ Алла, олардың араларын біріктірді. Расында Ол, өте үстем, аса дана» (Әнфал, 63).

Шынында да адамдармен арасын жақсарту үшін бар мал-мүлкін жұмсаса да ниетін жүзеге асыра алмаған адамдар өмірде кездесіп тұрады. Адамдарға көмектесу, жәрдем ету арада жылы қарым-қатынас пайда болуына себеп болуы мүмкін, бірақ ол махаббатқа негіз бола алмайды.

Мұндай достықта ортақ мүдде, бір ұлт пен бір жерде туып өсу махаббаттың пайда болуына негіз бола алмайды.

Дін дұшпандары  мұсылмандар мал-дүниені жинап алып, сонымен адамдарды өзіне тартты, деген өсек шығарған.

Кеңес үкіметі шынында да басқа халықтарды мойынсұндыру үшін қаншама қаржы жұмсады. Дегенмен ол халықтардың келешекте дұшпанға айналғанының куәсі болдық.

Ақида - адамдардың арасын жақсартуда таптырмас үлкен мүмкіншілік.

 

وَاذْكُرُواْ نِعْمَتَ اللّهِ عَلَيْكُمْ إِذْ كُنتُمْ أَعْدَاء فَأَلَّفَ بَيْنَ قُلُوبِكُمْ فَأَصْبَحْتُم بِنِعْمَتِهِ إِخْوَاناً

 

«Сондай-ақ өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені бір-біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды, Оның игілігімен туысқа айналдыңдар» (Әли Имран, 103).

Алланың нығметі тек көзге көрінетін дүние ғана емес. Мысалы, «Құрайыш» сүресінде айтылған Құрайыш тайпасына Алла Тағала тарапынан өте көп нығметтер берілген болатын. Оларға сауда-саттық жасау үшін қыста Йеменге, жазда Сирияға сапар етулері жеңілдетілген болатын. Дегенмен бұл байлық олардың арасында сүйіспеншілік, ауызбіршілік, достықтың өркендеуіне пайдасын тигізген жоқ.

Алла жолында достасудың пайдасы тек бұл дүниеде ғана болмайды. Жақын ағайын-туыстар, бауыр-қарындастар, ешкім көмектесе алмайтын қиямет күнінде Алла үшін достасқан дос қана көмектесе алады.

 

الْأَخِلَّاء يَوْمَئِذٍ بَعْضُهُمْ لِبَعْضٍ عَدُوٌّ إِلَّا الْمُتَّقِينَ  

 

«Сол күні тақуалардан басқа достар, бір-біріне дұшпан болады» (Зұхрұф, 67).

Дүние, байлық үшін достасып, бауырласқандар қиямет күні дұшпанға айналады, тек Алла үшін достасқандар ғана ондайдан аман қалады. Алла жолында достасқан дос қияметте де жалғыз тастамайды, ал бұл дүниеде «доспын» деп жүргендердің көпшілігі басқа қиындық түскен сәтте достықты үзіп кете береді.

Енді Алла жолында Алла үшін достасудың кейбір сипаттары туралы бірер сөз айталық.

Теңдік дегеніміз - шыққан тегіне, байлығына, түріне, түсіне, еркек не әйелдігіне қарамай достасу.

 

يَا أَيُّهَا النَّاسُ إِنَّا خَلَقْنَاكُم مِّن ذَكَرٍ وَأُنثَى وَجَعَلْنَاكُمْ شُعُوباً وَقَبَائِلَ لِتَعَارَفُوا إِنَّ أَكْرَمَكُمْ عِندَ اللَّهِ أَتْقَاكُمْ إِنَّ اللَّهَ عَلِيمٌ خَبِيرٌ

 

«Әй адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың. Шәксіз Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы» (Хұжұрат, 13).

«Ей адамдар, Раббыларыңыз бір, бір әкеден тарағансыздар. Арабтың басқа халықтан, ақ адамның қарадан артықшылығы жоқ. Адамдар тек тақуалығымен (Алладан қорқу) ғана бір-бірінен ерекшеленеді. Барлықтарыңыз Адамның ұрпағысыздар. Адам топырақтан жаралған. Алланың алдында тақуаларыңыз ғана құрметке ие».

Исламның шарттары бай-кедей, ақсүйек, қарапайым адамдарға да бірдей. Діннің дәстүріне қарайтын болсақ, ол жерде адамдарды бөлектейтін еш нәрсе таба алмаймыз. Мысалы, намаз оқуға келген бай да кедей де бірге тұрып, Аллаға құлшылық жасайды. Немесе қажылық рәсіміне назар аударсақ, бай мен кедей, ақ пен қара, басшы мен оған тәуелді кісі де бір қатарда, бірдей киініп Аллаға құлшылық етеді.

Пайғамбарымыз (с.а.у.):

«Егер Мұхаммедтің қызы ұрлық жасайтын болса, қолын кесемін»,- дейді. Исламның талаптары жалпы мұсылман үмметіне бірдей әмір етілген.

Әбу Убайда Амр ибн Жарраһтың әкесі Бадр соғысында мүшріктер тарапында мұсылмандарға қарсы соғысқан. Әбу Убайда иманға келмеген әкесінің басын Пайғамбарымыздың (с.а.у.) алдына алып келді.

Әбу Бәкірдің (р.а.) ұлы Бадр соғысында мүшріктер тарапында соғысқан. Оның баласы жекпе-жекке шыққанда мұсылмандар жағынан Әбу Бәкір (р.а.) шықты. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұған қарсы болып, Әбу Бәкірге (р.а.): «Шейіт болып кетсең көмегіңнен айрылып қаламыз ғой»,-деді.

Тағы бір соғыста Пайғамбарымыздың (с.а.у.) немере ағасы қолға түсті. Пайғамбарымыз (с.а.у.) немере ағасын босатуды сұрап араға түспей, керісінше босату үшін алынатын төлем ақыны одан көбірек алыңдар, ол бай, деген.

Ақида адамдарды мәмілеге келтіреді. Ақиданың қандайда бір жерінен оғаштық байқалса, барлық қарым-қатынас жойылады.

Абу Зар ал-Ғифари (р.а.) исламды қабылдаған алғашқы кісілердің бірі болған. Бір күні ол Біләл Хабашиге (р.а.): «Ей қара әйелдің ұлы!»,-дейді. Расында да Біләл (р.а.) қара әйелдің ұлы өзі де қара нәсілді болған. Бұл сөз оны кемсітетін сөз емес, ақиқат еді. Дегенмен оның бұндай бөлектеп сөйлеуі Пайғамбарымызға (с.а.у.) ұнаған жоқ. Пайғамбарымыз (с.а.у.):

«Өлшеу дұрыс өлшенген жоқ. Мен алып келген жолда ақ әйелдің ұлы қара әйелдің ұлынан артық емес»,-деді. Бұл сияқты әдемі сөздер басқа қауымда, басқа жерде айтылуы да мүмкін. Бірақ Пайғамбарымыздың (с.а.у.) орынды жерде тауып айтқан сөзі өз орнын тапты. Бірақ, Абу Зар (р.а.) ақсүйектігін, әрі исламды қабылдаған алғашқы кісілерден болғанын міндетсініп, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) айтқан сөзіне ренжіген жоқ. Оның (с.а.у.) сөздерінен әсерленгені соншалық, басын топыраққа қойып, Біләлға бетімді аяғыңмен бас, дейді. Кейбір риуаяттарда айтылғанына қарағанда, Біләл аяғымен бетімді баспай, басымды көтермеймін, деп ант еткен. Сонда Біләл басуға мәжбүр болды. Бұл исламның мұсылманшылықты алдын қабылдаған мен кейін қабылдағанды, ақ нәсіл мен қара нәсілдінің арасын бөліп жармайтынына айқын дәлел болады. Алғашқы хадистерде айтылғандай Пайғамбарымыз (с.а.у.) сүйіспеншілікті иманға шарттап қойды.

 «Өзі үшін жақсы көрген нәрсесін бауырына да қаламағанша шын мұсылман болмайды».

Алла Тағала өз жолында достасқан достардың, қиямет күнінің қорқынышында, өзінен шыққан терге адам баласы құлағына дейін бататын күнде, көлеңкені ғана аңсайтын кезде, Алланың көлеңкесінде болатын жеті топ адамның қатарында болатындығын уәде етті. Осылайша өз жолында достасқандарға ешкімге бермеген уәдесін берді.

 «Қиямет күні арштың айналасына кейбір кісілер үшін орындықтар қойылады. Олардың беттері толған ай сияқты болып тұрады. Адамдар қияметтің қорқынышынан қорқып тұрғанда, олар еш нәрседен қауіптенбей отырады. Адамдар қорқыныштан қалтырап тұрады, олар қалтырамайды. Олар Алланың достары болғандықтан оларға қорқыныш та, қауіп-қатер де жоқ. Адамдар сұрады: «Олар кім, я Алланың Елшісі?» Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Олар Алла жолында достасқан кісілер»,-деп жауап берді».

Хадисі Қудсиде: Кейбір пайғамбарларға уаһи келді, Алла оларға: «Дүниемен достаспадың, соның есесіне дүниеде рахаттанып өмір сүрдің»,-дейді.

Ислам дінінде мұсылмандардың атқаратын міндеттеріне назар салатын болсақ, олар ең алдымен өзіне пайдалы. Мысалы, намаз оқу денсаулық пен өмірге зиянды, тіпті қауіпті тағамдарды қабылдаудан сақтануға себеп болады.

Бұл дүниенің қызығына беріліп, мал-дүние жинап, оның бәрін бала-шағасына жұмсаумен әуре болған адам, өмірінде өзі үшін пайдалы еш нәрсе істемегенін көреміз.

Алла Тағала пендесінен сұрайды екен:

«Дүниемен дос болмағаныңнан көңілің тыныш-жайбарақат болды, қайрымдылық жасап, адамдарға қол ұшын бергендігіңнен адамдардың мақтауын естідің, ғибадаттарың тәнің мен жаныңның тазалығын сақтады, ал Мен үшін не істедің өмірде?».

•-          Сен үшін бұдан басқа не істеуім керек еді,- дейді пенде.

•-    Еген менің досымды өзіңе дос, дұшпанымды өзіңе дұшпан деп білгеніңде Менің ақымды өтеген болар едің.

Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Бір тайпа адамдар бар, олар пайғамбарлар да емес, шейіттер де емес. Бірақ олардың мәртебесін пайғамбарлар да, шейіттер де армандайды».

Сахабалар: «Я Расулуллаһ бізге олар жайлы айтып беріңізші»,-десті.

Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Олар Алла жолында достасқандар, Алла жолында бірге отырғандар, Алла жолында бір-бірінен хабар алып, зияратқа барғандар»,-деді.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) иман тыныштығының  ләззатын үш нәрсеге теңеді, солардың бірі Алла үшін жақсы көру.

 «Үш нәрсе бар, егер олар кімде табылса, сол иман тыныштығын табады: Алла мен Оның Елшісі оған барлық адамнан сүйікті болса, Алла үшін біреуді жақсы көрсе және Алла оны кәпірліктен құтқарған соң, кәпірлікке қайтуды өзін отқа лақтыруды жек көргендей жаман көрсе».

Исламда бауырласудың екі ақысы бар. Біріншісі мұсылманның мұсылман бауырындағы жалпы ақысы, екіншісі жеке ақы.

Алла - Раббым, Ислам - менің дінім, Құран - иманым, Мұхаммед (с.а.у.) - пайғамбарым, деп жүрген мұсылмандардың ақысын өтеуге міндеттіміз.

Имам Муслим Абу Хурайрадан (р.а.) мұсылманның мұсылманға деген ақысы жайлы төмендегі хадисті риуаят етеді.

 «Мұсылманның мұсылман алдындағы  ақысы алтау: жолыққанда сәлем бер, сені шариғат отырысына шақырса бар, сенен ақыл сұраса жақсы ақыл айт, түшкіргенде Аллаға мадақ айтса, жауап бер (түшкірген адам «Алхамдулиллаһ»дейді, естіген адам «Ярхамукаллаһ»  дейді), ауырып қалса, зиярат ет, қайтыс болса жаназасына бар».

Егер бір мұсылман қайтыс болғанда жаназа оқылмай жерленсе, сол қаладағы барлық мұсылмандар күнәһар болады.

Мұсылманның мұсылман алдындағы жеке ақысының ең жоғарғы дәрежесі мұсылман кісі Алла жолында жақсы көріп достасқан бауырының пайдасын өз пайдасынан жоғары қоюы. Алланың мұндай нығметі Пайғамбарымызға (с.а.у.) ерген құрметті сахабалар және оларға ерген кісілерге нәсіп еткен.

Алла Тағала сахабалардың бауырмашылдығын, бір-біріне берген көмектерін бір ғана аятпен атап өтеді.

 

وَيُؤْثِرُونَ عَلَى أَنفُسِهِمْ وَلَوْ كَانَ بِهِمْ خَصَاصَةٌ

 

«Сондай-ақ өздерінде таршылық бола тұра оларды өздерінен артық көреді» (Хашр, 9).

Шынында сахабалардың өзгенің мүддесін өз мүддесінен жоғары қойғандықтары жайлы көптеген тарихи деректер келтірілген.

Ярмук соғысында мұсылмандардың бір тобы жараланды. Мұсылмандардың бірі олардың жағдайын жасап, су ішкізумен айналысатын болды. Ол кісі жараланғандардың арасындағы ең үлкен әскери дәрежелі Икрима ибн абу Жаһлға су ішкізуға келді. Икрима  ибн абу Жаһл Суһайл ибн Әмірдің жараланып, шөлдеп, суға қарап жатқанын көріп,  суды соған апаруына белгі берді. Күтуші суды Суһайлға апарған кезде Суһайл суды жараланып жатқан Харис ибн Хишамға апаруын көрсетті. Икрима да, Суһайл да «апар» деп айтуға шамалары келмегендіктен белгімен көрсеткен болатын. Күтуші    Харис ибн Хишамға су алып келгенше ол көз жұмды. Күтуші Суһайлға қайтқанша ол көз жұмған  еді. Күтуші Икримаға қайтып келгенде ол да көз жұмған болатын. Сонымен олардың үшеуі де шейіт болды. Үшеуі де көз жұмар алдында қияметке дейін болған дос бауырлықтың ең үлкен дәрежедегі үлгісін көрсетіп кетті. Өздері мұқтаж бола тұрып, өзгенің мүддесін өзінікінен артық көрулері қиямет күніне дейін Құранда оқылуына арзыйтын ерлік болды. Шынында да олар тек өз мүддесінің зиянына емес, өз өмірінің зиянына  Алла жолында достасқан досының өмірін жоғары қойды.

Алла жолында достасу, Алла жолында жақсы көру үлкен нығмет. Дегенмен, Алла тарапынан үәде етілген сыйлыққа жету, өзін Құранда айтылған адамдар қатарынан көру үшін мен сені Алла ризалығы үшін жақсы көрем, Алла жолында досым деп білем деген сөз жеткілікті ме?

Алла жолында жақсы көрудің мағынасын Пайғамбарымыз (с.а.у.) дәуірінде болған осы оқиға толық түсіндіреді.

Бір кісі Абу Хурайраның (р.а.) алдына келді.

-Мен Алла жолында сізбен достасқым келеді,-деді.

-Алла жолындағы достардың бір-біріне қандай ақысы бар екенін білесің бе?

-Оның  не екенін маған білдіріңіз.

-Менімен достасқан кезіңде мал-дүниеңе, тіпті қолыңдағы ақшаңа да менен артық қожайын бола алмайсың.

-Мен әлі ондай дәрежеге жетпеген екенмін.

-Олай болса кете бер,-деген екен.

Абу Сулайман аз-Зарани Алла жолында достасқан достары туралы: «Мен достарыма өзімнің тамағымды апарып, жегізіп, ол тамақты өзім жегенімдей рахаттанамын».

Масрұқ есімді атақты кісі біреуден үлкен мөлшерде қарызданып қалыпты. Масрұқ  Хайфама есімді кісімен Алла жолында достасқан екен. Хайфаманың да көп қарызы бар еді. Масрұқ өзінің қарызы болғанымен, білдірмей барып, Хайфаманың қарызын төлеп қайтыпты. Хайфама да өзінің қарызы бола тұрып, Масрұқтың қарызы бар екенін біліп, досына білдіртпей оның қарызын төлеп қойыпты.

Имам Хасан Басри (р.а.) айтқан екен: «Бізге әулетіміз, перзенттеріміз, жанұямыздан да достарымыз сүйікті. Себебі отбасымыз бізді осы дүниеде еске алады. Перзенттер не жақындар өмір сүрулеріне қажетті заттармен қамтамасыз ететін адам деп біледі. Бірақ Алла жолында достасқан достар бізді қияметте ара түсетін досым деп біледі».

 

أفضل العمل الحب في الله

 

«Ең жақсы амал - Алла үшін жақсы көру».

Адамдар арасындағы сүйіспеншілік, махаббат басқа себептермен де болады. Дегенмен, сол себептердің жойылуымен арадағы махаббат та жоғалады.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) шөбересі Зайн ул-Абидин бір күн мешітке шыққанда бір кісі оны жаман сөздермен балағаттайды Зайн ул-Абидинның қасындағылар, қызметкерлер жиналып әлгі кісіні ұрмақ болады. Зайн ул-Абидин оларды тоқтатып, әлгі кісіге: «Ей кісі, мен сен ойлағаннан да жаманмын. Қазір сен айтқандардан да басқа жаман сипаттарым көп. Саған қажет болса оларды да саған айтып берейін, біліп қой»,-  деп үстіндегі киімдерін оған кигізіп, 1000 теңге қосып берген екен. Әлгі кісі кетіп бара жатқанында: «Ант етемін, бұл жігіт  Пайғамбарымыздың (с.а.у.) әулетінен»,- деген екен.

Табииндардан Лайс ибн Сад бидайдан көп пайда алатын бай кісілердің қатарынан болса да, қаржының барлығын садақаға таратып, зекет төлейтін еш нәрсе қалдырмаған. Лайс ибн Сад Мазод деген жерде сатылған үйді сатып алды. Лайстің өкілі үйді қабылдап алу үшін барса, ол жерде жатқан жетім сәби балаларды көрді. Балалар Алланың атымен ант етіп,  өздерінің жетім әрі еш кімдері жоқтығын айтып осы үйде уақытша қоныстануға рұқсат сұрайды. Бұл хабар Лайсқа жеткенде ол: «Бұл үй сіздердің үйіңіз. Күнделікті тамақтарыңыз менің мойнымда»,- деп айтқызған екен.

Алла жолында достасу үшін үй сияқты үлкен нәрселердің араға түсуі шарт емес.

Әйгілі мухаддис имамдардан Абдуллах ибн Мубарак көп садақа таратады екен. Оның берген садақасы жылына 100 000 динардан асып кететін еді. Абдуллаһ ибн Мубарак жақын адамдарымен қажылық сапарына шықты. Кетіп бара жатқанда бір құс бұлардың көз алдында мерт болды. Адамдары құстың өлігін шет жерге апарып тастап келді. Адамдар жолын жалғастырып кете берді. Абдуллаһ олар шынында да кұсты шетке, адамдар жүрмейтін жерге тастады ма? деген оймен артта қалып қойды. Барып қараса, сол жер маңындағы үйден кішкентай бір қыз шығып, өлген құсты алды. Абдулла қыздан оны не істейтінін сұрағанда, ол кіші інісінен басқа ешкімі жоқ екенін, бұлардың жағдайын ешкім білмейтінін айтты. Абдулла адамдарды артқа қайтарып білсе, 1000 динарлары бар екенін біледі де, жолымызға 20 динар санап алып қалыңдар да, қалғанын бұларға беріңдер. Биылғы қажылығымыздан осы абзал,- деп үйіне қайтқан екен.

Омар (р.а.) дәуірінде қатты құрғақшылық болды. Шамнан қымбат киімдер және жақсы тағамдар артылған  Османның (р.а.) 1000 түйеден тұратын керуені келеді. Керуенді сатып алуға шыққан саудагерлер көп болатын. Осман (р.а.) саудагерлерден сұрайды:

-Маған қанша пайда бересіңдер?

-Жүзден бес пайызын береміз.

-Сіздерге сатпаймын. Сіздерге қарағанда көбірек беретінді таптым.

-Біз арамызда одан көп беретін ешкімді көріп тұрған жоқпыз.

-Мен 1 дирхамға 700 және одан да көп пайда беретінін таптым.

 

مَّثَلُ الَّذِينَ يُنفِقُونَ أَمْوَالَهُمْ فِي سَبِيلِ اللّهِ كَمَثَلِ حَبَّةٍ أَنبَتَتْ سَبْعَ سَنَابِلَ فِي كُلِّ سُنبُلَةٍ مِّئَةُ حَبَّةٍ وَاللّهُ يُضَاعِفُ لِمَن يَشَاءُ وَاللّهُ وَاسِعٌ عَلِيمٌ  

 

«Алла жолында мал сарып қылғандардың мысалы: Әр сабағында, жүз түйір өскен жеті сабақты ұрық тәрізді. Әрі Алла кімге қаласа, неше есе арттыра береді. Алла (Т.) тым кең, әр нәрсені білуші» (Бақара, 261).

Ей, саудагерлер! Сіздер куә болыңыздар, керуен мен керуендегі бидай, ұн, май,  киімдердің барлығын Мәдинаның кедейлеріне бердім.

Хакім Мустадрактан риуаят етеді. Муавия ибн аби Суфян (р.а.) 80 000 дирхамды Айшаға (р.а.) жіберді. Сол күні Айша (р.а.) нәпіл ораза ұстаған еді. Өзінің үстіндегі киімдері ескіріп кеткеніне қарамай, 80 000 дирхам ақшаның бір дирхамын алып қалмай, бәрін кедей-міскіндерге таратып берген. Сонда қызметші әйелдер:

•-                      Ей мүміндердің анасы! Еш болмағанда бір теңге алып қалмадыңыз ба? Ет сатып алып ауыз ашарға тамақ пісіретін едік.

•-                      Есіме салғаныңда алып қалар едім,-деп жауап береді. Яғни Айша (р.а.) өзінен басқа адамдарды ойлап, өзінің де мұқтаждығын естен шығарған.

Қазіргі кездегі адамдар иман ләззатынан басқа өмірдің барлық ләззатын татып көрген болса, сахабалар және оларға ергендер иман ләззатынан басқа нәрсені ұмытқан. Сахабалар мен оларға ергендер имандарын сондай биік дәрежеге жеткізе алғандықтары үшін Алла Тағала олардың барлық істерінде көмектескен.

 «Иманды болмайынша жаннатқа кірмейсіздер. Өзара сүйіспеншілік оянбайынша иманды болмайсыздар. Ашық амандассаңдар ғана арада сүйіспеншілік пайда болады».

Алла жолында жақсы көру үлкен нығмет болғаны секілді, Алла жолында жек көру де үлкен нығмет. Дегенмен Алла жолында жек көру сезімі жоқ адам, Алла үшін жақсы көріп, достаса алмайды.

 «Иман негіздерінің ең мықтысы Алла жолында жақсы көру және Алла жолында жаман көру».

Абдуллаһ ибн Абдуллаһ ибн Убай, Алла жолында Оның Елшісін жақсы көрген үлкен сахабалардан болған. Оның әкесі Абдуллаһ ибн Убай  мунафықтардың (екі жүзді) үлкені. Абдуллаһ ибн Убай: «Біз егер Мәдинаға қайтып барсақ, құрметті адам қор болған адамды қуып шығарады,-деген сөз таратты. Ол құрметті адам деп өзін, қор болған деп Пайғамбарымызды (с.а.у.) айтуда. Бұл сөз Пайғамбарымыздың (с.а.у.) құлағына жетеді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) оның баласы - үлкен сахаба Абдуллаһты шақырып, әкең сондай сөз шығарыпты ғой, деп сұрады. Сонда баласы: Әкем дұрыс айтыпты құрметті қор болған адамды шығарады. Сіз - құрметті, әкем - қор болған адам,-деп жауап қайтарды. Сахаба Абдуллаһ Мәдинаның есігіне барып, қылышын қынынан шығарып тұрды. Әкесі жетіп келгенде оған: Пайғамбарымыздан (с.а.у.) рұқсат болмайынша кірмейсің,-деді. Сен қор болған адамсың, Расулуллаһ құрметті адам. Әкесі бас салып жылай бастады. Абдуллаһ Пайғамбарымыздың (с.а.у.) алдына келіп:

•-                      Мәдинада маған қарағанда әкесіне көбірек жақсылық жасаған адам жоқ. Әкеме жасайтын жақсылығым мен құрметімде шек жоқ. Бірақ Алланың Елшісі үшін мен оны қазір-ақ өлтіремін,-деді.

Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.):

•-                      Жоқ әкеңе жақсылық жаса,-деді.

Әке келіп ұлынан ренжіп жылап, Мәдинаға кіргізбей жатқанын айтты. Пайғамбарымыз (с.а.у.) оған кіруге рұқсат берді.

Бұл мысал  сахабалар Алла мен Оның Елшісін барлық адамнан артық жақсы көргеніне тағы бір дәлел.

Қияметтің қорқынышынан барлық адам қалтырап тұрған уақытта, қорқынышқа бой бермей, нұрдан жасалған орындықта отырып, беті толған айдай нұр шашып пайғамбарлар мен шейіттер армандайтын дәрежеде болудай үлкен мәртебеге жеткізетін нығмет - Алла жолында достасу барлығымызға да нәсіп етсін.

 

  

 

 

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: