Бұрынғы өткен заманда бір әділетті сұлтан билік жүргізіпті. Оның қол астында Ахмед есімді жас жігіт өмір сүріпті. Оның әкесі беделді әрі халыққа сыйлы ұста болса, ағалары сауда-саттықпен айналысыпты, тек Ахмед қана бұл өмірдегі орнын таба алмай жүріпті. Оны қолөнер мен ғылымға үйретеміз деген ұстаздардың шыдамдары Ахмедтің бірбеткейлігіне төтеп бере алмапты.
Күндердің күнінде жазғырулардан әбден шаршаған жігіт өзінің де епті екенін дәлелдегісі келіп, бір кәсіппен айналысады. Ол күндер мен түндерді өз бөлмесіне жабылып алып өткізетін болады, алайда ешкім оның не істеп, не қойып жүргенінен хабардар болмайды. Бірнеше ай өткен соң ғана жігіт өз бөлмесінен шығып, әміршіні өз өнерімен таңғалдырмақ болып сұлтанның сарайына қарай бет алады. Сұлтан жігітті қабылдауға келіседі де қабілеті мен өнерін көрсетуге рұқсат береді. Ахмед қалтасынан инені алып шығып, бір қарауылға ұстатып қояды. Өзі бір жіп сабақталған инені алып, қарауылдан ұзақтау жере барып тұрады да инені жіберіп қалады. Жиналған халықтың таңдасына қарай, әлгі жіп сабақталған ине қарауыл ұстап тұрған иненің көзінен өте шығады. Содан кейін жігіт тағы да қарауылдан алыстап тұрып, жаңағы әркетін дәл сондай нәтижемен қайталайды.
Сонда сұлтан уәзіріне:
- Бұл жігітке 25 дирхем беріңдер де жақсылап тұрып қамшымен сабаңдар! - деп бұйырады.
Мұндай шешімге таңғалған Ахмед:
- Уа, әміршім, не үшін? – деп сұрайды.
Оған сұлтан:
- Сен уақытыңды кетіріп, мергендікке үйренгенің үшін мен саған 25 дирхем бергіздім. Алайда сен уақытыңды босқа өткізгенсің, сенің бұл үйренген кәсібіңнен не мемлекетке, басқа адамдар тұрмақ өзіңе келіп кетер еш пайдасы жоқ. Не өзіне, не өзгеге пайдасын тигізе алмайтын адамнан жаман пенде болар ма? Міне, сондықтан сені жазалауға шешім қабылдадым! – деп жауап қайтарады.
asyldin.kz