Алланың көркем есімдерін жатқа айтудан жарыс өтті

Алланың көркем есімдерін жатқа айтудан жарыс өтті

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Тараз қалалық «Ар-рахман Ар-рахим» мешітінің ұстазы Айдарова Айзораның ұйымдастыруымен қалалық мешіттерде тәлім алушы шәкірттер арасында Алланың 99 есімін жатқа айтудан жарыс өтті. Жарысты Тараз қаласынын бас имамы Қанат Жұмағұл ашып берді. Бас имам өз сөзінде Алланың  99 есімін жаттаудың сауабы туралы айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Құранда былай делінеді: «Ең жақсы атаулар Аллаға тән. Оған сол аттармен жалбарыныңдар» (Ағраф сүресі, 180-аят). Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) айтады:  «Алланың тоқсан тоғыз есімі бар. Кім оларды жаттап алса, жәннатқа кіреді».

 Сондай-ақ, Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Алланың тоқсан тоғыз есімі бар. Бірі кем жүз, кім оларды зікір етіп жүрсе жәннатқа кіреді», - деп айтқан. (Әл Бухари, Муслим)

Олай болса, ұлы құдіретті Алланың ұлық есімін жадымызда ұстап, мағынасын түсініп, үнемі айтып жүрейік. Өйткені, барлық мақтау жалғыз Аллаға ғана тән, - деп бас имам сөзін қорытындылады.

Бұл жарысқа «Кеңесхан қажы» мешітінен 4, «Ар-рахман Ар-рахим» мешітінен 19, «Һибатулла- Тарази» мешітінен 2 адам қатысты. Қатысушылардың ең үлкені 63 жастағы апа болса, ең кішісі - 4 жасар шәкірт.

Қазылар алқасының: «Әйелдер-кыздар» секторының меңгерушісі Үсенова Зейнеп, «Әулие ата» мешітінің ұстазы және «Кеңесхан қажы» мешітінің ұстаздарының шешімімен 1-орынды Алиахунова Руфина, 2-орынды Курбанова Айдана «Ар-Рахман ар-Рахим» мешітінің шәкірттері иемденді. 3-орынды «Кеңесхан қажы» мешітінен Таштанов Айдос есімді 9 жасар бала алды. Әр орынға арнайы жүлделер табысталды.

Осы жылы сәуір айында ғана басталған қыздар жамағатының сауат ашу курсы еңбектерін көрсетуде. Қала мешіттерінде жыл сайын әйелдер арасында білім сайыстары болып тұрады. Осындай жарыстар аясында қыздар жамағатының бірлігі нығайып, білімдері шыңдала түседі деген үміттеміз.

 

                          «Кеңесхан қажы» мешітінің Баспасөз қызметі

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: