«Һибатулла Тарази» мешітінің әйел шәкірттеріне сертификат берілді

«Һибатулла Тарази» мешітінің әйел шәкірттеріне сертификат берілді

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Тараз қаласындағы орталық «Һибатулла Тарази» мешітінде оқу жылының аяқталуына орай «Діни сауат ашу курсының» шәкірттеріне сертификат табыстау рәсімі өтті.

ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкілі, «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Данияр қажы Әлимұхамедұлы жиналған шәкірттерді оқу жылының аяқталуымен құттықтап өтіп, білім үйренудің маңыздылығына тоқталды.

«Білім – ақылдылық пен парасаттылықтың белгісі. Ақылды адам ой-қабілетімен бір нәрсені түсінуге тырысады. Сондықтан, білімді адам – жарық шам секілді.  Ислам – білім алуды парыз деп санайтын дін. Дініміздің осы тұсы исламның хақ екенін дәлелдей түссе керек. Өйткені, дүниеде білім мен ғылымды парыз санайтын исламнан басқа дін жоқ. Демек, білімді тек Ислам діні ғана қажет санап, барша мұсылмандарды ілім алуға үндейді. Пағамбарымыз (с.ғ.с.) хадис шәріпінде: «Білім алу – әрбір мұсылман ер мен әйелге парыз, – делінсе, тағы бір хадисінде: «Тал бесіктен жер бесікке дейін білім үйрен», – деп насихат айтылған.Қасиетті Құранның алғашқы түскен аяты білім алуға шақырды. «Иқра!» (Оқы!) деп басталған сөз «оқу мен жазуды игер» деген мағынаны береді. Тарихта мұсылмандардың әрбір жас-кәрісі, ер-әйелі білімнің тал бесіктен жер бесікке дейін парыздығын сезінді. Қасиетті Құран мен сүннет тағылымдарына сүйеніп өмір сүрген мұсылмандар білім мен ғылымды негізге алып, ғаламға шуақ нұрын төкті. Нәтижесінде,  ислам дінінің қанаты жеткен өлкелерде ғылым, білім, мәдениет дамып, ғылымның әр саласынан есімі өшпейтіндей танымал ғалым-ғұламалар жетілді», - дей келе, қамбат уақыттарын құр өткізбей, әрбір әрпі сауапқа тұнған қасиетті Құран жаттауға арнаған шәкірттер қауымына өз алғысын білдіріп, жылы лебізін жеткізді.

Сондай-ақ, «ҚМДБ-ның 2020 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасына» негізделген үш сатылы діни сауат ашу курсы бағдарламасының тиімділігі туралы да айтып өтті. 

Бас имам Данияр қажы Әлимұхамедұлы осыншама шәкірттерге аянбай адал еңбек етіп, білім берген ұстаздар Үсенова Зейнеп пен Алдасаева Гүлжанға да шынайы ризашылығын білдірді.

Биылғы жылы діни сауат ашу курсының оқу бағдарламасын тәмамдаған 130 шәкірттің 80 шәкіртіне арнайы мешіт сертификаты тапсырылды. Шәкірттер оқу жылы аясында «Құран әліппесін» тәмамдап, сондай-ақ, «Ғибадат» және «Ақида» сабақтары бойынша да білім алып шыққан. Бұдан басқа, мешіт басшылығының ұйымдастыруымен шәкірттер арасында түрлі білім жарыстары, спорттық ойындар мен ұжымдық серуендер ұйымдастырылып, ынтымақ пен бірлікке ұйысқан жамағат қалыптастыру жолында іргелі істер атқарылып келеді.

 

«Һибатулла Тарази» мешітінің Баспасөз қызметі

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: