Тараз қаласындағы Мұхамед Хайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің акт залында «ХХ ғасырдағы Қазақстандағы дін» тақырыбында облыстық форум өтті. Форумға 200-ге тарта имам-молдалар, көрнекті ғалымдар мен дінтанушылар қатысты.
Форумды Жамбыл облысы әкімдігі Дін істері басқармасының бастығы Жангелді Омаров жүргізді. Облыс әкімінің орынбасары Бекболат Орынбеков сөз сөйлеп, форумды ашып берді.
Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Ақпараттық жұмыс басқармасының басшысы Гүлмира Бекетайқызы Қазақстандағы діни конфессиялардың қазіргі жағдайы туралы баяндама оқыды. Сонымен қатар, ғалым Әбдісаттар қажы Дербісәлі «Тараздан шыққан дін ғұламалары» тақырыбында баяндама жасап, Тараз өңірінен Тарази, Баласағұни, Құлани, Меркилер секілді біраз ғалымдардың шыққандығын және еңбектерін тарихи фактілермен айтып берді.
ҚМДБ-ның наиб мүфтиі Бауыржан Есмахан жаназа рәсімдерін қазіргі кезде бірзділікке түсіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтып, баршамыздың бірінші міндетіміз дін бірлігін сақтап, діни алауыздықтан қашық жүру екенін атап өтті. Ғалым Мұхиддин Исаұлы баяндама оқыды.
Имамдар естелікке суретке түсіп, форум түс қайта Жастар сарайында өз жалғасын тапты.
ҚМДБ Жастар секторының облысымыздағы өкілі Ержан Аманбаев және Тараз қаласындағы «Кеңесхан қажы» мешітінің бас имамы Қанат Жұмағұлов «Жамбыл» телеарнасына сұхбат беріп, форум туралы ойларымен бөлісіп, форумның берері мол екенін айтып өтті.
«Һибатулла Тарази» мешітінің Баспасөз қызметі