Ең балажан кісі

Ең балажан кісі

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

 Пайғамбарымыз Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) балаларға тым мейірімді еді. Сахабалардан Абдуллаһ ибни Омар (р.а.) немерелері Хасан мен Хұсейн үшін пайғамбарымыздың «дүниедегі екі райханым (хош иісті гүл) менің» дегенін, Әнәс ибн Малик Расулаллаһтың оларды бауырына басып, иіскеп, оларға дұға оқитындығын айтқан.

Усама ибн Зәйд (р.а.) болса «Расулаллаһ мені бір тізесіне, Хасанды екінші тізесіне отырғызып, екеуімізді де бауырына бірдей қысып «Иә, Раббым! Менің бұларға мейіріммен қарағанымдай, сен де бұларға мейіріміңді төге гөр!» деп пайғамбар сүйіспеншілігінің тек қана өз немерелеріне ғана емес, басқаларға да дәл сондай екендігін айтқан.

«Кішкентайларымызға мейірімділік танытпаған бізден емес» (Әбу Дауыт, әдеп, 58) деп хадисінде айтқан пайғамбарымыз, реті келгенде бұл жайлы ата- аналарға да жұмсақ тілмен ескертіп отырған. Әр түрлі сахабалардың айтуына қарағанда, пайғамбарымыз балаларды өте қатты жақсы көріпті. Оларды құшақтап, көтеріп, мойнына отырғызып, ба- уырына басып, сүйіп, түйемен келе жатса, түйесіне мінгізіп, алдына алып ойнатып, балалармен бірге өзі де ойнап, бірдеңе бүлдіріп, үстін былғап қойса да еш ұрысып, қабақ шытпаған екен.

Бұл жайында кейбір сахабалардың айтқандары: Абдуллаһ ибн Бүср Расулаллаһты тамаққа шақырғанда, тамақтан кейін әдеттегідей сол үй-ішіне аман-есендік тілеп, дұға оқығандығын әрі «мына бала бір ғасыр өмір сүреді» деп басынан сипағандығын айтқан.  Абдуллаһ ибн Жафер (р.а.): «Расуллаһ сапардан қайтқанда немерелері Хасан мен Хұсейн алдынан жүгіріп шығатын. Ол бірінші жеткенін алдына, екінші жеткенін артына мінгестіріп Мәдинаға алып кіретін».

Махмұд ибн Рәби бес жастарында Пайғамбарымыздың бір тостағаннан аузына су толтырып үстіне бүріккендігін айтады. Бұл Расулалланың балалармен ойнауының, кейде оларды ойнатуының бір көрінісі. Ялла ибн Мүррә Расулаллаһтың бірде қонаққа бара жатып, жолда балалармен ойнап жүрген немересі Хұсейннің де ала кетпек болғандығын, бірақ Хусейннің атасын көргенде қашып, Расулаллаһтың оның артынан бала секілді қорбаңдап жүгіріп, қуғанын айтқан. (Ибн Мажә, Мұқаддима, 11).

Хазірет Пайғамбарымыздың немерелерінің бірін сүйіп жатқанда, оны көрген Акра ибн Хабис: «Менің он балам бар, ешқайсысын да әлі маңдайынан сипап көрген емеспін» дегенде, Пайғамбарымыздың оған: «Сен басқаға мейірбандық көрсетпесең, саған да Алла мейірбандық көрсетпейді» - деп жауап бергені айтылады. (Әбу Хурайрадан) Сол секілді Мәдиналық біреудің: «Менің бір балам бар. Балиғатқа толды. Сонда да әлі бір рет те иіскеп, сүйіп көрген емеспін» дегенде, Пайғамбарымыздың оған: «Алла тағала жүрегіңнен сүйіспеншілікті алып тастаса, мен не істейін (менің кінәм не?)» деп жауап бергенін айтқан.  Тағылым тамшылары Сонымен қатар, әз Пайғамбар балаларына жақсы қарайтын ата-аналарды да мақтап, жақсы-жақсы сөздер айтатын.

Бір күні баласын жоғалтып, тұтқындардың арасы- нан кез келген баланы бауырына басып іздеп жүрген әйелді көрсетіп, пайғамбарымыз: «Біліп қойыңдар, Алланың құлдарына деген мар- хабаты, сүйіспеншілігі, мына әйелдің өз баласына деген махаббатынан да асып түседі» деген. Жаратушының пенделеріне деген махаббатын анық айқындаған бұл хадис Бұхари мен Мүслимнен алынған.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: