Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Жаңаөзен қаласындағы «Әбіш қожа» мешіті жамағатына «Ислам және бауырмашылдық» тақырыбында уағыз айтты.
«Біз, баршамыз бір құбылаға бет түзеп, бір сапта иық тірестіріп, бір Аллаға құлшылық етеміз. Өздеріңізге белгілі, пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдина қаласында мұсылмандықтың іргесін бауырмашылдық пен бірлікпен бекітті. Осынау ізгі бастамадан кейін жергілікті мәдиналық мұсылмандар Меккеден келген бауырларының тұрмыстық жағдайын терең түсініп, үйін, мал-мүлкін құрбан етіп, бауырмалдықтың теңдессіз үлгісін көрсетті. Бұл – Ислам тарихындағы өшпес өнеге. Хақ Елшісі үмбетіне өзіне қалағанды өзгеге де қалау қажет екендігін үйретті. Мұсылмандарды өз бауырының қайғысы мен қуанышын бөлісуге тәрбиеледі. Сондықтан біздің жұдырықтай жүрегіміз бір-бірімізге жұмсақ, көңіліміз бен пейіліміз кең болуы керек. Аллаға шүкір, қазір елімізде салынып жатқан зәулім мешіттердің қатары күннен-күнге көбейіп келеді. Ендеше, біз осынау игіліктің қадірін сезініп, асыл дініміздің көсегесін көгертуіміз тиіс. Ол үшін бізге ең бірінші өзара бауырмашылдық пен жанашырлық ауадай қажет», – деді Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы.
Ақшам намазына жиналған жамағат Бас мүфтимен емен-жарқын сұхбаттасып, сұрақтарына жауап алды.
muftyat.kz
ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.