Пайғамбарымыздың (ﷺ) қара нәсілді жеті сахабасы

Пайғамбарымыздың (ﷺ) қара нәсілді жеті сахабасы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Мұсылмандардың бәрі Исламның бірінші азаншысы қара нәсілді сахаба Біләлді (р.а.) жақсы біледі. Алайда сахабалардың арасында одан да өзге қара нәсілді адамдардың болғанын біз біле бермейміз. Төменде қара нәсілді сахбалар ғұмырнамаларынан қысқаша келтіріп өтейік.

«Терісі қара» түсінігінің астарында тек нубиялықтар мен эфиоптар (таза африкалықтар) ғана емес, сондай-ақ, түрі сондай қара арабтар да болған, оларды бүгінде «қара» деп қабылдайды, мысалы үшін, арабтар мен африкалықтардың араласқан нәсілін құрайтын Судан тұрғындары.

1. Үммү Айман (р.а.): Пайғамбарымыздың (ﷺ) асыраушысы, оның туған анасынан кейінгі екінші анасы

Бұл тізімдегі бірінші адам Анха Барака есімді әйел, ол көбіне Үммү Айман есімімен танымал. Үммү Айманның шығу тегі Эфиопия, ол Пайғамбарымыздың (ﷺ) әкесі Абдулла ибн Абдул Мүттәлібтің үй қызметіндегі әйел болатын. Алла Елшісінің (ﷺ) анасы Әмина қайтыс болған соң, Үммү Айман кішкентай Мұхаммедті (ﷺ) өз қамқорына алады. Пайғамбарымыз (ﷺ) бен Хадиша анамыздың (р.а.) неке қиюы кезінде, Үммү Айман азаттық алады. Барака Үммү Айман Мекке қаласында Исламды бірінші болып қабылдағандардан болатын, сондықтан да пұтқа табынушы-құрайыштардың қуғынын көп көрген жандардың бірі. Ол, сондай-ақ, Мединеге хижра жасағандардың ішінде де болған.

Үммү Айманның бірінші күйеуі Убайд ибн Зайд (р.а.), ол Хиджазадағы көрнекті тайпа бан Хазраждан болған. Ибн Касирдің келтіргеніне сәйкес, Убайд та қара нәсілді болған, дегенмен оның шыққан тегі араб тайпасы болатын. Бұл некеден оларда Айман есімді ұл туады, оның да түрі қара болады; ол Хунайнда болған ұрыста шейіт болды. Үммү Айманның өзі Ұхуд пен Хайбар ұрыстарында шайқасқан жауынгерлерге су тасып, жаралыларға қарасуға көмектескен.

Үммү Айманның күйеуі қайтыс болған соң, Пайғамбарымыз (ﷺ) сахабаларына: «Кімде-кім Жұмақ тұрғындарынан болатын әйелге үйленгісі келсе, онда Үммү Айманға үйленсін», - деп айтады. Сол кезде Зайд ибн Харис (р.а.) Үммү Айманға үйленеді, Зайдты Пайғамбарымыз (ﷺ) азат етіп, өз ұлындай тәрбиелеген еді. Зайд араб болса да, оның түрін сипаттауда бірнеше қайшылықтар бар. Ибн әл-Жаузидің «Тануир әл-Ғабаш мин фадл ас-Судан уа әл-Хабаш» атты еңбегінде былай айтылғандығы келтірілген: «Зайд қысқа бойлы, шолақ та жалпақ танаулы әрі қара болған».

Үммү Айман Пайғамбарымыздың (ﷺ) отбасына етене жақын болған адам. Ол көптеген отбасылық оқиғалардың куәгері болған, мысалы, Фатима мен Әлидің (р.а.) неке қию рәсіміне қатысқан. Пайғамбарымыздың (ﷺ) жан тәсілім ету кезінде оның отбасымен бірге болып, олармен бірге қабырғасы қайыса қайғырған.

2. Усама ибн Зайд (р.а.): жас қолбасшы

Пайғамбарымыздың (ﷺ) ең сүйікті сахабаларының бірі болған. Усаманың ата-анасы - Эфиопиядан шыққан Үммү Айман мен шығу тегі араб Зайд ибн Харис (р.а.), оларды Пайғамбарымыз (ﷺ) құлдықтан азат еткен. Усама хижраға жеті жыл қалғанда Меккеде туған, ол қара нәсілді адам ретінде сипатталады.

Усама уақытының көбін Пайғамбарымыздың (ﷺ) үйінде өткізіп, оның немересі Хасанмен (р.а.) бірге тәрбиеленеді. Кейін келе Пайғамбарымыз (ﷺ) Усаманы құрайыш тайпасынан шыққан Фатима бинт Кайске некелестіреді. Некеге отыру кезінде Усама 15 жаста болатын және оның саусағында «Алла Елшісіне деген сүйіспеншілік» деген жазуы бар жүзік бар еді деп айтады.

Біраз уақыттан соң әлі де жап-жас Усама Сириядағы византиялықтарға қарсы жорық әскерінің қолбасшысы болып тағайындалады. Усаманың осындай жоғары лауазымына кейіс танытқан кейбір сахабалар да болған — үлкен жастағылар енді жас балаға бағынуы тиіс дегендей. Мұны білген Пайғамбарымыз (ﷺ) сахабаларына былай айтқан екен: «Әй, адамдар! Маған кейбіреулеріңнің Усама ибн Зайдтың қолбасшы болып сайланғанына ренжулі екендіктерің жетті. Алламен ант етемін, шындығында, Усамаға бағыну – маған бағынғанмен тең».

Усама хижраның 61 жылы Муауи ибн Әбу Суфьянның басқару уақытында қайтыс болған.

3. Саад әл-Асуад (р.а.): үйлену тойы күні шейіт болған

Саад әл-Асуад ас-Сулями (р.а.) қара нәсілді сахабалардың бірі болған. Ол Медине мұсылманы ансарлардан болған, өзінің шығу тегінің төмендігіне байланысты адамдардан көп қорлық көрген. Өзінің толық қанды емес екендігіне қорланған Саад бірде Пайғамбардан (ﷺ): «Мұсылмандар арасындағы төменгі жағдайыма қарамастан, мен Жұмақтық бола аламын ба?», - деп сұрайды. Пайғамбарымыз (ﷺ) оған мұндай сыйға басқа мүміндер сияқты оның да құқығы бар екенін айтады. Сонда Саад: «Басқа мүміндермен тең құқығым болса, неге арабтардың ешбірі маған қызын бергісі келмейді?» - деп сұрайды. Мұны естіген Пайғамбарымыз Саадқа Амр ибн Уахбтың үйіне барып, қызының қолын сұрауын және бұл ұсыныспен Алла Елшісінің (ﷺ) өзі жібергендігін айт дейді. Саадтан ұсыныс алған Амр қатты ашуланады - оның сұлулығымен танымал қызына мұндай төменгі тектің адамы қалайша құда түспек! Бірақ олардың әңгімесін естіп тұрған Амрдың қызы әкесіне бұл ұсыныстан бас тартпауды өтінген, өйткені оны Пайғамбардың (ﷺ) өзі жіберген ғой.

Алайда үйленген күні Саад шайқасқа кетіп, қаза болады. Бізге келтірілгендей, Пайғамбарымыздың өзі (ﷺ) оның басын тізесіне қойып, Саадтың өліміне қайғырған екен.

4. Жулейбиб (р.а.) есімді сахаба

Ислам тарихындағы біршама мәтіндерде кездесетін Пайғамбарымыздың (ﷺ) жақын көмекшілерінің бірі Жулейбиб есімімен танымал. Жулейбиб (р.а.) Исламды Мединеде қабылдағандықтан ансарлардың бірі болып табылады. Ал оның шығу тегі белгісіз болғандықтан, ол арабтардың арасында алыстатылған болып саналатын. Әл-Жаузидің «Тануир әл-Ғабаш» еңбегіне сәйкес ол көріксіз, қысқа бойлы әрі қап-қара болған екен.

Мединеде Жулейбибтің не отбасы, не туыстары болмағандықтан, ол көп уақытын Пайғамбарымыздың (ﷺ) қасында өткізген. Белгілі болғандай, Мединенің көптеген адамдары оның көріксіз түріне әрі шыққан тегінің төмендігіне күліп, оны үнемі кемсітетін.

Сенімді риуаяттарда келтірілгендей, Пайғамбарымыз (ﷺ) Жулейбибке жұбай тауып беру шешімін қабылдағаны туралы айтылады. Сол үшін ол ансарлардың біреуінің үйіне барып, үй иесіне неке туралы ұсыныспен келгендігін айтады. Қалыңдықтың әкесі лезде келісімін береді, өйткені ол оның қызы мен Пайғамбарымыздың (ﷺ) неке қиюы туралы сөз қозғалып отыр деп ойлап қалады. Алайда Пайғамбарымыз (ﷺ) жұбайды өзіне емес, Жулейбибке іздеп жүргендігін айтқанда, үй иесі абыржып, бұл жөнінде әйелімен сөйлесуі керектігін айтады. Оның әйелі Пайғамбарымыздың (ﷺ) ұсынысын естігенде оның өзі үйленеді екен деп қуанып қалады. Бірақ әңгіме Жулейбиб сияқты төменгі тектің әрі көріксіз адам туралы екенін білгенде, оған қызын бергізбейтіндігін айтады. Шуды естіген олардың қызы ата-анасына келіп, Пайғамбарымыздың (ﷺ) олардың үйіне не үшін келгендігін сұрайды. Ол сенің қолыңды Жулейбибке сұрап келіпті, бірақ біз сені оған бергіміз келмейді дейді анасы. Алайда қызы ата-анасына былай деп жауап береді: «Алла Елшісінің (ﷺ) өзі келіп, жасап тұрған ұсынысынан біз қалай ғана бас тартамыз? Аллаға ант етемін, Алла Елшісі (ﷺ) маған зұлымдықты қаламас!»

Ибн Хаджар әл-Аскалянидің «Әл-Асабасында» бұл жағдай Құранда түсірілген мына жайтқа үйлестіре айтылған:

«Алла Тағала және Елшісі, қашан бір іске үкім берсе, мүмін ер және мүмін әйел үшін олардың істерінде ерікті болуларына болмайды. Сондай-ақ кім Аллаға, Елшісіне қарсы келсе, сонда рас ашық адасқан болады» (33:36).

Бұл жағдай бірнеше кітаптарда да аталып өтеді, мысалы үшін Ибн Әбу Шайбтың «Әл-Мусаннафтағы» неке үйлесімділігі бөлімінде. Онда былай айтылған, осы құдалықтан соң Пайғамбарымыз (ﷺ) Жулейбиб пен әлгі қызды некеге отырғызады.

Үйленген соң бірнеше айдан кейін Жулибиб соғысқа кетіп, шайқаста қайтыс болады. Оның өлгенін көрген Пайғамбарымыз (ﷺ) былай айтқан екен: «Жулейбиб менен, мен оданмын» (бұл адамның жоғары дәрежесін көрсеткені). Пайғамбарымыз (ﷺ) өзі Жулейбибтің қабірін қазып, оның денесін жумай көмеді, осылайша оның шейіт болғанын көрсетеді.

5. Аммар ибн Ясир (р.а.): Пайғамбарымыздың (ﷺ) өзі бұл адамның шахид болатынын алдын-ала айтқан екен

Аммар ибн Ясир (р.а.) сеніміне берік әрі шыдамдылығымен ерекшеленген сахабаларының бірі болған.

Әл-Хакимнің «Мустадрақ» атты еңбегінде Аммар ұзын бойлы, қараторы, бұйра шашты адам ретінде сипатталған. Оның әкесі Ясир араб болған.

Аммар Исламды қабылдаған сахабалардың алғашқысы болған, пұтқа табынушылар оны да, ата-анасын да қатты азаптаған. Бірде азапқа шыдай алмай, мәжбүрлі түрде Исламнан бас тартады. Содан кейін Пайғамбарымызға (ﷺ) келеді де Исламнан бас тартуына мәжбүрлегенін, бірақ дінді жүрегінен шығармағандығын айтып жылайды. Пайғамбарымыз (ﷺ) оның көз жасын сүртіп, оған Құранның мына сүресін айтып береді: «Жүрегі иманнан орныққаннан кейін зорлық көргеннен басқа біреу; иман келтіргеннен кейін Аллаға қарсы келсе, сондай-ақ біреу көңілін имансыздыққа берсе, оған Алланың ашуы және оларға зор азап бар» (16:106).

Көп қуғын көрген Аммар бірнеше сахабалармен христиан үкіметінің панасында болу үшін Эфиопияға көшіп кетеді. Кейін ол Мединеге хижра жасады, Алла разылығы үшін екі рет көшкен, осылай ол таңдаулы сахабалар қатарында болған.

Аммар көп шайқастарға қатысқан, Бәдір мен Ухуд сияқты белгілі ұрыстарда болған. Өлерінен бұрын Пайғамбарымыз (ﷺ) Аммарға былай айтқан: «Сен бүлікшіл топтың қолынан қаза табасың». Бұл хадис сахих және мутауаттир болып саналады, көптеген сенімді адамдар арқылы берілгендіктен, оның растығы күмән тудырмайды.

Омар (р.а.) әмірлік етіп тұрған кезде, Аммар біршама уақыт Ирактың Куфа қаласының билеушісі болады, бірақ кейін қызметінен алынады, өйткені Омар Куфа мен Басраны біріктіріп Әбу Мұса әл-Әшғаридің басшылығына береді.

Әли (р.а.) билік жүргізген кезде Аммар оның әскерін Жамал шайқасына басқарып, харижиттерден қорғаған. Сиффин шайқасында Муауи ибн Әбу Суфьян әскері адамының қолынан қаза табады.

6. Әбу Зарр әл-Ғифари (р.а.): үлкен жүректі, адамгершілігі мол адам

Ол үлкен сахабалардың бірі еді, дінге берілгендігімен және кедейлерге деген қамқорлығымен танымал болған. Оның толық есімі Жундаб ибн Жунад, өзі Ғифар тайпасынан шыққан. Ибн Саад «Ат-Табакат әл-кубра» кітабында ол қараторы, ұзын бойлы адам ретінде сипатталған.

Жәһилиәт дәуірінде Ғифар тайпасының адамдары өздерінің маскүнемдіктерімен, тонаушылықтарымен және пұтқа табынушылықтарымен танымал болған. Алайда Әбу Зарр бұл тайпа салттарынан Исламды қабылдамай тұрып-ақ бас тартқан. Оның тайпаласының бірі Меккеде өзін Алланың Пайғамбарымын деп бір адам шығыпты, ол адамдардың жақсылық жасауына жетелейді әрі зұлымдыққа тыйым салады дегенін естіп Әбу Зарр Меккеге жол тартады. Пайғамбарымызбен (ﷺ) кездесіп Әбу Зарр Исламды қабылдайды. Келесі күні ол Қағбаға барып, өзінің діні туралы ашық айтады, содан кейін оны құрайыштар ұрып тастайды. Ол қайтадан барады, оны қайтадан ұрып тастайды. Бірнеше рет осылай болған соң, Пайғамбарымыз (ﷺ) оған өз тайпасына барып Ислам туралы айтуын бұйырады.

Кейін ол Мединеге көшіп, Бәдірдегі шайқасқа, басқа да үлкен шайқастарға қатысады. Османның (р.а.) билік етіп тұрған уақытында Әбу Зарр кейбір мұсылмандардың ысырапшылдық өмір салттарына қарсы шыққандардың бірі және кейбір адамдарға қазынадан көп ақша беретіндерді кінәраттаушы болған. Әбу Зарр Маруан әл-Хакамды, Османның немере ағасын, қазынадан 500 000 дирхам алғаны үшін айыптаған соң, Әбу Заррды Мединеден Дамаскіге жібереді. Дамаскіде ол байлардың салтанатты өмір салтына және кедейлерді менсінбеуіне қарсы шығуын жалғастыра берді, мұнысы Османның туысы Муауи ибн Әбу Суфьянмен болған жанжалға әкеліп соғады.

Пайғамбарымыз (ﷺ) бірде Әбу Заррға алдын-ала былай айтқан: «Сен жалғыздықта өмір сүресің, жалғыздықта жан тәсілім етесің, өліден жалғыз болып тірілесің және Жұмаққа да жалғыз кіресің». Бұл болжам оның көзі тірісінде орындалды – сол кезең жағдайларына байланысты Әбу Зарр Дамаскіні қалдырып, Ар-Рабаттың шөл даласына өмір сүруге кетеді, сол жерде жалғыздықта қайтыс болады.

7. Михджа ибн Салих (р.а.) – қара нәсілділердің ең жақсысы.

Пайғамбарымыздың (ﷺ) ең танымал сахабаларының бірі. Исламды Меккеде қабылдаған және Мединеге көшкендердің ішінде болған.

«Ат-Табакат әл-кубраға» сәйкес Михджаның шығу тегі Йемен тұрғындары жағынан, оның ата-тегі араб болған, бірақ түрі қара еді. Хиджазда ол құлдыққа сатылып, надандық кезеңіндегі басқа да құлдар сияқты езгіде болған. Кейін оны Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.) азат етіп алған.

Меккеде көптеген пұтқа табынушылар Пайғамбарымызды (ﷺ) кедей адамдармен және бұрынғы құлдармен араласқаны үшін қорлайтын. Осы жөнінде Алла Өз Пайғамбарына (ﷺ) мына бір аятты түсірген:

«(Мұхаммед Ғ.С.) сондай күндіз-түні Раббыларына жалбарынып, Оның дидарын тілегендерді қума!» (6:52)

Абдулла ибн Аббастың (р.а.) айтуынша, Алланың бұл сөздері Аммарға, Михджаға, Амир ибн Кухайрға, Салман мен Салимге қатысты айтылған.

Табариге сәйкес, хижрадан кейін Бәдір соғысында алғашқылардың бірі болып Михджа қайтыс болады.

Әл-Хакимнің «Мустадрақында» және Суюттың «Әл-Джами ас-сағирында» Пайғамбарымыздың (ﷺ) былай айтқаны келтірілген: «Қара нәсілділердің ең жақсысы үшеу болған – Біләл, Лұқман (Құранда аталып өткен) және Михджа».

Алла Тағала бұл кісілерден разы болсын!

asyldin.kz

 

 

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: