Хасан (р.а.) Пайғамбарымыздың (ﷺ) былай айтқанын келтірген: «От ағашты жалмағандай, жақсы амалдарды ыза мен қызғаныш жалмайды».
Абдурахман бин Муғауия (р.а.) Пайғамбарымыздың (ﷺ): айтқан мына сөздерін жеткізеді: «Ешкім де үш нәрседен: күдіктен, қызғаныштан әрі жаман пікірден (болжаудан) қашып құтыла алмайды». Уа, Алла Елшісі, бұлардан қалай құтылуға болады?» - деп сұрағанда, ол былай деген: «Егер қызғансаң — қызғанышқа берілме, яғни, егер жүрегіңде қызғаныш оты пайда болса, бұл сезімді сыртқа шығарма да басқа адамның Алла берген ризығынан айырылып қалуын тілеме».. Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (ﷺ) былай айтқан: «Егер сен күдіктенсең – тексерме, бір мұсылман туралы расымен білмесең, ол туралы жаман ойлама». Егер жаман ойласаң – бұл ойдан арыл да қайта оралма, яғни, егер сен жолға шығайын деп жатқанда бір қатты дауыс немесе қарғаның қаңқылдағанын естісең, не болмаса сенің әлдебір дене мүшеңді әлдекімнің тартып қалғанын сезсең – жаман болжаулардан аулақ бол. Пайғамбарымыздың (ﷺ) өзі жақсы болжамдарды ұнатып, жаман болжамдарды қаламайтын.
Жаман болжамдардың жәһилиәт дәуірінде де болғандығы келтірілген.
Алла Тағала Құранда былай айтқан: «Яки олар, өздері қорыққан апаттың алуынан алаңсыз болды ма?...» (16:47).
Ал басқа бір аятта былай келтірілген: «Олар: “Расында сендер себепті сәтсіздікке ұшырадық. Егер айтқандарыңнан қайтпасаңдар, әлбетте сендерді таспенатқылаймыз. Сондай-ақ сөзсіз сендер бізден жан түршігерлік қинау көресіңдер” деді» (36:18).
Ибн Аббас (р.а.) былай айтқан: «Әр кез құстың дауысын естігенде, былай де: «Уа, Аллам, Сенің құсыңнан басқа құс жоқ, Сенің игілігіңнен басқа игілік жоқ, Сенен басқа Құдай жоқ, Сенің күшің мен құдіретіңнен басқа күш пен құдірет жоқ», - сосын болжаудан аулақ бол, өйткені Алланың рұқсатынсыз саған ештеңе де зиян келтіре алмайды».
Әбу Хурайра (р.а.) Пайғамбарымыздың (ﷺ) былай айтқанын келтірген: «Бір-бірлеріңді жек көрмеңдер, бір-бірлеріңді қызғанбаңдар, бір-бірлеріңе бағаларыңды өсірмеңдер. Уа, Алланың құлдары, бір-бірлеріңе бауыр болыңдар».
Муғауия бин Әбу Суфьян өзінің ұлына: «Ұлым менің, қызғаныштан аулақ бол, өйткені қызғаныш сенің дұшпаныңнан бұрын сенде пайда болады», - деген.
Факих (р.а.) айтқан: «Ыза мен қызғаныштан артық жаман нәрсе жоқ, өйткені қызғаншақ адам мынадай бес жазаға ұшырайды:
Біріншісі: таусылмайтын уайым.
Екіншісі: сауабы болмайтын қасірет.
Үшіншісі: дәріптелмейтін қорлық.
Төртіншісі: Алланың қаһарына ұшырау.
Бесіншісі: оған тауфиқ есіктері жабық болады».
Пайғамбарымыз (ﷺ): «Шындығында, Алла Тағаланың берген нығметінің жаулары болады»,- дейді. «Уа, Алла Елшісі, олар кімдер?», - деп сұрағандарға Пайғамбарымыз (ﷺ) былай жауап берген: «Адамдарға Алла Өз мейірімімен берген нығметтерін - қызғанатындар, көре алмай, күндейтіндер».
Мәлік бин Динар: «Асылында, қарилерге Құранды барлық адамдарға оқуға рұқсат еттім, бірақ олардың бір-бірінен жарыса оқуларына рұқсат бермедім, өйткені ең үлкен қызғаныш сол қарилерде»,- деген.
«Танбихул ғафилин» кітабынан
asyldin.kz