Әлемдегі тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин өзінің нұсқаушысымен бірге МиГ-15УТИ жойғышының бортында жерден берілген бұрыс команда нәтижесінде қаза тапқан. Мұндай тұжырымды ұшу комиссиясының мүшесі, Громов атындағы ҰЗИ-ның бұрынғы директоры Арсений Миронов мәлімдеген.
Маманның айтуынша, МиГ-15УТИ бортындағы Юрий Гагарин мен ұшқыш-нұсқаушы Владимир Серегин диспетчерден қате нұсқаулар алған. Мироновтың пайымдауынша, бұл қателікті оқу-ұшу жаттығу басшысы жіберіп алуы мүмкін, өйткені тек сол адамның рұқсаты арқылы ғана биіктік, бағыт және басқа да тәсілдер өзгертіліп отырылады екен.
Сондай-ақ, ғарышкер Алексей Леоновтің нұсқасына сай, Гагарин мен Серегин олардан 10 метр жерде ұшып өткен Су-15 жойғышының құйынды ізінен «төңкеріліп» кетуі мүмкін. Леоновтің айтуынша, Су-15 жойғышы «дыбыстан шапшаң жылдамдықпен» 10 метрдей қашықтықта ұшып өтіп, Гагарин мен Серегин болған МиГ-15УТИ бортын қатты ауа ағынымен «құлатып» кеткен.
Естеріңізге сала кетсек, 1968 жылдың 27 наурызында тәжірибелі нұсқаушы Владимир Серегиннің басқаруымен МиГ-15УТИ бортында оқу-ұшу жаттығу жасап жүрген Юрий Гагарин Владимир облысы Киржачск ауданына қарасты Новоселово селосының маңында әуе апатынан қаза болған. Бұл апаттың себеп-салдары әлі күнге дейін толық анықталмай келеді.
asyldin.kz