Ер адам әйеліне діни міндеттерін орындауға жағдай жасауға міндетті

Ер адам әйеліне діни міндеттерін орындауға жағдай жасауға міндетті

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Отағасы үшін отбасы мүшелеріне діни мəліметтерді үйреніп, құлшылықтарын орындай алатын жағдай жасау да негізгі міндеттердің бірі. Мұсылманның білімі телегей теңіз болғаны жарасымды. Отағасы ретінде əйелі мен бала-шағасына имани мəселелерді (ақида), харам мен халалды үйретуі керек. Мəлик ибн Хуəйри (р.а.) мына бір хадисті жеткізеді: «Біз, жастар тобы, Пайғамбарымыздың қасында жиырма күндей болдық. Алла елшісі жанұяларымызды, артымызда кімдердің қалғанын сұрады. Біз жолымызды күтіп отырған отбасымыз барын айттық.

Расулуллаһ өте жұмсақ əрі мейірімді еді. Үйімізді сағынды деп ойлап, «Онда ауылдарыңа қайтыңдар. Дінді оларға да үйретіңдер», – деді». Баланың ең бірінші ұстазы – өзінің анасы. Əйел заты бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен əлемді тербетеді. Ол тəрбиелеген сəби ертеңгі күннің азаматы. Сондықтан Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) əйелдердің де оқу-жазуды үйренулеріне үлкен мəн берген.

Əйелдердің білім алуы үшін арнайы бір күн арнайтын. Дінімізге қатысты мəліметтердің көбінің Айша анамыз арқылы жеткенін ескерсек, əйелдердің де білімді болуының қаншалықты маңызды екенін көреміз. Ер кісі əйелінің құлшылығын дұрыс атқаруына да жауап береді. Ислам діні бойынша əйел еркекке аманат десек, сол аманат есебінде тапсырылған құндылықтардың шеңберіне рухани жетілу шаралары, яғни əйелдің ілімді тануы да кіреді. Құранда: یَا أَیُّهَا الَّذِینَ آمَنُوا قُوا أَنْفُسَكُمْ وَأَهْلِیكُمْ نَارًا وَقُودُهَا النَّاسُ وَالْحِجَارَةُ

«Уа, иман келтіргендер, өздерің мен бала-шағаларыңды отыны адамдар мен тастардан тұратын тозақ отынан қорғаңдар», وَأْمُرْ أَهْلَكَ بِالصَّلاَةِ

«Уа, елшім, отбасыңа намаз оқуды бұйыр», − делінсе, Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) да хадисінде: كُلُّكُمْ رَاعٍ وَمَسْئُولٌ عَنْ رَعِیَّتِهِ ، فَالإِمَامُ رَاعٍ ، وَهْوَ مَسْئُولٌ عَنْ رَعِیَّتِهِ ، وَالرَّجُلُ فِى أَهْلِهِ رَاعٍ ، وَهْوَ مَسْئُولٌ عَنْ رَعِیَّتِهِ ،وَالْمَرْأَةُ فِى بَیْتِ زَوْجِهَا رَاعِیَةٌ وَهْىَ مَسْئُولَةٌ عَنْ رَعِیَّتِهَا ، وَالْخَادِمُ فِى مَالِ سَیِّدِهِ رَاعٍ ، وَهْوَ .مَسْئُولٌ عَنْ رَعِیَّتِهِ

«Бəрің де жауапкерсіңдер, жауапкершіліктеріңдегі нəрселерден сұраласыңдар. Патша өз қол астындағылар үшін жауапты жəне солар үшін сұралады. Отағасы жанұясына жауапты, солар үшін сұралады. Əйел күйеуінің шаңырағына жауапты, сол үшін сұралады. Қызметші қожайының мал-мүлкіне жауапты, сол үшін сұралады. Бəрің де жауапкерсіңдер, бəрің де жауапкершіліктеріңдегі нəрселерден сұраласыңдар деп, ер кісінің жауапкершілігіне ерекше назар аудартуда.

Егер еркектің өзі дін жайында мардымды ештеңе білмесе, онда білікті ұстаз жалдауы немесе əйелі дінін дұрыс үйрене алуы үшін қажетті əдебиеттер, осы бағыттағы мəліметтер беретін газет-журналдар мен СD диск секілді дүниелермен қамтамасыз етуі керек. Бірақ дінімді үйрету керек екенмін деп, əйелді еркінен тыс қинауға да болмайды. Өйткені дінде зорлық жоқ. Оның үстіне Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) یَسِّرُوا وَلاَ تُعَسِّرُوا وَبَشِّرُوا وَلاَ تُنَفِّرُوا «Жеңілдетіңдер, қиындатпаңдар. Сүйіншілеңдер, (адамдарды) үркітіп, өздеріңнен бездірмеңдер», – дегені бар. Осы ұстанымды əрдайым басшылыққа ала отырып, құлшылықтың мəні мен мақсатын, иманның дүние мен ақыреттегі пайдасын айтып түсіндіруге тырысу қажет. Жəне де əйелі мен бала-шағасына бұйыратын нəрсесін алдымен өзі орындап үлгі болуы керек.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: