Күйеуімен сыпайы сөйлес

Күйеуімен сыпайы сөйлес

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Мұсылман əйелдің жүзінің жылылығы сияқты, сөзінің де жылылығы иманының белгісі. «Иманы бардың белгісі, тілінен тамар шырасы» − деп Шортанбай ақын айтпақшы, сыпайы сөйлеу – мұсылмандық əдебі. Мұсылман əйелдің еріне ілтипатпен тіл қатуы ерлі-зайыптының арасындағы сыйластықтың артуына себін тигізбек. Үйіне шаршап-шалдығып жеткен күйеуіне əйелінің тəтті тілімен, сүйкімді қылықтарымен шаршағанын ұмыттырып, көңілін жаулай білгені неткен керемет десеңізші. Мұндай бақытқа ие болған еркек сырттан шаттық іздей ме?

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) бір хадисінде: «Мұсылман ер кісі жұбайына сүйіспеншілікпен қарағанда əйелі де оған сүйіспеншілікпен қараса, Алла тағала екеуіне де рақымдылық назарымен қарайды. Күйеуі əйелінің қолынан ұстаған кезде екеуінің де саусақтары арасынан күнəлары төгіледі», – деп баяндайды. Хадистен көріп отырғанымыздай, ерлі-зайыптылар бір-біріне сүйіспеншілікпен қарап, құрметтесе, сыпайы сөйлеп, жылы шырай танытса, онда мұндай шаңырақты Алла тағала да назарына алып, рақымдылығына бөлеп, нəсібін арттырмақ. Сондай-ақ, мұсылман əйел күйеуіне бұйрық беруден бойын аулақ салып, сыпайы да, жылы сөйлеуге əдеттенуі керек. Ертеректе апа-əжелеріміздің ерінің атын да атамай, «отағасы», «қожайын» деп атағанын өзімізге үлгі етсек, нұр үстіне нұр болар еді.

Мұсылман əйел күйеуіне жекіп ұрыспауы, бостан-босқа тартыспауы керек. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм): أَنَا زَعِیمٌ بِبَیْتٍ فِي رَبَضِ الْجَنَّةِ لِمَنْ تَرَكَ الْمِرَاءَ وَإِنْ كَانَ مُحِقا وَبِبَیْتٍ فِي وَسَطِ الْجَنَّةِ لِمَنْ تَرَكَ الْكَذِبَ وَإِنْ كَانَ مَازِحًا وَبِبَیْتٍ فِي أَعْلَى الْجَنَّةِ لِمَنْ حَسَّنَ خُلُقَهُ

«Өзінікі дұрыс болса да, өзгелермен таласып-тартыспаған адамға жəннаттың шетінен үй берілетініне кепілмін. Қалжыңдап болса да, өтірік айтпаған адамға жұмақтың қақ ортасынан үй берілетініне кепілмін. Сондай-ақ мінез-құлқын көркейткен адамға пейіштің төрінен үй берілетініне кепілмін»– деген.

Хадисте айтылғандай, өзіміздікі дұрыс болған күннің өзінде де егесіп, сөз жарыстырудан аулақ болған жақсы. Жалпақ тілмен айтқанда «Екі елі аузына төрт елі қақпақ» қойып, өзінің нəзік тұлғасына лайықты орнын білгені жөн. Əйел заты еркекпен ерегісіп абырой таппақ емес. Оның орнына айтпақ болғанын кейінге қалдырып, ыңғайы келгенде жаймашуақ əңгімелесу арқылы түсіндірген тиімді. Мағауия ибн Қарра əкесінен риуаят еткен деректе: «Бірде Омар ибн əл-Хаттабтың

жамағатқа арнаған құтпасында «Аллаға иман келтіргеннен кейін ер-азамат жақсылықтың ең көбін жасаушы – көркем мінезді, өзі ұнататын жəне бала туатын əйел. Ал Аллаға күпірлік келтіруден кейін тілі өткір, мінезі нашар əйелден өткен жамандық жоқ. Алламен ант етемін, олардың ішінде олжа ретінде алынбайтын, өтемақы ретінде құтылуға лайық əйелдер бар» деп айтқан.

Дінімізде қарғыс айтуға тыйым салынған. Алда-жалда ерлі-зайыптылардың арасында көңілдеріне қаяу түсіп, ұрыс-керіс туа қалғанда өш алу мақсатымен айтылатын сөздердің алғашқы легінде қарғыс жүреді.

Бір күні Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) əйелдерге былай дейді: یَا مَعْشَرَ النَّساءِ تَصَدَّقْنَ وَ أَكْثِرْنَ الْاسْتِغْفَارَ فَإِنِّي رَأَیْتُكُنَّ أَكْثَرَ أَهْلِ النَّارِ، فَقَالَتِ امْرَأَةٌ مِنْهُنّ جَزْلَةٌ: وَ مَا لَنَا یَا

رَسُولَ اللهَِّ أَكْثَرَ أَهْلِ النِّار؟ قَالَ: تُكْثِرْنَ اللَّعْنَ وَ تَكْفُرْنَ الْعَشِیرَ

«Уа, əйелдер, садақа беріңдер, Алладан үнемі кешірім тілеңдер, себебі мен

тозақтықтардың көбінің əйелдер екенін көрдім». Сол əйелдердің ішінен біреуі: «Уа, Алланыңелшісі, тозақтықтардың басым көпшілігі неліктен біз боламыз?» – деп сұрайды. СондаПайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм): «Сендер қарғысты көп айтасыңдар жəне күйеулеріңеалғыстарың жоқ», – дейді.

Əйелдің күйеуін, балаларын қарғауы өзі мініп отырған ағашты кескенімен бірдей. Қарғыс тиіп олардың басына жаманшылық келген күнде ең алдымен əйелдің өзі қиналады. «Құрып қалғыр», «қараң батқыр», «одан да өле қал» деген секілді қарғыс сөздердің кесірі бірінші болып əйелдің өзіне тиеді.

Əйел ашулы сəттерінде де күйеуінің алдында өзін-өзі ұстай білуі қажет. Сонда абыройытөгілмесі анық. Осы тұрғыда Айша анамыздың (р.а.) əдептілігін тілге тиек етуге болады. Олəрдайым асыл жарының алдында əдептен озбайтын. Бұны мына хадистен көре аламыз. ХазіретАйша анамыз былай дейді: Бір күні Аллаһ елшісі (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) маған «Мен сенің ашулыекеніңді я болмаса көңілді екеніңді дереу біле аламын», – деді. «Оны қайдан білесіз?», – депсұрағанымда, «Маған риза болған кездеріңде: «Жоқ, Мұхаммедтің Раббына ант етейін» дейсің,ал ашуланған сəттеріңде: «Жоқ, Ибраһимнің Раббына ант етейін» дейсің», – деп жауап қатты.

Сонда мен: «Дұрыс айтасыз, Уа, Алланың елшісі. Алайда мен тек қана сіздің есіміңізді атамаймын», – дедім. Көріп отырғанымыздай, Айша анамыз күйеуіне ренжіген сəттерінде де оған əдепсіздік танытпаған. Атын ауызға алмау арқылы ғана ренішін сыпайы түрде білдірген. Бірақ өмірлік қосағының атын жүрегінен еш өшірмеген. Өзі де «Тек қана есіміңізді атамаймын» деу арқылы ақыл-естен адамды жұрдай ететін ашулы сəттерде де күйеуіне деген сүйіспеншілігінің жүрегінде сол қалпы сақталатынын меңзеген еді.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: