Пайғамбар немерелері Хасан мен Хұсейін кішкене кездерінде ауырып қалды. Уайымдап қалған Али мен Фатима (р.а.) балалары жазылғанда, шүкіршілік ретінде ораза ұстай бастады.
Алғашқы күні ауызашарға дайындаған тамақты енді ауызға ала бергенде, қайыр сұрап келіп жетімдерге қиды. Өздері ауыз ашпастан екінші күнгі оразаға ниет етті.
Екінші күні де ауызашарға дайындаған тамақты «Құдай үшін беріңдерші» деп келген кембағалдарға берді. Бұл кеште де ауызашпастан үшінші күнге ауыз бекітуге ниет етті.
Үшінші күні де дәл осы жағдай қайталанып, ауыздарынан жырған асты табалдырыққа келіп көз сүзген жалынышты тұтқындарға берді.+
Кейіннен осыған қатысты аят түсті:
«Олар уәдесін орындады. Ұзын әрі тоқтаусыз қиямет күнінен қорыққандықтан, өздері ұнатып іштей қалап тұрған тамақты бейшараға, жетімге және тұтқындарға берді. «Біз бұларды Аллаһ тағаланың разылығы үшін қидық. Сендерден қайтарым ретінде алғыс та ештеңе күтпейміз» деді. Осы себепті оларға Хақ тағала Тахур шарабын ішкізді» («Инсан» сүресі, 7-9, 21).