Нөкерлерін ерткен Хажжаж Мекке мен Мәдина арасында жолаушылап кетіп бара жатып бір бұлақтың басында тынығуды жөн көрді.
Дастархан жайылғанда, Хажжаж «Маңайға қараңдаршы, жағдайы нашар біреу-міреу кезіксе шақырыңдар, астан ауыз тисін» деді. Нөкерлер үстіне ілген ескі шапаны бар біреуді тауып, ұйықтап жатқан жерінен оятып ертіп келді.
Хажжаж оған: – Кел, бірге тамақтанайық, – деді.
Ол «жемеймін» деп астан бас тартты. Хажжаж себебін сұрағанда, «Мені бұдан да артық дастархан күтіп тұр» деп жауап берді.
– Ол қандай дастархан? – дегенде, – Аллаһ тағалаға қонақ болуға шақырылдым, мен ауыз бекіткен жанмын, – деді.
Хажжаж: – Мынадай ми қайнаған уақытта қайтіп ауыз бекітіп жүрсің? – деп таңырқағанда, ол:
– Иә, қияметтің ыстығынан қорғану үшін осы ыстықта шыдап ораза ұстап жүрмін, – деп жауап берді.