Исмаилды (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) құрбандыққа шалар алдындағы оның соңғы тілектері

Исмаилды (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) құрбандыққа шалар алдындағы оның соңғы тілектері

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ибраһимнің (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) ұлы арқылы берілген сынағы былай болған еді: Күндердің күнінде Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) Аллаға дұға етіп жатып, мешітте ұйықтап кетеді. Түсінде ол ұлы Исмаилмен (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) бірге отырғанын көреді. Бір періште келіп: «Мен Алла Тағаланың елшісімін. Алла осы ұлыңды құрбандыққа шалуға бұйырды», - дейді. Ол ұйқысынан үрейлене оянады, бұл түстің Алладан не шайтаннан екенін білмей дал болады. Күні бойы осы түсті ойлап жүреді. Сондықтан бұл күнді Таруия күні деп атап кеткен. Бұл сөз "бір нәрсені алдын-ала ойлап алып, асықпай жасау" дегенді білдіреді. Келесі түні де осы түсті көрген ол, түстің Алладан екенін түсінеді. Бұл күн Арафа күні деп аталады. Үшінші түні де осы түсті көреді. Енді бұл түсте Алланың бұйырғаны бар екендігіне оның еш күмәні қалмайды.

Ол Хажарға барып: «Исмаилды жуындырып, оған таза киімдерді кигіз, көзіне сүрме жақ та жұпар иіс сеп. Біз досымызға барамыз», - дейді. Ал Исмаилға (ол кісіге Алланың сәлемі болсын): «Пышақ пен арқан ал», - дейді. «Олармен не істейміз?» - деп сұрайды ол. «Алла разылығы үшін құрбандық шаламыз», - деп жауап береді Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын). Олар жолға шығады. Жолда Исмаил (ол кісіге Алланың сәлемі болсын): «Біз қайда барамыз?» - деп сұрайды. «Менің досыма барамыз», - деп жауап береді әкесі. «Оның үйі қайда?» Пайғамбар (ол кісіге Алланың сәлемі болсын): «Ол әлдебір жермен байланысты емес. Жер мен көктер Оған тиесілі», - дейді. «Әкем менің! Ол бізбен отырып тамақ іше ме?» «Ол ішіп-жеуден ада», - дейді әкесі. Олар тағы да біраз жүреді. Ал сол кезде қолайлы сәтті пайдаланған шайтан қарт адамның кейпіне кіріп, Хажарға келеді. «Ибраһим ұлдарыңды қайда алып кетті?» - деп сұрайды. «Өзінің досына апаруға», - деп жауап береді Хажар. «Жоқ, ол оны бауыздау үшін алып кетті», - дейді  шайтан.
Оған жауап ретінде Хажар: «Әкесі өз ұлын бауыздамас, оның мейірімділігі жібермес». «Менің білуімше, оған Алла бұйырған», - дейді шайтан. «Алланың қалауына бойұсыну керек. Егер Алланың бұйрығы солай болса, біз оны жан-тәнімізбен қабыл аламыз», - деп тіл қатады Хажар. Басқа не айтарын білмеген шайтан ғайып болады. Содан кейін ол қарт бейнесінде Исмаилға (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) келеді. «Сені әкең қайда әкетіп бара жатқанын білесің бе?» - деп сұрайды шайтан. «Досына барамыз», - деп жауап береді ол. «Ол сені өлтіруге әкетіп барады». «Әкесі ұлын өлтіргенді көріп пе едің?» «Менің білуімше, Алла солай бұйырған», - дейді шайтан. «Егер Ол бұйырса, онда мен жан-тәніммен келісемін», - деп жауап береді Исмаил (ол кісіге Алланың сәлемі болсын).

Тағы да не айтарын білмеген шайтан енді Ибрахимге (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) келіп, былай айтады: «Әй, Ибраһим, сен қателік жасайсың. Шайтан сені азғырып тұр. Өз ұлыңды бауыздаушы болма, сосын өкінесің, бірақ кеш болады». Ибраһим пайғамбар (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) алдында тұрған шайтан екенін түсініп, былай айтады: «Бұл Алла Тағаланың бұйрығы, ал сен - шайтансың. Сен маған не менің туғандарыма кесіріңді тигізе алмайсың». Ұялған шайтан ғайып болады. Шайтан таудың ішіне тығылып, сол жерден былай дауыстағаны келтірілген: «Әй, Исмаил, сенің қаның төгіледі, ал сенің қабірің менде болады». Мұны Исмаил (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) естіп, әкесіне айтады: «Әке, мына таудан әлдебір дауыстар шығады». «Шайтан айғайлап жатыр, көңіл аударма», - дейді Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын). Осылай, олар Бусейр тауына жетеді. Осы кезде жеті көктегі періштелер жылайды. Олар күңіреніп, былай айтады: «Субханалла! Бір пайғамбар екінші пайғамбарды бауыздауға әкетіп барады». Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) ұлына:

«Ұлым менің! Мен түсімде сені құрбандыққа шалып жатыр екенмін. Бұған не айтасың?» - дейді.

«Әкем менің! Алла Тағала саған мені бауыздауға бұйырды ма?» - деп сұрайды  Исмаил.

«Иә», - деп жауап береді әкесі. Вахб бин Мунаббих (ол кісіге Алла разы болсын) келесіні келтірген: Исмаил (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) қуана «иә», - деп жауап бергенде Ибрахим таңғала былай айтады: «Ұлым менің, мен сені бауыздаймын десем, сен қуаныштысың ғой». «Әкем менің! Мен неге қуанбайын? Менің жалғыз тілегім – Оның разылығы үшін сенің Досыңа қосылу. Осылайша мен оның мейіріміне бөленіп, Жұмаққа кіремін. Тіпті мен өмір бойы сынақтарда болатын болсам да, бұл патшалыққа жету маған оңай болмас еді. Енді мен онда оңай жетіп барамын. Әкем менің! Саған бұйырылғанды – жаса. Сенен ұлыңды құрбандыққа шалуыңды, ал менен өмірімді құрбандыққа шалуымды талап етуде. Тезірек міндетіңді орында. Менің жаным Досыңмен қосылуға асығуда. Әкем менің! Сені Намруд отқа тастағанда сен табандылық таныттың. Алла Тағала саған разы болды. Мені бауыздағанда, мен де табандылық танытамын. Мүмкін, Алла Тағала маған да разы болатын шығар. Сенімен айырылысып, Мен Жаратушыммен кездесемін. Дүние игілігінен айырылып, Жұмақ игілігіне кенелемін. Әкем менің! Тән ауыруы бір сәтте өте шығады, шыдауға болады.
Мен сен үшін ғана уайымдаймын, өйткені сен өз қолыңмен ұлыңды бауыздайсың әрі өміріңнің соңына дейін бұл қасірет кетпей, есіңде сақталатын болады. Әкем менің! Неге маған ертерек айтпадың, мен анаммен қоштасар едім. Біз бір-біріміздің мойнымызға асылып, жылап алар едік». «Сен не сенің анаң әлсіздік танытар деп қорықтым», - дейді Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын). «Әкем менің! Сенің батаңды алғаннан басқа менің өзге мақсатым жоқ. Сен жасаған жақсылыққа жақсылық жасау менің бақытымның кепілі. Сонымен қатар, бұл істе Алланың қалауы әрі Оның разылығы бар. Менің бірнеше тілегім бар, сен рұқсат етсең, соларды айтайын. Құрбандық шалғанда сол тілектерім есіңде болсын». «Айта ғой, менің бақытты ұлым!» - дейді әкесі. 

Бірінші, менің қол-аяғымды мына арқанмен қатты етіп байла, өліммен арпалысып жатып, бір нәрсе жасап қоймайын. Екінші, қасиетті киіміңнің етегін қайырып ал, шашыраған қанмен былғанып қалмасын. Үшінші, пышағыңды жақсылап қайрап ал, өмірден кетуім жеңіл болсын, ал сенің жұмысыңның тезірек орындалсын. Төртінші, пышағыңды тамағыма таяғанда, менің көздеріме қарама, әйтпесе әкелік мейірімің бұл істі жасамауға мәжбүрлейді». Оған әкесі: «Қандай мейірбан көмекші едің, ұлым менің!» - дейді.

Өлім алдындағы менің бесінші тілегім: бауыздардың алдында қан болып қалмас үшін менің жейдемді шешіп қой. Кейін анама жейдемді апарып бер де менен сәлем айт. Ол менің иісімді иіскеп жүрсін, жыламасын. Ол мен үшін қайғы жұтпасын. Анама былай айт: «Сенің ұлың Алла Тағалаға кетті әрі сенің шапағатшың болады. Қиямет күні Алладан ол басқа ешкім үшін емес, тек сен үшін сұрайтын болады. Алла Тағала оның шапағатын қабыл алады деген үміт бар», - дейді.

Менің алтыншы тілегім: менің жасымдағы баланы көргенде мені есіңе ал.
Осылайша, Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) ұлының жүрекжарды сөздерін естіп алады. Жылап-жылап көзінің жасы таусылады. «Йа, Раббым! Менің мосқал жасым үшін маған рақымыңды төге гөр, менің осы қиын жағдайымда маған аяушылық танытшы. Менің күнәларым үшін мені аямасаң да, менің күнәсіз ұлымды аяшы», - деп дұға етеді пайғамбар.

Осыдан кейін Исмаил (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) күнәсіз қолдарын көкке көтеріп, былай дұға жасайды: «Йа, Раббым! Осы азапқа шыдау үшін маған сабыр берші». Сосын Ибраһимге (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) қарап, былай айтады: «Әкем менің! Көріп тұрсың ба? Көктердің қақпалары ашылды, періштелер бізге тәнті болып, Жаратушының алдында сәжде жасауда», - дейді.

Жалғасы бар...

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: