Факих (ол кісіге Алланың рақымы болсын) өз иснадымен Суфьян бин Гуйанның (ол кісіге Алланың рақымы болсын )былай айтқанын келтірген:
«Ғиса (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) көмекшілері-хавариттерге былай айтқан: «Уа, жердің тұзы, азғын амалдар жасамаңдар, егер бір нәрсе бүлінетін болса, ол тек тұздың көмегімен ғана реттеледі. Ал егер тұз бұзылса, оны ештеме де реттей алмайды. Уа, хавариттер, өздерің оқытатындрдан сый алмаңдар, бірақ мен сияқты жасаңдар. Біліңдер, надандық пен күлкіден сендерді екі нәрсе ерекшелендіреді. Бірінші ерекшелік — мағынасыз күлкі, екіншісі — таңсәріде соң ұйықтау».
Факих (ол кісіге Алланың рақымы болсын) былай айтқан: «Ғисаның (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) «жердің тұзы» деп айтқаны ғалымдар, өйткені тек қана ғалымдар адамдардың қателіктерін түзетіп, ақиретке жолды көрсетеді. Егер ақиретке апаратын жолдан ғалымдар таятын болса, онда кім тура жолды көрсетіп, надандар кімнің соңынан ілесетін болады? Ғиса пайғамбардың (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) мына сөзінің: «Өздерің оқытатындардан сый алмаңдар, бірақ мен сияқты жасаңдар» - мағынасы, асылында, былай: ғалымдар — бұл пайғамбарлардың мұрагерлері, олар адамдарды сый алмай-ақ, пайғамбарлар қалай оқытса солай оқытады. Бұл жөнінде Алла Тағала былай айтқан:
«Айт: сендерді оқытқаным үшін жақындарыңа достық қатынаста болудан басқа ештеме сұрамаймын».
Сондай-ақ, Алла Тағала айтқан:
«Алладан келетін сыйлықтан басқа сыйлығым жоқ».
Ғалымдар пайғамбарларға ұқсап оқытқаны үшін сый сұрамауы қажет. Ғисаның (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) «мағынасыз күлкі» дегені арсыз, надандардың амалы болып табылатын қатты күлкіні білдіреді. Ал «таңсәрідегі ұйқы» сөзіне келер болсақ: түнді ұйқысыз өткізіп, таңсәріде ұйықтау ақымақтардың ісі болып табылады дегенді білдіреді».
Біздің сүйікті Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқан: «Күннің басталуындағы ұйқы — ақымқтық, күннің ортасындағы ұйқы — игі қасиет, ал күннің соңындағы ұйқы - білмегендік, яғни, надандық».
Факих өз иснадымен Ибн Ғұмардың (ол кісіге Алла разы болсын) былай айтқанын келтірген: «Бір күні Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мешітке кіргенде өзара сөйлесіп, күліп отырған адамдарды көреді. Сонда адамзаттың асылы (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тоқтап олармен амандасып, былай дейді: «Өмірдің ләззатын бұзатынды жиі еске алыңдар». Адамдар: «Ләззатты бұзатын не?», - деп сұрайды. «Өлім», - деп жауап береді Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын). Ол екінші мәрте тағы да күліп отырғандарды көреді де былай айтады: «Ақылдырақ болыңдар! Менің жанымның Иесімен ант етемін, менің білетінімді сендер білсеңдер, күлудің орнына, жылайтын едіңдер».
Факих (ол кісіге Алланың рақымы болсын) өз иснадымен Исхак бин Мансұрдың (ол кісіге Алланың рақымы болсын) былай айтқанын келтірген: «Хизр Мұсадан (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) кетерінде оған мынадай өсиет айтып кетеді: «Уа, Мұса, зиян келтіруден сақ бол, мақсатсыз болма, мағынасыз күлме әрі күнәһарлардың күнәсіне таңғалма. (Кейбір риуаяттарда былай айтылған: «Күнәһарлардың қателіктері үшін ашуланба».) Уа, Ибн Ғимран, күнәларың үшін жыла».
Жағфар Масғұдтан, ал ол Ғауфа бин Ғабдулладан келтірген: «Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) күлмеген, тек күлімсіреген». Бұл риуаятта күлімсіреу рұқсат етілген (мұбах) амал, ал қатты күлу – тыйым салынған болып саналатындығына дәлел бар. Ақылды адам қатты күлмейді, өйткені бұл дүниеде қатты күлген адам, о дүниеде қатты жылайтын болады. Бұл дүниеде көп күлетін адам қандай болып табылады? Ақиретте оны не күтіп тұр? Ақиқатында, Алла Тағала Қасиетті Құранда былай айтқан:
«Енді олар, істегендерінің салдарынан аз күлсін, көп жыласын» (9:82).
Рабиг бин Хайсам былай айтқан: «Бұл дүниеде аз күліп, жасаған зұлымдықтарының өтеуі үшін ақиретте көп жыласын».
"Танбихул ғафилин" кітабынан.