«Дін» сөзінің аясы кең, ұғымы ұлы. Ол Құдайға құлдық ұрып, тек құлшылықтан бас көтермеу дегенді білдірмейді. Дін – өмір сүрудің үздік үлгісі, екі дүние бақытына жетелейтін жол. Сондықтан да діни ахуал кім-кімді болсын елең еткізбей қоймайтын аса маңызды мәселе.
Осыған орай, Жамбыл облысындағы діни ахуалмен танысу, оның жай-күйін білу мақсатында Тараз шаһарына ҚР Президент әкімшілігі Ішкі саясат бөлімі мемлекеттік конфессияаралық байланыс секторының меңгерушісі Ғалым Шойкин арнайы келді.
Қазақстан Республикасының дін саласындағы саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасының басым бағыттарын талқылауға арналған семинар өтті. Аталған жиынға Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, Жамбыл облысы Дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров, облыстағы қала, аудан әкімшіліктерінің өкілдері, дін өкілдері, қала және аудан имамдары қатысты.
Аталған іс-шарада ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы өкілі, "Һибатулла Тарази" мешітінің бас имамы Данияр қажы Жұмабаев сөз сөйлеп, Жамбыл облысының діни ахуалы, дін саласында атқарылып жатқан жұмыстар легі, діни білім мен түрлі бағыттағы іс-шаралар жайлы тілге тиек етті.
Семинарда толықтырулар енгізіліп жатқан дін туралы заң аясы түсіндіріліп, жоспарлар талқыға салынды. Қатысушыларға біраз мағұлматтар жеткізіліп, пікірлер тыңдалды.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА,
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі.