Осман ибн Аффан (р.а) өмір сүрген заманда бір әйел тұрмысқа шығады. Сөйтіп қосылғанына алты ай өткеннен кейін ол балалы болады.
Әдетте, әйелдер баланы тоғыз ай, тоғыз күн көтереді. Кейде тоғыз айға толмай жетінші айда да босанатындар бар. Адамдар әлгі әйел жайында жаман ойға кетіп, еріне адалдық танытпады деп, тұрмысқа дейін бір жағдай болған-ау деп өздері іштей топшылайды.
Жағдайдың ақ-қарасын ажырату үшін адамдар бұл әйелдің жағдайын халифаға жеткізбек болады. Ол кездегі халифа – әділ басшы Осман ибн Аффан (р.а) еді. Олар Османға (р.а) орын алған оқиғаны баяндап береді. Османның (р.а) қасында Әли (р.а) отырған болатын. Мәселенің мән-жайын естіген Әли (р.а) оларға:
– Бұл себеп үшін ол әйел туралы жаман ойламаңыздар және оны кінәламаңыздар. Бұл оның ерінен туылған бала – деді.
Әлгі кісілер бұл сөздерге таңырқап:
– Сонда бұл қалай болғаны? – деп түсінбестік танытты.
Ұшқыр ойлы Әли (р.а) оларға:
– Алла Тағала Құранда: «...Сондай-ақ оған жүктілігі мен, емізу уақыты біткенге шейін отыз ай...» («Ахқаф» сүресі, 15-аят), (яғни, әйелдің жүктілігінің басталғанынан баланы босанып, оны емшектен шығарғанға шейін 30 ай уақыт кетеді) деген. Сонымен қатар: «...Аналар, балаларын толық екі жыл емізеді...» («Бақара» сүресі, 233-аят) деген (яғни, әйел адам баласын босанғаннан кейін емшектен шыққанша толық екі жыл емізеді). Енді есептеңіз, екі жыл 24 айға тең, ал бірінші аяттағы жүктілік пен емізу уақыты 30 ай екені айтылған. Егер отыз айдың 24 айы емізу уақыты болса, онда жүктілік ең азында алты ай бола алады.», – деп жауап берген екен.
Ummet.kz