Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
- § «Алла Тағала үшін халалдың ең жағымсызы – талақ»
Неке ол – қасиетті парыз. Құран аяттарының бірінде адамзат шежіресі жайында былай делінеді: «Әй, Адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ, бір-бірлеріңді тануларың үшін сендерді ұлттар мен руларға бөлдік. Шынында Алланың құзырында ең құрметтілерің – ең тақуалыларың. Алла шексіз білім иесі, бәрінен хабардар».
Сонымен қатар Құранда Алла Тағала "Зәрият" сүресінің 49-аятында: «Біз әр нәрсені жұп-жұбымен жараттық, бәлкім ойланарсыңдар», – дей отырып, жалғыздықтың тек Аллаға тән, ал өзге жаратылыстардың тағдырына жұптаса тіршілік ету тән екендігіне назар аудартады. Әрбір ата-ана шыбын жанын шүберекке түйіп, баласын аялап өсіреді. Қайсыбір әке-шеше баласының біреуі ер жетіп, біреуі бойжеткенде ақ некеге тұрып, шаңырақ көтеруін армандайтыны даусыз. Шариғатымызда неке ұлы сауаптарға жетелейтін ғибадат саналады.
Ибн Хуммам (р.а.): «Неке ғибадатқа етене жақын. Үйлену – құлшылық үшін бойдақ қалудан әлде қайда жоғары», – деген. Қоғамның негізі – жанұя. Жанұясыз ешбір қоғамды елестету мүмкін емес. Әке мен шеше ол жанұяның қос қазығы. Ал, бала оның – келешегі. Қос қазықтың біреуі суырылса отау жарым-жарты болып, бала жетім қалмақ. Асыл дініміз Ислам ақыл тоқтатқан жастарды харам іс-әрекеттерден тыю үшін тезірек үйлі болуларын үгіттейді. Бұл көркем дініміздің негізгі талаптарының бірі. Желіккен жастарды ізгілікке шақыратын шариғат талаптарының құндылығы осында болса керек.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жағдайы жеткен әрбір мұсылманның ертерек түтін түтетуін бұйырады. Оған көптеген құдси хадистерден қанықпыз. Бір хадисінде үйленіңдер, көбейіңіздер қиямет күні мен үмбетімнің көптігімен мақтанамын десе, енді бірде кімде-кім үйленуге қарсы болса, ол біздің топтан еместігін айтқан. Демек, Ислам әр уақытта жастардың үйленіп, адал жолмен қосылып, отбасы болуын меңзейді. Дегенмен, соңғы кездері ақ некеге немқұрайлы қарайтындардың саны артып отыр. Алла алдында ақ некеге тұрып, көп ұзамай айырылысып жататындар саны артуда. Қазіргі таңда Алланың ұнатпайтыны, ал шайтанның қуанышы болған ажырасу етек жаюда. Ал, ұлын ұяға, қызын қияға қондырдым деп мауқын басқан ардақтыларымыз бірнеше уақыттан соң жарты жетім немересін құшақтап әжім шимайлаған көздерін сүртіп қала береді.
Өкінішке орай, елімізде отбасылық мәселелер белең алып барады. Тіпті ажырасуда шектен шыққан мемлекеттердің қатарынан ойып тұрып орын алатын жағдайға да түстік. BNews.kz веб-сайтының мәлімдеуінше, 2014 жылғы қаңтар-мамырда АХАТ органдарында 54,4 (56,7) мың неке тіркелгендігін айтқан Төраға: – Олардың саны 2013 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 6,0% азайды, бұл 2014 жылғы қаңтарда 2013 жылғы қаңтарға қарағанда актілерді кеш беру фактілерінің саны аз болуына байланысты болды. Бұл көрсеткішті 1000 адамға шаққандағы некенің жалпы коэффициенті 7,46 (8,05) құрады, – деп «Биылғы жарты жылдыққа 20,6 (20,5) мың ажырасулар тіркеліп, олардың саны 0,2% көбейді. 1000 адамға шаққандағы ажырасудың жалпы коэффициенті 2,88 (2,92) құрады» деді.
Ал Ұлыбританияның беделді басылымы The Economist жариялаған соңғы «Әлем статистикасында» Қазақстан ажырасудан 10-орында тұр. Мұндағы дерек бойынша, мың адамға шаққанда Қазақстандағы ажырсу көрсеткіші – 2,7. Бірақ Қазақстан үйлену жағынан да алдыңғы ондықтың ішінде, яғни 9-орын. Мың адамға шаққанда үйлену көрсеткіші де соғұрлым жоғары – 9,7. Ажырасудан бірінші орында 5,3 көрсеткішімен АҚШ иелігіндегі Гуам аралы тұр. 4,7 көрсеткішімен Ресей – екінші; 4,1 көрсеткішімен Беларусь үшінші орында. Қазақстанның көршісі Қырғызстан бұл тізімде 48-орыннан көрінеді. Бұл елде мың адамға шаққандағы ажырсу көрсеткіші – 1,7. Ал Қытайдікі – 1,8.
2015 жылдың қаңтар айында Қазақстан Ұлттық экономика министрлігі статистика комитеті мамандары таратқан дерек бойынша, 2014 жылғы қаңтар-қарашада АХАТ органдары 147 мың 300 неке қию туралы акті жазбасын жасаған. Тура осы уақыт аралығында 48,4 мың ерлі-зайыпты ажырасуға өтініш берген. 2013 жылмен салыстырғанда 2014 жылы ажырасу 2,3 пайызға өскен.
Ата-бабамыздың дәуірінде тұрмысқа шыққан қызға тастай батып, судай сің деген ұғымды берік ұстанып келді. Ажырасу мәселесінің шеті көрінсе, күллі алаш боп дүркіреуші еді, жауар күндей күркіреуші еді еді. Алайда дәтке уақ, жыртыққа жамау болып, отбасын берік сақтайтын тәрбие кенже қалуда. Некенің бұзылғанын есту таңғаларлық жайт емес бүгін де. Көпке топырақ шашудан аулақпын, дегенмен, «ақ неке», «адал жар» ұғымдары маңызын жоғалтып, тіпті «талақ» сөзі жүректі ауыртпай, межеуге келмей, еркін айта салатын құрғақ сөзге айналғандай.
Бұл мәселе көбіне жастар арасында өзіне шаң жұқтырмауда. Діннен ілімі болмаса да хабары бар жастардың өзі осы әрекетімен тұнықты ластауда. Тіпті әйелі жүкті кезінде 3 талақ беріп, басқасымен бас қосып жатқандары да жоқ емес-ті. Ал, арадағы мерзім, талақтан кейінгі қарым-қатынас шариғат бойынша сақталуда ма? Қыры мен сыры мол көркем дінімізді шолақ түсініп, бір амалымен сауап алса, екінші әрекетімен елді дүрліктіріп жатқан жаға ұстар жағдайлар жетерлік. Ислам иман, амал және әдеп-ахлақпен түгел болмақ. Алайда иман мен амал баршылық болғанымен, әдептің төмендігінен жұрт қоғамға имене қарауда. Тонаға тұйық тон терісінде жатқан бұқара халықты бұл жайт налытқанымен, Алланың ашуына ұшырауымыз мүмкін емес пе?
Мұсылман құқығы талақ үкімін жанұяны бұзу үшін емес, қайта жанұяның беріктігі үшін қолданады. Яғни, жұбайлардың үйленбестен бұрын жіберген қателігін немесе жанұя болғаннан кейінгі қателікті түзету үшін талақ үкімі жүзеге асырылады. Сонымен бірге, «талақ» үкімі арқылы тараптар кеште болса өздерінің қателіктерін түзетіп, яғни ажырасып, психологиялық немесе материалдық тұрғыда өзіне тең жар табуға мүмкіндік алады. Талақ – араб тілінен аударғанда «Әйелімен ажырасу, некені бұзу» деген мағынаға ие. Ислам дінінде талақ ету тізгінін ер кісіге берген. Оның 2 себебі бар. Біріншіден егер талақ ету мүмкіндігі әйелге берілетін болса, онда ажырасулар көбейіп кетер еді. Өйткені, әйел өте сезімтал келеді. Ол ашуланып, ренжісе де күйеуін талақ етуі мүмкін. Оның үстіне талақ үш мәрте беріледі. Егер әйелге берілсе ол осы үш мүмкіндігін бір сәтте орындап жіберуі ықтимал. Тіпті күйеуі нашар, өзі аса сезімтал болса күнде талақ етуі мүмкін. Екіншіден, отбасының дүниелік жүгі ердің мойнына артылғандықтан, ол талақ мәселесінде аяғын аңдап басуға мәжбүр.
Жаратқан адамдарға рұқсат еткен амалдардың ішінде жұбайлардың ажырасуын, мұсылман отбасының ойран болуын жек көреді. Оған Абдулла ибн Омардан (р.а.) жеткен риуаятта Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Алла Тағала үшін халалдың ең жағымсызы – талақ» – дегені нақты дәлел.
Ислам дінінде ері әйеліне неке кезінде немесе одан кейін де талақ ету мүмкіндігін беруіне де болады. Исламнан бұрын арабтар әйелдерін қалаған кезде талақ етіп, қалаған кезінде қайта алатын. Отау құруды, шаңырақ көтеруді ойыншыққа айналдырған осы әрекеттеріне Хақ дін тыйым салып, үш талақпен шектеген. Оның өз шарттары бар. Шариғат талабы бойынша «талақ» арасына белгілі бір уақыт (төрт ай, он күн) салып үш рет айтылуы тиіс. «Талақ» сөзін 3 рет қайталаған ер адамның некесі бұзылады. Талақ ететін ердің ақыл-есі түзу және ояу болуы керек. Талақ етілген әйел«ғиддат» мерзімінде, яғни 3 ай бойы ерінің немесе ата-анасының үйінде тұруы керек. Бұл 3 айда ері айтқанынан қайтып әйелімен отбасылық өмірді қайта бастауы мүмкін.
Әйел адамда мұндай құқық жоқ. 3 айдан кейін әйел некесі бұзылып, бойдақ саналады. Әйел адам басқа ер адаммен некесін қиса, онымен некесін бұзып, ғиддат мерзімін өтегеннен кейін алғашқы күйеуімен қайта некелесуіне болады. Талақтан кейін 3 ай көлемінде әйел ешкіммен некесін қия алмайды. Баланың әкесі кім екенін анықтағанда шатаспау мақсатында істелген. Ажырасқаннан кейін ері әйеліне сый немесе ақшалай өтемақы жасауы тиіс. Егер арасында 2 жасқа толмаған баласы болса, онда ер адам әйеліне бағу, тамақтандыру ақысын береді. Негізі баласы кәмелеттік жасқа толғанша әкесі көмек беруі керек. Әкесі қызының тұрмыс құрып, материалдық жауапкершілік күйеу баласының мойнына артылғанға дейін өтемақысын төлейді.
Бұл үкімді әділетсіздіктің алдын алу үшін емес, жеңіл ойдың, сауатсыздықтың жетегінде бүгін де аузы алты қарыс адамдар бас пайдасы үшін іске асыруда. Аталмыш жағдай қоғамға зиянын тигізбесе, пайдасы жоғы хақ. Екі ортада екі отбасындағы ата-аналар арасында реніш пайда болғанымен қоймай одан сорақысы кішкентай жүрегін қорқыныш қысып, зар қаққан бала дәл бір от басып алғандай шыр-шыр етеді. Әкесі я шешесі бар бола тұра жоқ болған кінәсіз бүлдіршіндер тартады бұның азабын.
Тайғақ кешсе, тағысын тайдырмаған, жағаласса жағасын жыртқызбаған, болашағын Исламмен сусындатып, әйеліне нағыз ерлерше қамқор болған бабаларымыздың салтын қор қылмай, мұсылманша сауатымызды тереңдетіп, ата дінімізді сыйлайық. Ат тұяғын тай басар демекші, бүгінгі жастар ақсап жатса, болашағымыз не болмақ?
Ақерке БЕКҚҰЛОВА