«Егер сені шайтан азғырса, Аллаға сиын, содан медет тіле. Шынын айтқанда Алла соның бәрін біліп, естіп тұрады» («Ағраф» 200 аят).
Алла Тағала сені де шайтанды жаратқан. Қан тамырларыңнан жол тапқан, санаңа кіріп намазға тұрғанда көңіліңді басқаға бұрып ниетіңді бұзуға және қайдағы жоқ нәрсені ойыңа салуға әрекеттенген шайтаннан құтылудың жолын таппасаң Аллаға сиын. Шайтан Алла Тағалаға: «...Мен сенің тура жолыңа көлденең тұрамын...» деп айтқан. («Ағраф» сүресі 16 аят). Бұл жерде шайтан: «Мен теріс жолдағылардың жолына немесе арақ, құмар ойын болған жерлерге отырамын» – демеді. Керісінше: «Мешіттердің алдына немесе мешіттердің ішінде адамдардың ізгі амалдарын жою үшін кіріп отырамын» – деді. Мұндай жағдайда не істейміз? Алла Тағала бізге жол көрсетіп:
«Егер сені шайтан азғырса, Аллаға сиын, содан медет тіле» – деген. («Ағраф» сүресі 200 аят .)
Алла Тағала шайтанға адам баласының қан тамырына, санасына кіріп жол табатын, оларды аздыратын қасиет беріп қойған. Құран оқып отырғаныңда шайтан келіп саған жаман ойлар салғанда «Ағузу биллаһи минаш шайтонир рожим» (Қуылған шайтаннан Аллаға сиынамын) деп айтсаң Алла Тағала сені оның азғындығынан құтқарады. Осы сөзді екі, үш рет айтумен сен шайтанға қайдан келгенін, оның жаратылысының неден болғанын, не үшін қуылғанын есіне салып қоясың. Осыны естіген шайтан:
«Мына адам шынайы мүмін, зерек, Алланың панасындағы салих бір құл екен. Мұндай адамға мен үшін жол жоқ, азғырудан әлсізбін» – дейді екен.
Әлбетте, пенде болған соң шайтан бізді азғырады. Ал, одан сақтану үшін Алладан дұға етуіміз керек.
Имам Абу Ханифадан бір бала келіп: «Мен заттарымды бір жерге көміп кетіп едім, қайта айналып келгенде сол жерді таппай қалдым, соны болатын жолы бар ма?» – деп сұрайды. Абу Ханифа: «Ей балам! Ондайды білуге еш білімнің қажеті жоқ. Бірақ бір қулығын айтайын саған. Түн ортасында тұрып, дәретпен екі бас намаз оқы. Алла тағала сол кезде саған жоғалған заттарыңның қайда жатқанын айтып беретін өзінің бір әскерлерін жібереді» –деді.
Абу Ханифа таң намазын оқып болған кезде әлгі бала қуанышпен ұлық имамның алдына келіп: «Ия Имам! Заттарымды таптым» – деді. Абу Ханифа оның қуанышына риза болып: «Алла атымен ант етемін. Шайтан түнде сенің Алламен жеке қалуыңды қаламай саған жоғалған заттарыңның қайда жатқанын хабарлау үшін асығып келген екен» деді. Осыдан біз шайтанның адам баласының құлшылық есіктерін қалай ашып алатынын білеміз.
Ғалымбек Төлегенұлы ЖАПЕК,
«Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы.