Хазіреті Малик бин Динар (р.а.) былай дейді: Бір жылы қажылыққа бара жатқан едім. Елсіз далада аузында наны бар құстың бір жерге қонып ұшып кеткенін кейін тағы нан әкеліп, қайта ұшып кеткенін көрдім.
Құстың бұл әрекеті қайталана берді. Менің бұған назарым ауып, құстың қонып жатқан жеріне бардым. Қарасам бір шұңқырда аяқ-қолы байлаулы кісі жатқан екен. Оны босатып, не болғанын сұрадым.
Ол кісі былай деді: «Мен де сен секілді қажылыққа бара жатқан едім. Жолда бізді қарақшылар тонап, мені байлап осында тастап кетті. Менің бұл жерде екенімді ешкім білмейтін еді. Менің өлген жерім осы екен деп ойлай бастадым. Осы шарасыз күйде Алла Тағалаға «Йа, Раббым, сен барлық нәрседен хабардарсың. Мен сенің үйіңді зиярат ету үшін жолға шыққан едім. Басыма осы пәлекет келді. Мені бұл жағдайдан құтқара гөр» деп жалбарынып, дұға еттім.
Дұға еткеннен кейін осы құс нан әкеліп аузыма тастай бастады. Қайдан алса да бір ыдыспен су әкеліп, кеудеме қонып, тұмсығымен ыдысты идіріп су ішкізді. Бірақ жерге қазыққа байлаулы болғандықтан құтыла алмаған едім. Аштықтан және сусыздықтан өлмей күтуде едім, сен келдің».