Қабір азабына душар ететін нәрселер

Қабір азабына душар ететін нәрселер

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Адамдар қабір азабына Алла тағаланы танымағандықтарынан, Оның бұйрықтарына көңіл аудармағандықтарынан және Ол тыйым салған күнәларға бой ұрғандықтарынан ұшырайды. Алла тағала Өзін таныған, сүйген, бұйрықтарына бойсұнып, қайтарғандарынан қашық жүрген рух пен тәнді ешқашан азаптамайды. Шын мәнінде, қабір азабы – Алланың пендесіне деген ашу-ызасының әсері болып табылатын Ақырет азаптарының бірі. Демек, кімде-кім бұл дүниеде Алланың қаһарына ұрынып, сосын тәубе қылмай өлсе, ол Алла тағаланың ашу-ызасы дәрежесінде барзах азабын тартады.

Сондай-ақ Пайғамбарымыз (с.а.с.) үмбетіне қабір азабына душар ететін нәрселерді ескертіп, олар жайында баяндап кеткен. Бұлар:

а) Өсек тарату және нәжістен тазаланбау

Бірде Пайғамбарымыз (с.а.с.) екі қабірдің қасынан өтіп бара жатып: «Расында, (мына) екеуі азапталып жатыр. (Бірақ) үлкен нәрсе себепті азапталып жатқан жоқ. (Бұл екеудің) бірі – адамдар арасында өсек таратып жүретін, ал екіншісі – зәрінен тазаланбайтын (болған)», – депті1.

ә) Ілім үйреніп, оған амал қылмау, парыз амалдарға көңіл бөлмеу, өтірік айту және зинақорлық пен өсімқорлық

Сондай-ақ Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Мен түнде маған екі кісінің келгенін көрдім. Ол екеуі мені қолымнан жетектеп, қасиетті жерге алып шықты. Қарасам, бір кісі отыр, қолында имек темірі бар бір кісі түрегеліп тұр. (Түрегеліп тұрған кісі) ол имек темірді (отырған адамның) езуіне желкесіне жеткенше кіргізеді. Сосын екінші езуін де солай етеді. (Сол аралықта) мына (жыртылған) езуі жазылады да, (оның езуіне) қайтадан әлгіндегідей істейді. Мен: «Бұл не?» – деп (сұрадым). Ол екеуі: «Алға жүр!» – деді. Біз ілгері жүріп, шалқасынан жатқан бір кісіге келдік, оның бас жағында дәу тасы (немесе жартастың бөлігі) бар бір кісі тұр. Ол (жатқан адамның) басының мылжа-мылжасын шығарады. Ол ұрғанда тас домалап кетеді, оны барып алып, қайтып келгенше ананың басы жазылып, қалпына келеді де, қайтадан басына ұрады. Мен: «Бұл кім?» – деп (сұрадым). Ол екеуі: «Алға жүр!» – деді. Біз алға жүріп тандырға ұқсас, аузы тар, табаны кең, астынан от жағылып жатқан бір шұңқырға бардық. (Шұңқырдағыларға от) жақындаса, олар шығуға шақ қалып жоғары көтеріледі де, бәсеңдегенде (орындарына) қайтады2.

Онда жалаңаш еркектер мен әйелдер бар еді. Мен: «Бұлар кім?» – деп (сұрадым). Ол екеуі: «Алға жүр», – деді. Біз алға жүріп бір қанды өзенге келдік. Оның ішінде бір кісі түрегеліп тұр, ал өзеннің ортасында (немесе «өзен жағасында» деп те айтылған) алдында тастар бар, өзендегі кісіге қарсы қараған бір кісі тұрды. (Өзендегі) сыртқа шыққысы келсе, (әлгі) кісі оның аузына тас лақтырып, бұрынғы орнына қайтарады. Сөйтіп, (өзеннен) шығу үшін келген сайын, аузына тас лақтырады да, ол бұрынғы орнына қайтады.

Мен: «Бұл не?» – деп (сұрадым). Ол екеуі: «Алға жүр!» – деді. Біз ілгері жүріп, жасыл баққа келіп кірдік. Оның ішінде бір зәулім ағаш бар екен, түбінде бір қария мен жас балалар отыр. Қарасам, ағашқа таяу жерде қарсы алдында от жағып бір кісі отыр. Сөйтіп, ол екеуі мені алып ағашты бойлап көтеріліп, бір үйге кіргізді, одан әдемі (үйді) бұрын-соңды көрген емеспін, оның ішінде қарт кісілер, жас жігіттер, әйелдер мен балалар бар еді.

Сосын ол екеуі мені одан шығарды да, ағаш бойымен (тағы да) жоғары көтеріліп, (басқа) бір үйге кіргізді, ол (алдыңғыдан) әдемірек әрі жақсырақ еді, онда қарттар мен жас жігіттер бар екен. Мен: «Сен екеуің мені түн бойы өздеріңмен алып жүрдіңдер, енді көргендерім туралы айтып беріңдер», – дедім. Ол екеуі: «Иә. Сен көрген езуі жыртылып жатқан – жалған сөйлеп, (өтірігі) жан-жаққа тарайтын өтірікші, енді өзің көргеніңдей Қиямет күніне дейін оған солай істеледі. Ал сен көрген басы мылжаланып жатқан – Алла Құран үйреткенмен, түнді ұйқымен өткізіп, күндіз оған амал қылмаған кісі, енді Қиямет күніне дейін оған солай істеледі. Сен шұңқыр ішінен көргендер – зинақорлар, өзендегі көргенің – өсімқорлар.

Ағаш түбіндегі қария – Ибраһим (аләйһис-сәләм), оның айналасындағы балалар – адамдардың (жастай шетінеген) балалары, от жағып отырған – тозақтың сақшысы Мәлік. Сен кірген бірінші үй – жалпы мүміндердің үйі, ал мына үй – шәһидтердің үйі. Мен – Жәбірейілмін, мынау – Микаил. Енді басыңды көтер», – деді. Басымды көтерсем, төбемде бұлт секілді (бір орын) тұр екен. Ол екеуі: «Бұл – сенің (жаннаттағы) мекенің», – деді. Мен: «Мені жіберіңдерші, мекеніме кірейін», – деген едім, олар: «Расында, сенің әлі аяқталмаған өмірің қалған. Қашан оны аяғына жеткізсең, мекеніңе келесің», – деді», – деген1.

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) баяндаған бұл түсі, біз жеңіл-желпіге санап, аса мән бермейтін қателіктеріміздің Ақыреттегі азабының қаншалықты ауыр болатындығын көрсетеді. Айту – парыз, ал сақтану – пенденің еркі. Пенде тілін тыйып, нәпсісін тежеп, құлқынына құлып салмайынша, «Алла сақтасын» деп айта салған құр сөз, қу шөппен ауыз сүрткендей болмақ. Соқырға таяқ ұстатқандай еткен Алла елшісінің (с.а.с.) бұл хадисінен артық бізге қандай ескерту керек!?

б) Ғайбат айту және қарақшылық жасау

Әнәс ибн Мәликтен (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Миғражға көтерілгенімде жез, темір тырнақты адамдардың тұсынан өттім. Олар беттері мен кеуделерін тырнап жатыр екен. Мен: «Ей, Жәбірейіл! Олар кімдер?» – дедім. (Жәбірейіл): «Олар – адамдардың еттерін жеушілер2 және мал-мүліктерін тартып алушылар», – деді», – деген3.

в) Харам нәрселерді тұтыну және жетімнің ақысын жеу

Миғраж туралы әңгімелеген, Әбу Сағид әл-Худриден риуаят етілген көлемді хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Содан біраз жүрген соң жаңадан піскен дәмді жас ет қойылған дастарқан көрдім. (Бірақ) оған ешкім жақындамайды. Ал басқа бір

 

дастарқанда тұрып қалған, иістенген еттер бар екен. Оны бір адамдар жеп жатыр. Мен: «Ей, Жәбірейіл! Олар кімдер?» – дедім. (Жәбірейіл): «Олар – үмбетіңнен халал тұрып, харамға бас қойғандар», – деп айтты», – деген.

Осы хадистің жалғасында: «Содан сәл ілгері жүріп, еріндері түйенің еріндеріндей, ауыздарын ашып тас жұтып, ол (тастары) арттарынан шығып жатқан адамдарды көрдім. Аллаға жалбарынып байбалам салғандарын естідім. Мен: «Ей, Жәбірейіл! Олар кімдер?» – дедім. (Жәбірейіл): «Олар – үмбетіңнен жетімдердің мал-мүлкін жеушілер», – деп айтты», – делінген. Сосын Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Әлбетте, жетімдердің мал-дүниелерін зұлымдықпен жегендер, олар қарындарын отпен толтырған болады. Сондай-ақ олар жалындаған тозақ отына кіреді»1, – деген аятты оқыған.

г) Мал-дүниесі бола тұра, садақа бермеу, аманатқа жеңіл қарау және аңдамай сөйлеу

Сондай-ақ Пайғамбарымыздың (с.а.с.) Миғраж сапары барысында көрген жайттары жайлы Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте: «Сосын алдарында және арттарында мүйіздері бар бір адамдарға келді. Олар мал секілді үркеді. Олар дариғ3, заққум4 және жаһаннам мен оның тастарынан шоқтар жейді. Мен: «Ей, Жәбірейіл! Мыналар кім?» – дедім. (Жәбірейіл): «Бұлар – мал-дүниелерінің садақаларын бермеушілер», – деді. Алла тағала оларға ешқандай да зұлымдық жасаған жоқ. Алла пенделерге зұлымдық жасаушы емес», – делінген.

Осы хадистің жалғасында Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Сосын көп мүлік жинап, оны көтере алмаса да, үстіне тағы қосып (алып) жатқан бір адамның тұсынан өттік. Мен: «Ей, Жәбірейіл! Бұл кім?» – дедім. (Жәбірейіл): «Бұл – үмбетіңдегі өзіндегі аманатты өтемей тұрып, үстіне (аманат) қосып алатын адам», – деп айтты», – дейді.

Әрі қарай хадисте: «Содан соң бір кішкене інді кездестірдік. Одан үлкен өгіз шықты. Ол өгіз шыққан жеріне қайта кіргісі келеді, бірақ кіре алмайды. Мен: «Ей, Жәбірейіл! Бұл кім?» – дедім. (Жәбірейіл): «Бұл – аңдамай бір сөз сөйлеп, кейін оған опық жейтін және қайтарып ала алмайтын бір кісі», – деп айтты», – делінген1.

Жоғарыдағылармен қатар, қабір азабына душар ететін іс-әрекеттерге: жалған куәлік беру, адал адамды қаралау, бүлікке араласу, бидғатқа бастау, Алла және Оның елшісіне (с.а.с.) қатысты өзі білмейтін нәрсені айту, парақорлық, араққұмарлық, ұрлық, қиянат, алдау-арбау, қулық-сұмдық, Алланың тыйым салғанына рұқсат беру, Алла тағаланың міндеттегендерінен бас тарту үшін және Оның тыйым салғандарына қол ұру үшін айла-шарғы істеу, мұсылмандарға азар беру, олардың айыптарын ашу, Құран үкімдеріне жүгінбеу, Алланың шариғатына сүйенбей пәтуа беру, күнәкарлыққа және дұшпандыққа жәрдемші болу, нақақтан кісі өлтіру, қабірлерге табыну, зұлымдық, тәкаппарлық, риякерлік, бақсы-балгерлерге сену, дүние үшін дінін сату және т.б. жатады.

Қорыта айтқанда, кез келген күнә қабір азабына себепші болатынын жадымызда сақтағанымыз жөн.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: