Бір ауыз сөз…

Бір ауыз сөз…

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қазақ – дінін ардақтаған, дін насихатшысы – молдасын қадірлеген халық. Сондықтан болар, ел арасында «бұған молдекең не дейді екен?» деген сөз бен таным-түсінік кеңінен тараған.

Иманым – жиғаным деп түсінген жұртымыз қандай мәселе болсын, имаммен ақылдасып, шариғаттың үкімін басшылыққа алған. Соның айғағы болса керек, қазақ қоғамында имам рухани жетекші, ақылшы, данагөй данышпандардың рөлін атқарған, атқарып та келеді.

 Ауыл молдасынан хат таныған…

 Сәулелі тарихымызға зер салсақ, көшпелі халқымыз ауыл молдаларынан хат таныған, араб тілін үйренген, шариғатты түсінген. Ақын-жазушыларымыздың өмірбаяны баяндалған деректерде әуелі сөз басы «ауыл молдасынан хат таныған» деп басталады. Біз бұдан имам-молдалардың сол замандарда діни қызметтен бөлек, ұстаздық рөл атқарғанын жақсы білеміз.

Өнегелі өмір сүруге талпынған халқымыз ислам қағидалары мен құндылықтарын берік ұстанған. Игі дәстүр қазір де жалғасын тауып, жанданып келеді. Шыр етіп өмірге сәби келсе, әуелі молданы шақырып, құлағына азан шақыртып, есімін қоюы да тегін емес. «Ақиқа» құрбандығы (мұны дәстүрімізде «қалжа» дейді) шалынып, баланың амандығы мен игілігі үшін бата беріліп, дұға жасалады. Бұл – хазіреті пайғамбарымыз Мұхаммедтен (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) қалған сүннет. Осынау игі іс-шаралар молдекеңсіз өтсін бе? Оның басы-қасында тағы да имам жүреді.

Ұл мен қыздың ержетіп, бойжетіп, үлкен өмірге қадам басқан сәттерінің бірі – отау көтеріп, үй болу. Қазақта «ақ неке» деген ұғымы терең сөз бар. Некені пәктікке балаған халықпыз. Қыз бен жігіт сөз байласып, үйленуге ұйғарым жасаған соң, некелерін молдаға қидырған. Неке шарттарын түсіндіріп, исламдағы отбасы құндылығын уағыздап, бозбала мен бойжеткенді ерлі-зайыптылар ретінде жалпақ жұртқа жариялайтын тұлға тағы да – имам.

 Имам – психолог-кеңесші

 Өмір болған соң, отбасында келіспеушіліктер болатыны заңдылық. Көңіліне қаяу түскен жігіт немесе қыз жанашыр адамдардан ақыл-кеңес алады. Олардың қатарында имамдар да бар. Мешітімізге отбасылық мәселемен келетін адамдар көп. Имамдар отбасы ұйытқысы болған отағасына немесе үйдің жарасымы болған әйел қауымына психолог-кеңесші ретінде ақылымен, өмірлік тәжірибесімен бөліседі. Шаңырақ шаттығын сақтап қалуға өзінің үлкен үлесін қосады.

Түн жарымда ауырып-сырқап қалған адамдар да дем салу үшін, дұға жасау үшін, Құранмен емделу үшін имамдардың көмегіне жүгінеді. Имам шапанын сүйретіп, түн демей, күн демей, осылайша халыққа қызмет ете бермек. Алла бетін ары қылсын, түрлі ауруға шалдыққан (жын кіру, қатты шошыну, мазасыздық т.б.) кісілер де мешітке келіп, Құран оқытып, дертіне шипа тауып жатады. Жалпы айтқанда, халықтың күнделікті тыныс-тіршілігінде мешіт қызметкерінің алатын орны зор.

Құдайы астарда да төрдегі молда дұға жасап, уағыз айтады. Халықты имандылыққа үгіттейді. Мектеп оқушыларынан бастап, жоғары, орта оқу орындарында өткізілетін тәрбие сағаттарында имамдар белсенді дәріс жүргізіп келеді.

Өткен жолы бір жас жігітпен танысып, әңгімелесіп қалдым. Мешітке тек жұма намаздарына баратынын айтты. Емін-еркін әңгіме-дүкен құру барысында өзінің отбасылық жағдайын қозғай бастады. Әңгімесінен ұққанымыз, қаладағы туысқандарымен сөзге келіп, олармен біраздан бері араласпай жүрген көрінеді.

– Сөйтіп, бір күні мешітке бардым, – деп бастады сөзін әлгі жігіт. – Жұма уағызында имам туысқанмен қарым-қатынас туралы айтып жатыр екен. Уағыз арасында ағайынмен арадағы байланысты үзген пенденің о дүниедегі жағдайы туралы айтқанда денем шымырлап кетті. Пайғамбарымыздың хадисін келтірген имам: «Ақырет күніне сенген адам, туысқанымен байланысын үзбесін», – дегенде қателігімді түсініп, қатты өкіндім. Жұма намазын оқып болған соң, барлық жұмыс жоспарымды кейінге қалдырып, әлгі ренжісіп қалған туысқаныма тарта жөнелдім. Барып, кешірім сұрадым. Олар да аң-таң. Ал менің жаным жай тапқандай болды.

 Бүкіл өмірді өзгертетін бір сөз

 Міне, бұл бір адамның басындағы біз білетін жағдай. Имамның бір сөзі оның өмірін өзгертуге жеткілікті болды. Кейде қаншама дүниемен, ақшамен шеше алмайтын мәселелер болады. Жетесіне жеткізіліп айтылған бір сөз бүкіл мәселені шешіп жіберетіні жасырын емес. Алла Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Кімде кім адамдарды тура жолға шақыратын болса, ол адамның сауабы артынан ерген адамдардың сауабымен бірдей болады. Және олардың да сауабынан еш кемімейді!» –деп жақсылыққа шақырушы пендені сүйіншілеген.

Мәселен, темекі, арақ, нашақорлық секілді жат қылықтарды жою мақсатында қыруар ақшалар бөлініп жатады. Сол бөлінген қаражат бірде пайдалы, бірде біз ойлағандай болмай жатқан шығар. Бірақ адамдардың жүрегінен орын алған насихат оның жақсы өмірге қадам басуына тікелей әсер етпек. Әлгі жігіттің мысалы осыған дәлел. Осы тұрғыда имамдар, онда да сөзге шешен, уағызы өтімді имамдар ауадай қажет. Дін қызметкерінің бір насихаты жамандыққа тосқауыл бола алады.

Аллаға шүкір, бүгінде имамдарымыз отбасы берекесіне ұйытқы болып, барша жұртымыздың жүрегіне ізгілік дәнін сеуіп келеді. Кешегі молдалар мәртебесіне бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның имамдары да ие болуда. Осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ХХІ ғасыр имамының мәртебесін көтеру, олардың тұлғалық келбетін арттыру мақсатында елеулі іс-шараларды ұйымдастыруда.

Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен дін қызметкерлері арасында аттестациядан өткізу шаралары қолға алынды. Өйткені, технологиясы дамыған дәуірдің имамы да заман талабынан, уақыт ағымынан қалыс қалуға құқығы жоқ. Қоғамның қандай болуы имамға тікелей байланысты. Халықты жақсылыққа бастауда дін қызметкеріне артылған міндет зор. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Имам – басшы әрі қарамағындағы адамдарға жауапты», – деген. Имамдық – сауапты да жауапты қызмет.

 ХХІ ғасыр имамына жүктелген міндет

 2015 жылдың 19 ақпанында Елорда төрінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйытқы болуымен тұңғыш рет Бірінші республикалық имамдар форумы өтті. Бұл форумды өткізудегі мақсат – қоғамда имамның беделін арттыру, имамдық қызметтің жауапкершілігін түсіндіру, дін қызметкерінің тұлғалық бейнесін айқындау, халықты бірлік пен берекеге бастауда имамның рөлін арттыру және т.б.

Осынау игі әрі тарихи шарада мен де мінберде тұрып, бүкіл имамдар, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, депутаттар алдында баяндама жасау мүмкіндігіне ие болдым. Осы форумда «Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы қызметкерінің этикасы», «Имамның тұлғалық келбеті» секілді тарихи құжаттар қабылданды. Бұл құжаттың имамдарға берері мол. Имамдар форумы дін қызметкерлеріне заман талабына сай жұмыс істеуге үндеді.

Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы өз баяндамасында бүкіл имамдарға: «Пайғамбарымыздан бастау алған, әділетті мұсылман әміршілері – Әбу Бәкір, Омар, Османдар, одан бері Имам Ағзам мен оның шәкірттері жалғастырған имамдық қызмет – екі дүниенің абыройына бөлейтін сауапты да, жауапты міндет. Діни қызмет кешегі көшпелі қазақ топырағында да көрініс тапты. Дегдарлық пен бекзаттылық үлгісі болған дәстүрлі исламды уағыздаған Марал Ишан, Науан Хазрет, Сәдуақас Ғылмани сынды діни қайраткерлеріміз дініміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты.

Рухани тұлғаларымыздың бүгінгі жалғасы – осы отырған имамдарымыз бен ғалымдарымыз деп есептеймін. Жаңа заманның имам-молдалары ғаламтор, заманауи ақпарат алмасу және байланыс құралдарын жетік меңгеруі, шешендік өнер мен сөйлеу әдебін игеруі тиіс. 

Өзін жан-жақты дамытып, уағызды тарихымызбен сабақтастырып, салтымызбен ұштастырып, би-шешендеріміздің, ақын-жырауларымыздың салиқалы сөздерімен үйлестіріп айтуы қажет», – деп үндеу тастады.

Біздер, дін қызметкерлері, осынау талап-тілек деңгейінен көрініп, халықты имандылыққа ұйытуда талмай қызмет етуден әсте жалықпауымыз қажет деп есептейміз.

Батыржан МАНСҰРОВ

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: